Басты жаңалықтар Құқық

«Дикий Арман» 20 жылға сотталды


Бүгін, 2025 жылдың 27 қаңтарында оларға қатысты сот үкімі жарияланды. Азаттық радиосының хабарлауынша сот процесі Алматыдан 20 шақырым жерде орналасқан N72 тергеу изоляторында өткен. Тиісті құзырлы орган қызметкерлерінің қауіпсіздік шарасын күшейтуіне байланысты журналистер сот залында оқылған үкімді Алматы қалалық мамандандырылған әкімшілік сот залынан тікелей трансляция арқылы көре алған. Одан өзге 43 адам да кінәлі деп танылғаны жөнінде azattyq.org хабар таратты.

Сонымен, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде «жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар» дегена 44 адамға сот үкімі жарияланды. Олардың арасында қазақстандықтарға «Дикий Арман» деген лақап атпен танымал Арман Жұмагелдиев те бар. Оған сот – 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол 2022 жылдың 7 қаңтары күні қамауға алынған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді.

Жалпы қылмыс әлемінде «Дикий Арман» атымен танымал Арман Жұмагелдиев кім? Өнер жұлдыздары мен спорт саңлақтарына жиі қолдау білдіріп, демеушілік жасап келген, ауыл-аймақтағы әлеуметтік осал топтағ,ы жанұяларға түрлі дәрежеде көмек қолын созған Арман Жұмагелдиев туралы қоғамда пікір екіге жарылып тұрғаны рас. Бірі оны «әділдік орнатушы», «әлсізге қамқор» ретінде бағаласа енді бірі «нағыз қылмыскер» деп бағалайды.

Арман Жұмагелдиев – Шымкентте туып-өскен. Спортқа деген қызығушылығы арқасында бала күнінен бокс үйірмесіне қатысқан. Спорттағы оның жетістіктері жаман емес. Бокс жарыстарынан алған 16 медалдің 10-ы – алтын.

2008 жылы «Время» газетіне берген сұхбатында ҚР ІІМ криминалдық полиция комитеті төрағасының сол кездегі орынбасары, полковник Бекет Аймағамбетов «Арман ұрылар заңдарын мойындамайды және өз ережесімен өмір сүреді. Тайсалмайтын тәуекелшіл жігіт. Адамды себепсіз соққыға жыға алуы, қоғамдық орында көпшілік төбелес шығаруы, тіпті бәсекелестерімен атыс бастап жіберуі де мүмкін. Шамасы, осы себептермен оны Жабайы (Дикий) Арман деп атап кеткен. Жұмагелдиевтің тағы бір лақап аты – Қолға түспейтін (Неуловимый)» деп сипаттама берген.

Шымкентте Арманның аты әсіресе,  2005 жылы сол кездегі оппозиция өкілдерінің басқосуына баса көктеп кіріп, жиынның шырқын бұзғаны үшін атала бастады. Шымкенттегі «Турист» қонақ үйінде сол кездегі  «Әділетті Қазақстан үшін» оппозициялық қозғалысы жиын өткізуге жиналған. Естеріңізге сала кетейік, оппозицияляқ қозғалыстың жетекшісі ол кезде белгілі заңгер Жармахан ТҰЯҚБАЙ болатын. «Турист» қонақ үйіндегі жиын да ол да болған. «Дикий Арман» бастаған басбұзарлардың соққысынан оппозиция жетекшісін оққағары қорғап қалды деген әңгіме айтылды.

Бұл ісі үшін Арман Жұмагелдиевке қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотта оған шартты мерзімге үкім шыққан болатын. Бұл іс Шымкент қалалық сотында судья Шара Бисембиеваның төрағалығымен өткен.

Ал, полковник Бекет Аймағамбетовтың «оның екінші лақап аты – Қолға түспейтін (Неуловимый)» деуіне негіз болатын жағдай 2003 жылғы оқиға. Осы жылдың желтоқсанында ол өзімен бірге оншақты досымен  бірге екі азаматқа шабуыл жасап, олардың бірі асқазан тұсынан оқ тиіп жарақат алады. Аурухана дәрігерлері оқ тию жарақаты бойынша полицияға хабарлайды. Қылмыстық іс қозғалғанымен, бұл іс сотқа дейін жетпейді. Ал, қылмысқа кінәлі деген Арман Жұмагелдиев қолға түспеген күйі қашып кетеді. «Қолға түспейтін Арман» аты осыдан кейін танылса керек.

Ашық дерек көздері берген ақпаратқа сүйенсек Жұмагелдиев 2022 жылға дейін Түркияда тұрған.

«60 000 жауынгері» бар түріктің «заңды ұрысы» Седат Пекермен Арманның байланысчы барын да жазғандар аз емес.  Седат Пекер деген кім? Ресми ақпарат оны Түркиядағы белгілі қоғам қайраткері, саясаткер ретінде баяндайды. Алайда қылмыс әлемі оны «Түркияны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаушы» деп айтады. Седат Пекер жайлы әлеуметтік желіде ақпарат сан алуан. Кейінгі жылдары ол Түркия билігіне мойынсұнып, «қылмыс әлемінде» анау айтты бұзақылыққа жол бермейтінін, заңбұзушылыққа бармайтыны айтылады. Десе де оның Арманға қолдау көрсеткені жайлы ақпарат ғаламторда жасырын емес.

«Дикий Арманның» қатысуымен болған оқиғалардың ішінде халықаралық деңгейдегі қылмыстар бар. Мысалы Түркияда қылмыс әлемінде өзіндік беделі бар заңды ұры Надир САЛИФОВ (Лоту Гули) «Арманды өз қамқорлығына алған» деген әңгіме айтылады. Арман түрік елінде жүргенде түрік азаматына тіл тигізген Гурам ЧИХЛАДЗЕні (Квежович) ұрып-соққан. Түріктің қылмыс әлеміндегі «бөтен» адамның қылмыс әлеміңндегі серкелердің бірін ұруы «кешірілмейтін күнә». Бұл қылығы үшін Арман «заңды ұрылардың» шешімі бойынша жазалануы керек. Бірақ, «түріктің намасын, мүддесін қорғағаны үшін» Лоту Гули Арманды «ондай жазаға жығып бере алмаймын» деп қорғап қалған-мыс.

Сонымен, бүгін Алматыда 2022 жылдың қаңтарында елдегі қаңды оқиғаға кінәлілер легіне қосылғаны үшін, жаппай тәртіпсіздікке жол бергендерге қатысты үкім оқылды.  «Дикий Арманнан» бөлек, Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенге де үкім оқылып, ол – 8 жыл түрмеде отыратын болды.

 Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты 5-департаменттің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақовты 15 жыл 6 айға түрмеге қамау үкімі оқылды. Сот процесі басталғанда ол «бұл іске ҰҚК басшысының бұрынғы бірінші орыбасары Самат Әбіштің де қатысы бар. Мен соның бұйрығын орындадым» деген еді. Бұл мәлімдеуден соң сот процессі жабық режимге ауыстырылды.

Самат Әбішке былтыр сот үкімімен 8 жылға шартты жаза тағайындалған болатын.

Қаржы полициясының бұрынғы агенті Талғат Махатов та кінәлі деп танылды. Ал журналист Бердах Бердімұрат 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды.  

Бұлардан бөлек, сот  41 адамға да үкім шығарды. Оларға да 1,5 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айрылу мерзімі берілді.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде 2022 жылы қаңтарда болған оқиғада жаппай тәртіпсіздік кезінде түрлі жарақат алып, қаза тапқандар саны 238 адам деп көрсетілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *