Мәдениет және өнер

Батухан Баймен: «СУРЕТТІ ЛӘЗЗАТ АЛУ ҮШІН САЛАМЫН»

А.Пушкин атындағы кітапханада «Уақытпен үндескен өнер» атты шығармашылық кеш өтті. Бұл кеш Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, ҚР Көркем Академиясының, Түркі әлемі Суретшілер Академиясының академигі Батухан Байменнің 70 жасқа толған мерейтойына арналды. Көрмеге қылқалам шеберінің үзеңгілес достары, танымал суретшілер, өнер майталмандары арнайы келіп қатысып, жүрекжарды тілектерін айтты.

Есімі елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де әйгілі, көркем сурет әлемінде графикалық жанрды жаңғыртып жүрген саусақпен санарлық суретшінің бірі Батухан Байменді газетіміздің оқырмандарына жақынырақ таныстыру үшін орайын тауып онымен сұхбаттастық.

– Батухан Әбдікерімұлы, сіздің шығармашылық көрмелеріңіз Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Түркия, Ресей, Германия, Кипр сияқты мемлекеттерде зор табыспен өткенін білеміз. Шетелдік білгір мамандар өнерін жоғары бағалаған суретшінің жерлесіміз екенін көп адам біле бермесе керек…
– Иә, мен осы Оңтүстік өңірінің тумасымын. Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Абай ауылында көпбалалы отбасында туып-өстім. Суретшілік өнер маған анам Қанымкүлден жұғысты болды деп ойлаймын. Анама кілем тоқып, киіз басатын үйдің адамдары арнайы келіп ою салып беруін өтініп жататын. Киім пішіп, көйлек-көншек тігумен де ардақты болды. Қыз-келіншектерге алаша, кілем тоқуды, киіз басуды үйрететін қас шебер еді. Ауыл жұрты анамның атын әлі күнге мақтанышпен еске алады. Өз перзенттерім, немерелерім де сурет салу, ою кескіндеуден қиналмайды. Қанмен келген қасиет бәрібір даритыны анық қой.

– Салған суреттеріңізге қарағанда көбіне көшпенділер тақырыбына қалам тербейтін сияқтысыз. Стиліңіз ерекше. Графиканың линогравюра түрін мықтап меңгеріпсіз. Оның шығындары, қиындықтары да аз емес сияқты…
–Шымкент педагогика институтының көркем-графика факультетін бітіргенмін. Біздің мамандық тек сурет салумен шектелмейді, әдебиетті, әсіресе тарихты жақсы білуге үндейді. Ел мен жер тарихы, мәдениеті, ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық дәстүрлер – мені қатты қызықтыратын тақырыптар. Қоғамдық оқиғалардан хабардар болуға да дәйім уақыт табамын. Онсыз болмайды. Оларға деген менің көзқарасым суретпен баяндалады. Графикалық картиналар арқылы баға беремін.  

Линогравюраға дейін графиканың офорт, ксилография деген түрлері, ағаштың бетін ойып басатын түрлері болған. Линогравюра – графиканың ең кейінгі шыққан түрі, атауы линолеумға байланысты, осы материал пайда болғасын суретшілер гравюраны салуға ағаштың орнына линолеумді қолданған. Дегенмен линографиямен айналысатындар бүгінде картинаны шағын форматта жасайтын болды. КСРО кезінде немістер шығарған екі қабатты сапалы линолеумдар болған, негізінен сол қолданылатын. Бүгінде олар жоқ. Қазір Түркия шығаратын линолеумдар қолайлы, бірақ олардың өзі де өзгеріп кетіп жатыр, табылуы өте қиын. Қазіргілердің астының құрамы бөлек, қағазы көп болады, оюға жарамайды.

Линогравюра жасарда алдымен эскиздерді қағазға сызып, сосын оны калькамен көшіріп алдын-ала әзірленген линолеумға басады. Сосын оны эскизге қарап отырып арнайы аспаппен ойып, сызады, кейін бояу жағып, қағазға басады. Бүгінде ондай үлкен өлшемдегі қағаздар болмағасын мен эскиздерді матаға басудамын. Оған кез келген мата жарай бермейді, көп эксперименттер жасауыма тура келді. Бұл жұмыста тәжірибенің бәрі осындай эксперименттермен, еңбекпен келеді.

Линогравюра жасағанда картиналардың санына емес, сапасына мән беремін. 8 метрлік жұмыстарда ішіне 100-200-дей «компановка» кетеді, оның бәрін санай бермеймін.

Бүгінде гравюраны 3 метрлік, 6, 8 метрлік форматтағы линолеумда ойып жатқан менен өзге ешкім жоқ десем болады. Үлкен өлшемдегі гравюраға «компановка» жасау, оның ішіне ойды кіргізу деген оңай емес, әрбір деталь оркестр сияқты құралып, бәрі біртұтас ой беріп тұруы керек. Көп еңбекті қажет етеді. Ойып шығу қиын. Штемпельдің мүмкіндігі шектеулі, қазіргі линолеумдар жұмсақ, жырылып, бүлініп қалады, кесілмейді. Линолеум бағалары 1 шаршы метріне 5-6 мың теңгенің төңірегінде, жұмыс кезінде артық кететіні, кесіп алып тастайтын жері болады, бүтіндей тура келе бермейді. Сондықтан жұмсалатын материалдардың шығыны көп. Мұндай жұмысты үй жағдайында жасау да мүмкін емес, шеберхана қажет.

Кәсіпқой суретші ретінде айтарым, линогравюрадағы ең қиыны  – эскизді ойлап шығару. Бір тақырыпқа үйлестіру үшін көп ойланып-толғану керек, іздену керек. Линогравюра ой әбден пісіп-жетілгесін барып жасалады.

–Жалпы, линогравюра салуға қай кезден бастап бет бұрдыңыз? Бұл салада ендірген жаңалықтарыңыз қандай?

–Институтта 5-курста жүргенде бізге сол кезде танымал суретші Темірхан Ордабеков сабақ берді. Өзі линогравюрамен айналысатын.  Диплом қорғар кезде маған: «Жұмыстарыңның бәрі жақсы, сенен жақсы график шығады, графикадан қорғағаның дұрыс болар», — деп кеңес берді. Солай болды да. Дипломдық жұмысты линогравюрадан өте жоғары бағада қорғадым. Жасаған линогравюраларым талай көрмелерде болды, өнертанушылар қызығып, жоғары баға берді. Менің ұстазым –Темірхан Ордабеков. Әлі күнге дейін қолдап, хабарласып тұрады.

Жалпы, линогравюра – өнердің шағын камералық түрі. Менің ендірген жаңалығымды Орта Азиядағы, шетелдердегі өнертанушылар түгелдей мойындап, оған «Монументальді графика» деген атау берді. Яғни линогравюраға монументальді графиканы ендірген адаммын. Эскиздерді матаға басуды қолданамын. Бір линолеумнан мұндай жұмыстарды ойып шығаруды бұған дейін әлемде ешкім де жасаған емес.

–Туындыларыңызды сатудан табыс тапқан кездеріңіз болды ма? Линогравюраның қазіргі құны қанша, оған сұраныс бар ма?

