Әлем және біз
Грузия десе, алдымен оның көк
мұнармен ұштасқан таулы аймақтары, көз тоятаттар көркем табиғаты, таңғажайып
қала келбеті, дәмді тағамдары еске түседі. Ең бастысы, ол бізге – лезгинка биі, боржоми минеральды суымен
жақсы таныс. Қызығы, грузин ұлттық тағамдары атауларының басым бөлігі әліпбидің
«х», «ц», «ч» сияқты соңғы әріптерінен басталатыны: хачапури, харчо, чахохбили,
чакапули, хинкали, чвиштари, чурчхела, чихиртма, чашушули, чири…
Археологтар ежелгі адамдардың көне іздері осы өлкеден табылған десіп жүр. Шығыс дереккөздерінде тау тайпаларының алғашқы бірігуінен (шамамен біздің дәуірімізге дейінгі II мыңжылдықтың соңы) Диаха мемлекеті пайда болған. Мемлекет ұзақ жылдар моңғол, парсы және түрік билігінде болып, 1801-1918 жылдары Грузин князьдіктері Ресей империясының құрамына енеді. Кейін Грузия Демократиялық Республикасы құрылады. 1921 жылы мұнда Кеңес өкіметі орнап, мемлекет 1991 жылы ғана толық тәуелсіздігіне қол жеткізді.
Жақында ғана Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантымен Грузияда болып, емдік курорттарымен аты мәлім Қара теңіз жағалауындағы Кутаиси және Батуми қалаларында «Алтын ғасыр» оқу орталығы мен Халықаралық «Иксад» институты бірлесе ұйымдастырған курстарға қатысып, ғылыми тағылымдамадан өтіп қайтқан едік. Сол сапардан алған әсерлерімізді түртіп жүр едік, газет арқылы бөлісуді жөн санадық.
Небәрі 3,5 миллион халқы бар Гүржістан біз ойлағандай «қызуқандылар» мекеніне ұқсамады, қазақ халқы сияқты сабыры мен салтанаты сән құрған қонақжай өлке екен. Әуежайдан жылы шыраймен қарсы алған жол бастаушылар бізді алдымен туристерді магниттей тартатын Цхалтубо аңғарындағы «Прометей үңгіріне» алып барды. 80 метр жердің астына сүңгітетін, ұзындығы 2 шақырымға жуық үңгірді әлемнің сегізінші кереметі ме дерсің! Үңгір ішіндегі тас саңылауларынан тамшылаған мөлдір сулардан кристалданған адам бойындай сүңгілерге қараған сайын көзің тоймайды. «Табиғат неткен шебер еді!» деп еріксіз Алланың құдыретіне бас иесің. Бір сүңгілер әне-міне үзіліп кетердей төбеңнен төмен қарай салбыраса, екіншілері қадам сайын қарауыл-сақшыдай қадам бастырмай қараңдап көрінеді. Бұл көрініске көз тойдыру мүмкін емес, оны тек барып көру керек. Таң қалғанымыз – үңгір ішіне тұтастай тас тротуар төсеп, қауіпсіздік белдеулерін орнатып, жасыл ландшафпен әрлендіріп, түс ойнататын жарықшамдармен безендіріп, жарықтандырып қойғаны. Үңгір ішінде күні бойы күңіреніп грузин халық музыкасы ойнап тұрады. Бізде де Ақмешіт сияқты аумағы шағын үңгірлер бар. Өкінішке орай, онда туристер үшін жасалған қарапайым жағдайларды көре алмайсыз. Көгершіндердің қиы жылдар бойы қатпарланып, мүк басып, көгеріп жатса, төбеден тамшылаған тамшыларға, үгітілген тасқа қалқан болар қауіпсіздік шаралары қарастырылмаған.
Тәуелсіздік алғалы орыс тілінде сөйлейтін грузиндерді кездестіру қиын. Көшеде орыс тілінде жөн сұрай қалсаң, естімегендей кейіп танытып, теріс қарап тұра береді. Тек гаджеттегі «аударма» арқылы грузинше сұрасаң ғана, жылы ықыласпен «акцентті орысшасымен» жауап береді. Дегенмен, әйгілі грузин қонақжайлығы мен сыпайылығы, мәдениеті мен өнері сізді қызықты және мүлде басқа әлемге жетелейтіні рас. Күн өтіп, айналаңмен араласқан сайын, бұл ел сізді әдемілігімен, сан-салалы дәстүрлерімен, мейірімді адамдарымен баурап алады.
Грузияда сырттан, әсіресе Қазақстаннан барған адамға тосын көрінетін мынадай жайттарды байқадық: түнгі 11-ден кейін көшеде елдің тынышын алып бейсауыт дабырлап жүретін жастарды кездестіру қиын; жеке үйлер екі қабаттап салынады да, үй иелері тек екінші қабатта тұрады, астыңғы қабат толықтай терассаға ыңғайланған; бір есептен бұл таулы аймақта жауын-шашын көп болғандықтан, үй іргесіне су жинамаудың тәсілі де сияқты…
(Жалғасы бар)
Бекжігіт Сердәлі, журналист.