Әлеумет

ЖҮРЕГІҢІЗДІ ЖҮДЕТПЕҢІЗ!

 

Аптап ыстығы мол жаз мезгілі жүрек кінәратынан зардап шегетіндерге жайсыз тиіп жатады. Әсіресе жүрек жеткіліксіздігімен ауыратындарға қиын. Олар маман кеңесіне құлақ түріп, сақтық ережелерін есте ұстағаны абзал. Осыны оқырманның есіне салу мақсатында біз жүректің созылмалы жеткіліксіздігі бойынша Шымкент қаласының аймақтық координаторы Айнаш Балабековамен (суретте) сұхбаттасқан едік.

 Жүрегі ауыратындар көбейді

– Айнаш Қамбарбекқызы, бүгінде еліміз бойынша жүрек ауруларының көбейіп тұрғанын жиі естиміз. Біздің өңірдегі бұған қатысты ахуал қандай?

– Жүрек аурулары бұрын жасы егде тартқан адамдарға ғана тән еді, қазір жастар арасында да жиі ұшырасады. Әсіресе жүректің ишемиялық ауруы өте көп. Біздің аурухана соның ішінде өткір коронарлық синдромға және өткір инфаркке ұшырағандарға жедел жәрдем көрсетеді. Жүректің асқынуларының соңғы сатысы – жүректің созылмалы жетіспеушілігі жиі кездесетін болған. Осыған орай 2018-жылдан бастап елімізде арнайы «Жол картасы» жасалған.

Дүние жүзінде осындай жүрек ауруларынан зардап шегетін 64 миллионнан астам науқас бар. АҚШ, Еуропа ғалымдарының статистикасына сенер болсақ, 2030-жылдарға қарай жүрек жетіспеушілігі бойынша әрбір дәрігерге 8 мың науқастан келеді екен. «Жол картасы» осы үшін де керек.  

Біздің міндетіміз – науқастың ауыру себебін бірінші кезекте тез анықтап, оны терминальды сатыға, яғни соңғы, төртінші сатыға жеткізбей, уақтылы ем қабылдауына жағдай жасау.

– Жүрек жеткіліксіздігі неден пайда болады, себептері қандай?

– Оның негізгі себептерінің бірі – ишемиялық ауру. Жүректі сыртынан қанмен қамтамасыз ететін коронарлық артериялар бар, солар бітеліп қалады. Екінші себебі – артериялық гипертония, яғни қан қысымының жоғарылауы. Қазір жұрт, жасы 40-50-ден асқан адамдардың өзі 120, 140-қа дейін жоғарылаған қан қысымын қалыпты деп санайды. Бұл дұрыс емес. Елімізде еуропалық, америкалық мамандардың зерттеулеріне сүйене отырып, арнайы хаттама жасалған. Сол хаттама бойынша әрбір адамның қан қысымы деңгейі 110/70, 120/80-нен аспауы керек. Жасы 70-тен асқан кісілерге ғана біз 130, 140 деп шектеу бере аламыз, олар осындай қан қысымымен жүре алады. Қан қысымы жоғары адамға бірден ем-дом басталады. Науқас күнделікті өмір сүру тәртібін өзгертуі керек. Ол өзінің ас-ауқатынан тұзды шегереді немесе ағзаға түсетін физикалық салмақты азайтады, зиянды тамақтарды қолданбайды. Қан қысымы соның әсерінен бір қалыпқа келсе, ол сол ұстанымда жүреді. Ал егер өмір салтын өзгерткенімен қан қысымы бәрібір де көтеріле беретін болса, онда сол кезден бастап біз оған дәрі тағайындаймыз.

2023-жылдан бастап «Эпидология» деп аталатын екінші «Жол картасы» ашылды. Жүректің қан тамырларындағы өзгерістер, атеросклероз оның ишемиялық ауруына немесе инсультке, инфарктке соқтырады. Ол болмас үшін, ары қарай дұрыс қалыптасуы, қан тамырларында қабынулар болмауы, инсультке, инфарктке ұрынбауы үшін жасы 40-тан асқан әрбір адам липидограмма анализін тапсырады. Генетикалық анализдер тапсырылуы мүмкін. «Жол картасы» бойынша соларды бақылап отыратын арнайы липидолог дәрігерлер жұмыс істейді.

Жүректің шамасыздығына соқтыратын туабітті дилатациялық кардиомиопатия, гирпертрофикалық кардиомиопатия сияқты аурулар да болады. Оларға дәрімен ғана көмектесеміз. Тек кей жағдайларда көмектесе алмаймыз. Ондай кісілерге не трансплантация жасалады немесе оларды дәрімен барынша емдеп көреді.

