Шымкентте әдемі әсер сыйлаған іс-шараны әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұжымы ұйымдастырды. Рухани байлыққа кеңелудің жолын нұсқаушылар алғашқы кешті қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арнады. Осылайша шымкенттік зиялы қауым «ЖЕЛСІЗ ТҮНДЕ ЖАРЫҚ АЙда» бас қосты. Поэтикалық кештің тақырыбы осы.

Кітапханашылар зияткер ұлт қалыптастыруға өзіндік қадам бастап отыр. Айлы түнде, айналаға, ұлт өреніне өрісін кеңейтуге бағдаршам болар Ұлы тұлғаның шығармаларын қай кезеңде де оқу керектігін, қай жаста оқысаң да кеш еместігін ұғындыруға тырысты.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың ІІІ отырысында «Кітап оқитын ұлт» жобасын ұсынды. Жарқын болашақ кітап оқитындардың қолында екендігін насихаттайтын тәмсілдер бізде аз емес. Десе де оқығанды тоқи білмек те керек болып тұр. Білімді ұлт қана жылдамдығы орасан жаһандану дәуіріне жұтылмай, керісінше, жетістікке жететіні анық.
Президент соны айтты. «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деді.
Олай болса, Шымкенттегі әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұжымының «Түнгі кітапханасы» осы міндет-мақсатты жүзеге асырмаққа жасаған нақты қадамдардың бірі. Өз оқырманын күндіз де, түнде де кітап оқуға үгіттеген ұжымның ырымалды іс-шарасы жаман емес. Белсенді оқырманы көп.

Әрине, игі бастаманың қала әкімдігі, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы тарапынан қолдау тапқаны байқалады. Концерттік ұжым, театр әртістерінің атсалысуы шығармашылық байланыс қана емес, қала мәдениетін қалыптастыруда көптің ісіне ұйыса кетудің көрінісі. Іс шараның табиғаты тамаша, жасыл желекті саябақта, ашық аспан астында ұйымдастырылуы да өзіндік әсер сыйлады.
Жиналған көпшілікті мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова поэтикалық кештің ашылуымен құттықтап, «Түнгі кітапхананың» жалғаса беруіне тілектестік білдірді.
Поэтикалық кешті ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Құрал Көмек жүргізді. Кеш барысында кітапхана оқырмандары Ж. Шанин атындағы академиялық драма театрының әртістері ұсынған «Абай ауылы» атты музыкалық театрландырылған көрініспен Абай ауылының аурасымен тыныстап, Абай әндерімен тербелді. Әдеби-сазды әдемі кешке еліткен көпшілікке белгілі қаламгерлер Заһардин Қыстаубайұлы, Қабылбек Төретай, Шойбек Орынбай Абай шығармашылығының ерекшелігі туралы баяндады. Белгілі әуезовтанушы, профессоры Сұлушаш Бекмырза апайымыз да Абай Құнанбайұлының қара сөздерінің оқырманға әсері жайлы толымды ой айтты.
Ұлы ақынның туған жерінде өткен халықаралық дүбірлі додада әлемдік ғалымдар мен сөз сүлейлері бас қосқан жиында қаншама жылдық еңбегінің нәтижесі – «Абай» кітабының тұсаукесерін өткізіп қайтқан белгілі ғалым, М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Мұхтартану» ғылыми орталығының басшысы Ақжол Батырұлы Қалшабектің баяндамасын «Түнгі кітапханаға» келгендер ұйып тыңдады. Абайдың әдеби хатшысы болған Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбаларын тікелей транскрипциялап жинақтаған «Абай» кітабы – көпшілікті қызықтырып отырған құнды еңбек. Содан да болар бұл кештегі Ақжол ағаның бай баяндамасы тыңдарманға Абайды тани түсуге, оқырманды Абайды қайта оқуға ынтықтырды.

«Түнгі кітапханаға» тек ақын-жазушы, ғалымдар жиналған жоқ. Олардан гөрі қарапайым оқырманның қарасы көп болды. Көбі әдебиетпен «ауырғандар». Әдебиетке құмар қауым. Соның бірі ҚР Ұлттық ұланның Шымкентте орналасқан 6506 әскери бөлімінің офицері Мәлік Бекжан. Ол Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің» өлеңін нәшіне келтіре оқыды. Командирі сахнада өлең оқып тұрғанда көрермен сапындағы жауынгерлер оны тыңдады. Кітап оқуға деген қызығушылық осылай біртіндеп оянбасына кім кепіл?!
Дәл осылай көркемсөз оқу шеберлерінің қатарын көбейте берген абзал. Біреу – қызығады, екіншісі – еліктейді, үшіншісі дәл соны қайталайды. Бұл әдебиетке, кітап оқуға бастайтын жолдың бір парасы боларсы сөзсіз.
Мәнерлеп оқу өнерін меңгергендердің сапында дарынды балаларға арналған №90 мектеп-гимназияның мұғалімі Иса Шанжар да бар. Ол Абайдың «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» өлеңін оқығанда ұйып тыңдағандар көп болды.
Ал сахнаға Абай тойында, Қарауылда өткен республикалық «Жеті қазына» байқауының «Сұлу әйел» номинациясының бас бәйгесін қаныжығасына байлап қайтқан шымкенттік Ақмарал Құдайбергенова шыққанда сұлулық пен әдемілікке құмарлар оның әңгімесін әуесі кете тыңдады.
Кітап оқитын ұлт біртіндеп осылай қалыптасса керек-ті. Оларды ынталандыра түсудің тетігі де табылыпты. Республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасының Шымкент қаласындағы үйлестірушісі Ахан Бесбаев соның жәйін жиналғандарға жақсылап түсіндірді. Кітап оқитын оқушы, студент, отбасы, мемлекеттік қызметші, барлығына дерлік бәйге тігіліп отыр екен. Әр санаттағы жеңімпазға бас бәйге – миллион теңге! «Кітап оқы да миллионер атан!» Ахан Сәбитұлы осылай дейді. Талапкерлер аз бола қоймас. Жобаға қатысушыларға да, ұйымдастырушыларға да сәттілік!
Қысқасы, кеше…
Мимырт тірліктен бір мезетке көңілдегі көкпарды ала қашып әсерлі кеш сыйлаған кітапхана басшысы Анар Жаппарқұловаға алғысын жаудырғандар аз болмады. Мизам шуақ маусымда түн қойнында ләззат барын аңғарағандар түнгі кітапханадан алған әсерін әлі біраз ұмытпасы анық.

Желсіз түнде жарық айдың сәулесі саябақтағы субұрқақтың хауызында дірілдеп тұрғанда саханада кішкентай Ақлимаға анасы Айдынай Тәліп (кітапханашы) Абайдың өлеңдерін оқып, ұлт шамшырағы болған тұлғаның қарасөзін түсіндіріп жатты.
Терең сайсыз саябақта гүрілдеп кеп өзен тасымады демесеңіз, фонтаннан атылып биіктен құлаған су сыңғыры сұлулық сыйлап тұрды.
Шымкенттің желсіз түнінде айы жарық екенін аңғартқан «Түнгі кітапхана» болды.
Жәмила ЖАЙЛАУБЕК
