Иә, иә, қате оқыған жоқсыз, қасқыр емес ит шапты. Қайбір жылы Алматыда бір оқушыны ит талап өлтіргенде тұрғындар жағасын ұстаған болатын. Содан кейін қаңғыбас иттерді аулау күшейгенімен, кейін қайта саябырсыды. Әсіресе қала орталығынан шалғайдағы елдімекендерде иесіз иттер тым көбейіп кеткені жиі айтылып жүр.
Өткен жұманың кешінде Сарығаштан келдім. «Забадам» ауылынан өткенде, бәлкім сізге өтірік, ал маған шын, абалап көлікке жүгірген 25-30 шақты иесіз итті көрдім. Мен көлікте болдым, ал жұмыстан қайтып келе жатқан жаяу адам болса жағдайы не болмақ? Түнгі уақытта ше? Ол иттерден қашып құтылу мүмкін емес.
Иесіз иттер көбейіп, тамақ таппағандықтан болар, малға шабуылдай бастапты. Ертең күн суытқанда тұрғындар малды жабық қораға қамап, есігін бекітіп қояды. Ондай кезде ашыққан иттер адамға шабуылдамасына кім кепіл?! 2 қыркүйек күні Қарабастау ауылындағы көршіміздің жазғы қорасында тұрған қойларына ит тиіпті. Бірнеше қойдың құйрығын қан жоса етіп жұлып алған, тағы бірнеше қойға түрлі дәрежеде жарақат салған. Ашыққан иттен кез-келген нәрсені күтуге болады. Сондықтан қазірден бастап қаладағы Ветеринария басқармасы ит аулаумен айналысатын мамандарға тиісті тапсырма беріп, көшедегі иесіз жүрген ит кімдікі екендігіне қарамастан жою керек.
Әрине, жануарлар құқын қорғайтын белсенділер мұнымен келіскісі келмес, бірақ олар адам өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұратынын түсінеді деп ойлаймыз. Қалай болғанда да жабайы иттерден қазірден бастап сақтанбасақ, ертең бармақ шайнап қалуымыз әбден мүмкін.
Камал Есқараев,
Шымкент қаласы.