     Екі адамға «жаңа жүрек» салынды

– Шымкентте қанша жүрек трансплантациясы іске асырылды?

– Жүрек шамасыздығымен ауыратын адамдарда «шығару фракциясы» деген болады. Яғни жүректің 1 минутта қан айдау күші науқас ағзасына қажетін жеткізіп бере алмайды, әлсіз болғандықтан оның тоқтап қалу қаупі бар. Мұндайда адам кенеттен, отырған жерінде өліп кетеді, ұйқыдан тұрмай қалады. Осындай болмас үшін ондай науқастарға кардиовертер-дефибрилятор қойылады. Ол – жүрекке, терінің астына қойылатын кішкене ғана қондырғы, жүрекпен байланысып тұрады, оны бақылайды. Егер жүректің тоқтау қаупі күшейсе, ол шок терапиясын береді. Яғни дефибрилятор автоматты түрде іске қосылады, жүректі жедел жәрдем келгенше қолдайды. Дәрігерлер оны көріп, емін коррекция жасап бере алады.

Кейде жүректің шамасыздығына оның өткізгіштік қабілеті төмендеуі себеп болады. Яғни жүректің негізгі қызметті атқаратын сол жақ бөлігі оң жақтағысына қарағанда кешігіп жұмыс істейді, соның әсерінен ол әлсіз болады. Өткізгіштік қабілет төмендеген кезде адам ентігіп, шаршап қала береді. Кейбір қондырғыларды терінің астына орналастырады, ол жүректің екі жақ бөлігін бірдей жиырылдырады. Сол кезде адам ентікпей, шаршамай, жақсы өмір сүре алады.

Кейде жүректің ишемиялық ауруы, бір немесе үш қан тамырының, ұсақ қан тамырлары бітелуі орын алады, соның әсерінен ишемиялық кардиомиопатия болады немесе инфаркт. Солай әрі қарай асқынбауы үшін  жүректің қан тамырын ауыстыратын аортакоронарлық шунттау жасалады. Немесе қан тамырын сол мезетте ашып беретін шунттау іске қосылады. Шунттау кезінде аяқтың қан тамырын алып, жүрекке тігіп береді. Сонда қан айналымы жаңа қан тамырымен жүреді. Ескісі сол жерде қалып қояды.

Пациент ауруханаға жедел жеткізілсе, өміріне қауіп төніп тұрған болса, оған тез арада шунттау жасайды. Арнайы зертханаға кіргізеді, қай артерия инфарктке әкеп отырғанын анықтап, сол жерге стент қоямыз. Кейде пациентке екі немесе үш стент қоя алмайтын жағдайда, егер шыдай алатын болса, жоспарлы түрде аортакоронарлық шунттау жасайды.

Аса жоғары қан қысымы қолқаның – ағзадағы ең үлкен қан тамырын жарып жіберуі мүмкін. Ол өте қауіпті. Мұндайда ауқымды ота жасаймыз. Клапанды ауыстырып, қолқаны қайтадан жөндеп береді.

«Жасанды механикалық сол жақ қарынша» («LVAD») деген операция түрі бар. Біз науқастарға оны 2021-жылдан бері қойып жүрміз. Жүректің шамасыздығы 4-ші – терминальды сатыға өткен кезде адам ары қарай өліп кетуі мүмкін деген жағдайда сол аппаратты қоямыз. Ол жасанды жүрек жас адамдарға трансплантация алдында көпір ретінде қойылады. Соңғы деректер бойынша жүрек трансплантациясының «күту парағында» 157 адам кезекте тұр. Бірақ бұл көбеймейді, азаймайды. Елімізде алғашқы трансплантация 2012-жылы жасалған. Таяуда 100-шісі жасалды. Ал, мысалы, Белоруссияда жылына 100 операциядан жасалады. Донор тапшылығына байланысты бізде «LVAD» операциясы жасанды жүрек қойып, өзінің донорын күткенше уақыт береді. Сондықтан мұндай науқастар жылдан жылға кезекте тұрғанымен жылына кемінде 10-15 пациенті алынып тасталып отырады. Өйткені олар өмірден өтіп кетеді. Орны жаңадан пайда болған пациенттермен толықтырылады.

Біздің орталықта трансплантация екі мәрте жасалды. Ота «ИМСИ» корпоративті қорының дәрігерлерімен бірлесе отырып жасалды. Бірінші науқас 61 жаста болды. Көп жыл «күту парақшасында» кезекте тұрған. Оған Қостанайдан жеткізілген донорлық орган, яғни инсульттен қайтыс болған адамнан алынған жүрек қан тобы бойынша сәйкес келіп, трансплантация жасалды. Ол кісіге алғашында арнайы дәрілер беріліп, қадағалауда болды. Бір жыл белсенді түрде дәрі ішеді, кейін дәрі қабылдауды азайтады, сосын қалыпты өмір сүреді. Екінші жүректі 60 жастағы адамға салды. Оған жасанды жүректі де қоя алмайтын жағдайда, жүрегінің қабырғалары тым қалыңдап кеткен еді. Соның салдарынан жүрек іші өте кішірейіп, бір аттам жүрудің өзі мұң болды. Оған жол-көлік апатынан қаза болған 18 жастағы жігіттің жүрегі дәл келді. Қазір бір жылдан асты, жағдайы жақсы. Өткенде дендросаябақта кездесу өтті, соған келді. 5 шақырымға дейін бірге жол жүрдік. Нәтиже жаман емес.

 Энергетикалық сусын аса қауіпті

– Жастар арасында кездесетін жүрек ауруларының негізгі себептері деп нені атауға болады?

– Жастар зиянды тағамдарды, энергетикалық сусындарды көп қолданады. Ондай сусындардың күніне екі-үш құтысын, тіпті одан да көп мөлшерде ішетіндер бар. Соның кесірінен орталығымызға науқастар жиі түседі. Жүрек шамасыздығына ұрынады немесе өкпесіндегі үлкен артерияға тромб тұрып қалады. Сұрастыра келгенде олардың күнделікті энергетикалық сусынды көп ішкені анықталады. Алыс жолда жүретін «дальнобойщиктерде» де солай, олар тек сондай сусындармен жүреді екен. Энергетикалық сусын құрамында қант көп, таурин деген зат жүректі қатты соқтырып жұмыс істетеді. Ондай сусынды ішкен адам өзінде бір күш пайда болғандай сезінеді, өйткені ағзада инсулин мөлшері көтеріледі. Аз ғана уақытта қуаты артқан сияқты сезініп, соған тәуелділік пайда болады. Содан ол сусынды бірінен соң бірін ішеді, өз кезегінде ол жүректі әлсіретеді. Қан қысымы көтеріліп, жүрек көбірек соғады. Ақыры жүректің шаршауына әкеледі.

Фаст-фуд, хот-дог сияқты тағамдардың бәрі холестеринді жоғарылатады. Алкогольден де жүрек әлсірейді. Алкогольді көп ішу ағзаны сусыздандырады. Содан қан қоюланып, тромб түзіледі. Миға, жүрекке тромб тұрады. Ол кезде инфаркт, инсульт қаупі күшейеді. Темекіні көп шегу де жүрек үшін аса қауіпті.

– Жүрек жеткіліксіздігін қалай білуге болады, оған шалдықпас үшін қандай жайларды есте ұстау керек?

– Адам өзінің мұндай дертке шалдыққанын көбіне аңғара бермейді. Оның бірінші белгісі – кеуде тұсының ашып ауыруы. Аз жүрсе де, болмашы салмақ көтерсе де кеуде тұсы ашып мазалайды. Жүгіргенде, жүк көтергенде, жоғарыға көтерілгенде, төбеге шыққанда кеудесі қысып ауырады. Мұндайда темекі шегетін адам оны темекіден көріп, аса мән бермейді. Біреулер оны жай бронхит деп те ойлайды. Немесе науқастың асқазан тұсы ауыруы мүмкін, мұндайда ол дұрыс тамақтанбадым, содан болды деп топшылайды. Ауру осылай пайда болады, өршіп, асқынады. Науқастардың көбі дерті әбден меңдеп, инфарктке дейін ушыққан кезде ғана дәрігерге көрініп жатады.

Ал дәрігерге уақыт өткізбей, дер кезінде көріну керек. Бітеліп келе жатқан қан тамырын ашып беретін болса, ары қарай оны жүректің өзі сақтап қалады. Ол науқас кейін де бірнеше жыл толыққанды өмір өмір сүре алады.

Жалпы, асқынулардың алдын алу үшін жасы 35-40-тан асқан науқастар бірінші кезекте артериялық қан қысымын жиі өлшеп жүруі керек. Оны қалыпты деңгейде ұстауы тиіс.

– Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *