1920-1936 жылдар аралығында Қазақ АКСР-і РСФСР құрамында болды. Сол себепті, РСФСР-дің 1926 жылғы Қылмыстық Кодексімен (ары қарай-ҚК) 1950 жылдардың басына дейін құқық қорғау органдары іс жүргізді. 1921 жылдан 1954 жылға дейінгі кезеңде республиканың өзінде 100 мыңнан астам адам сотталды, ал олардың 25 мыңдайы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді деп айтып жүрміз. Ату жазасы негізінен №№58,59,61 баптар бойынша жүзеге асырылды.
ҚК-тің 107 – «Алыпсатарлық» бабы бойынша сотталғандар реабилитация шараларынан шет қалғандығын атап көрсеткен орынды деп білемін. Осы бап бойынша Түркістан облысы мемлекеттік архивінен (ары қарай — ТОМА) екі жүзге жуық істер тек Сайрам ауданы және Шымкент қаласы бойынша табылып отыр. Айта кететін жәйт, осы бапты 1926 жылы И.Сталиннің өзі тікелей нұсқап, «антисоветтік элементтер» ретінде ҚК-ке енгізген екен. Бұл бап бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған. Кейбіреулер «алыпсатарлықты» да ақтауға бола ма деп ойлауы мүмкін, мәселе бұл баптар бойынша көптеген жазықсыз жандар «шолақ белсенділердің» жаласымен, асыра сілтеуімен қуғын көрді, лагерьлерге тоғытылды. Саяси науқанға ілікті. НКВД-ның жедел уәкілдері мен ОГПУ-дің үштіктері, екіліктері «халық жауларының» тізімін толтыру үшін барынша белсенділік танытқан.
Сайрам ауданы бойынша тың мәліметтер табылып отыр. 1930 жылғы 18 желтоқсандағы мәлімет бойынша Сайрам ауданында 18 колхоз бен 9 қышлақтар кеңесі шоғырланған екен: Колхоздар: Ленин, Сталин, Красный Октябрь, Красный Пресня, Сталин-Манкент, Рабочий, Кайтмас, Кайнар Булак, Сайрам, Трактор, Кзыл Байрак, Кзыл Мехнат, Мехнат, Берляшу, Кзыл Кетман, Кзыл Кышлак, Янги Юль, Кзыл Билек. Қышлақтар: Чимкент Қапқа, Базар Қапқа, Қарамұрт Қапқа, Бел Қапқа, Ярғанлық, Султан Рабат, Манкент, Қарабұлақ, Қарамұрт.
ҚК-нің 107 бабы бойынша осы колхоздардың барлығында сотталғандар кезікті. Сот мәжілістері Ақ Су селосындағы сот ғимаратында және көпшілікке сабақ болуы үшін қышлақ кеңестерінде өткізіліп отырған. Ол істер ТОМА-дағы «Сайрам ауданы халық сотының материалдары» атты №505 Қорда сақтаулы тұр. Қордағы Салиходжаев Каттаходжаға қатысты істі оқысақ, оны Сайрам ауданы халық сотының судьясыХоджабаев соттапты. Оған алдымен ҚК 105 бабымен 2 мың рубль айыппұл салған. Бірақ кейіннен ҚК-тің 105 бабынан 107 бабына ауыстырылған. Оған себеп «К.Салиходжаев 1939-1940 жылдары қоғамға пайдалы жұмыс жасамай алыпсатарлықты кәсіп етіп келгендігі қосымша анықталды» делінген құжатта. Ол 1940 жылы 1 атты 1400 рубльге бір колхозшыдан сатып алып, Ташкентке алып барып қымбатқа сатқан. Ол жақтан әкелген 20 кило күріштің әр килосын 10 рубльден сатқан. Қырғызстанға 4-5 рет барып мал әкеліп сатқан. 40 кило күріш әкеліп, әр килосын 15-16 рубльге дейін көтермелеп сатқан. Кір сабындардың біреуін 10-16 рубльден сатқан. Одан басқа өрік, алма жемістерін Ташкентке алып барып сатып отырған. Бұл мәліметтер куәгерлерден алынған. НКВД уәкілінің тергеуінен соң Қ.Салиходжаевты 1941 жылы наурыз айында Сайрам аудандық халық соты 5 жыл бас бостандығынан айырады.
