Кезінде Шымкентте қысқы спорт түрлерін дамыту үшін арнайы салынған нысанды ұстап тұру бюджетке ауырлық етті. Қысы-жазы мұз айдынының жағдайы қалыпты болуы үшін жұмсалатын электр энергиясының өзіне қыруар қаржы төленуі керек. Осындай қиындықтарға байланысты нысанды жекеменшікке сатуға тура келген.
Қазіргі таңда қала әкімдігі тарапынан халық игілігі үшін бірқатар нысанды мемлекет меншігіне қайтаруда кешенді жұмыстар жүргізілуде. Олардың қатарында «Мұз сарайының» ғимаратына қатысты да іс шаралар бар.
Нысан «Мұнай Құрылыс Сервис» ЖШС-не 128 миллион теңгеге сатылған. Ғимаратқа аукцион арқылы ие болған жеңімпаз компаниямен шарт жасалғанмен, келісімде нысанның бейінін сақтау көрсетілмеген. Осындай жәйттерді ескере келе қала прокуратурасы тексеру шараларын жүргізіп, мемлекеттік мүддеге қайшы ұйымдастырылған аукцион барысында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Қадағалау органы Шымкент қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына мемлекеттің үлесін сатып алу келісім-шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолдаған болатын. Сот шешімімен прокуратураның арызы қанағаттандырылды. Осылайша, «Мұз сарайы» мемлекет меншігіне қайтарылды.