–Негізі суретшілер екі түрге бөлінеді. Салондық суретшілер – жұрттың сұранысын ескеріп, соларға қажетті сурет салады. Мен суретті өзім үшін, ләззат алу үшін саламын. Басты мақсатым – ішкі дүниемді көрсету. Негізі, линогравюраны табыс табу үшін істеу деген дұрыс емес. Әрине, уақыты келгенде оған сұраныс та болады, ол сатылады да.  Өткенде Түркиядағы іс-шараға барғанда барлық картиналарымды саттым. Кипрге барғанда да екіжақты келісім жасап, біразын ақшалай, біразын басқалай келісіп өткізген кезім болды. Ташкентте болғанда да бірер туындымды Үндістанның өнер мұражайы сатып алды. Жалпы, линогравюраны сатылымға шығаруға болады, дегенмен бір кесімді қойылған баға жоқ, екіжақты келісімге байланысты баға шығады. Кейде делдалдар әрекет жасап келістіреді. Суретші танымал болған сайын туындыларының сатылуы жеңілдейді. Дегенмен салғанын салғандай сатып алады деп айта алмаймын. Жалпы, линогравюраның шетелде болмаса біздің елде сатылуы қиын. Біздің көрермен әзірге ондай деңгейге жете қойған жоқ. Ол үшін халықтың әлеуметтік жағдайы, мәдениеті, талғамы көтерілуі керек.

–Линогравюра арқылы жұртқа нені жеткізгіңіз келеді? Композиция жасарда не нәрсеге басымдық бересіз?

–Суретші болу үшін көп кітап оқу керек. Әсіресе өз тарихымызды жете білмесек бәрі бекер. Біз тарихы терең, шумер заманынан бері қарай келе жатқан халықпыз, тарихымыз 5 мың жылдан асады. Бірақ тілден, діннен, тарихтан, әдет-ғұрыптан көп айырылып қалдық. Оның үстіне қазіргі көрермен бұрынғы көрермен емес, гравюраны солардың талғамына лайықтап жасаймыз. Ол көп еңбекті, шыдамдылықты қажет етеді. Мен көрерменге негізі ойларымды картинаға толық салып бірден бермеймін, оның өзі де ой қорытуына мүмкіндік қалдырамын. Картинаға қарап тұрып ол бейнеленген процестің бір бөлшегіне айналуы, залға кірген кезде картинаға қосылып, ондағы нәрсені сезінуі тиіс. Сөйтіп соған жауапты өзі іздеуі, өзі айтуы керек. Көрерменнің кейбір интеллектуалы менен де әрі тереңге баруы мүмкін. Осы жағынан келгенде көрерменге дайын ештеңе бермеймін. Өзі танысып, өзі тұшынып, өзі сезінуі керек.

Линогравюра түрлі түсті немесе ақ-қара түсті болып жасалады. Менің мақсатым – линогравюраның мүмкіндігін, қай жерге дейін бара алатынын барынша көрсету, оны әлемдік деңгейге көтеру.

–Бұл мақсатқа жету үшін алда қандай жоспар бар?

–Орта Азия мемлекеттерінде, Ресейде, Түркияда, Еуропа елдерінде де өнертанушылар мен жайында жақсы хабардар. Алдағы жылы сәуір айына Қазан қаласындағы Ұлттық өнер мұражайына шақыру алдым. Оған қоса Уфада және тағы басқа екі қалада өнер мұражайлары құшақ жайып отыр. Келесі жылдың қыркүйек айына дейін төрт өнер музейі жеке көрмемді өткізуге дайын. Қалғанын Алла бұйыртса, өз уақытында көреміз. Шығармашылықты шыңдай түсеріміз анық.

–Шәкірттеріңіз бар ма?

–Бүгінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде болашақ суретшілерге дәріс беріп жүрмін. Студенттер шеберханада линолеумды практикалық тұрғыда ойып, оны станокта басып, көзбен көріп, қолмен ұстап жұмыс істейді. Былтырғы жылы қалалық суретшілердің додасына үш студентім қатысып, көрермендердің, өнер шеберлерінің тарапынан жоғары баға алды. Олар дипломдық жұмысын осы линогравюрадан қорғаймыз деп отыр. «Линогравюра жасайтын болсақ, жұмыстарды кез келген көрмеге қатыса алатындай етіп республикалық деңгейде жасаймыз» деп тапсырма бердім. Бүгінде эскиздер жасап, соған дайындалу үстіндеміз.

–Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет, алдағы істеріңізге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан – Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *