Бұл сауалым бәлкім күлкі шақырар, бірақ ойланатын жайт. Шымкенттің аумағы бүгінде 1 мың шаршы шақырымнан асады. Бір кездері егістік, жайылым болған жерлер бар.
Көшеде шөп шауып жүрген жігіттерден: «Шабылған шөпті қайда апарасыңдар?» — деп сұрадым. «Білмейміз, «мусорный полигонға» апарып тастайтын шығар. Біздің жұмыс шөпті шауып беру, басқасында шаруамыз жоқ», — деді біреуі. Менің басыма «осы шөпті мал асырайтындарға берсе пайдалы болар еді-ау» деген ой келді.
Айтайын дегенім, осы Шымкенттің шөбін шауып алғаннан кейін малына қажет еткен адамдарға сатса қалай болады? Мыңдаған гектар жердің шөбі босқа жойылып жатқан жоқ па? Өртке қауіп тудырмасын деп жаз бойы уақтылы шауып тастап жатамыз ғой бәрібір. Басымызға проблема ғып шөп екпей-ақ қояйық, бірақ тегіннен-тегін өсіп жатқан шөпті шапқаннан кейін оны пайдаға асырсақ қайтеді? Аз да болса одан түскен қаржыны қаланың басқа проблемаларын шешуге бағыттауға болар еді.
Кейінгі кездері су тапшылығынан әсіресе далалы аудандар көп қиындық көріп жүр. Шөп сирек шығып, мал азығы қымбаттап, әбігерге түседі. Шымкенттің мал базарына жеткізілетін дала шөбі мен сабанға, жоңышқаға сұраныс артады. Бүгінде онда тіпті жантақтың пресі де саудаға шығарылып жүргені мәлім. Ал Шымкенттің мыңдаған гектарынан шабылған шөп мал азығының уайымынан шаршаған талай шаруаға көмегін тигізер еді деп ойлаймын.
Х. АСАН.