Сонымен қатар, осы қордағы Каримов Мадыматқа қатысты іс те 107 бап бойыншақозғалған. Ол Сайрам ауданы № 14 балалар үйінде жұмысшы болып істеп жүріп алыпсатарлықпен айналысқан. Күріш, етті балалар үйіне қымбат бағаға өткізген. 1 жылқыны Ташкентке алып барып қымбатқа сатқан. НКВД уәкілі сержант Мыльников 1941 жылы 9 шілдеде Базар Қақпа ауылындағы оның үйін тінту кезінде 470 рубль тәркілеген. БХСС уәкілі-тергеуші Метелев іске қатысты Каримовтың балалар үйінің директоры Кульчимбаевпен бірге алыпсатарлық қатынаста болғандығын анықтаған.
Каримов директор Кульчимбаевтың нұсқауымен 3 мың рубльге жылқы сатып алып, оны Шымкент базарында 3200 рубльге сатқан. 200 рубль пайда тапқан. 12 куб ағашты 115-120 рубльге өткізген. Ағаштан пайда таппаған. Дегенмен, прокурордың қаулысы бойынша айыпты деп табылған.
1942 жылы 8 тамызда Чимкент Қақпа ауыл кеңесі ғимаратында халық сотының мәжілісі өтеді. Соттың ұйғарымы бойынша сотталушы Каримов «..алты балам бар, тамақ жеуге азығымыз жоқ еді» деп өтініш хат жазса да және тағылған айыпты мойындамаса да сот Булекбаев оны 5 жыл бас бостандығынан айырған.
Ахметов Абдураимге қатысты істі оқысақ, ол НКВД-ның жедел уәкілі С.Жылқайдаровтың құғындауына түскен. Оның көрсетуінше А.Ахметов алыпсатарлықпен үнемі айналысқан. Ташкентке барып, мата мен орамалдар әкеліп, Қарабұлақ базарында сатып отырған. Базарда сатып жатқан сәтте ұсталған. Одан 35 метр мата, 1 әйел көйлегі, 2 дана орамал, 3 кило шәй тәркіленген. Аудан прокуроры Улықбаевтың санкциясымен тұтқындалады. Қарабұлақ қышлағындағы уәкіл Усерқұл Мадусманов Ахметов Абдураимның «Қайтмас» колхозында тұратындығын, кедей таптың уәкілі ретінде 1932 жылы коммунистік партияға да кіргендігін көрсете келе колхозда жұмысшы болып істеп жүріп, Ташкент қаласынан маталар, киімдер әкеліп қымбат бағаға сатып жүргендігі туралы анықтама берген. Тергеу кезінде Ахметов тағылған айыптарын мойындамаған. Солай болса да, 1942 жылғы 29 шілдегі Сайрам аудандық халық сотының Үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылады.
Машрапов Хампардың «алыпсатарлық» ісі де осылай. Оның ұлты татар. Ол Өзбекстан Республикасы Мырзашөл ауданында жұмыс істеп жүрген жылдары әртүрлі өндірістік тауарлар мен көйлектер әкеліп сатқан. 2 көйлек, 50 рубль, 2 бәтіңке, 75 рубльмен ұсталған. Тінту барысында тағы 2 көйлек, 124 рубль табылған. Сайрам ауданы халық сотының үкімімен ол да 5 жылға лагерьге айдалған.
ТОМА-дағы Салиев Миразухқа қатысты істе ол 1939-1940 жылдары малдарды сату-алумен айналысқаны көрсетілген. 1 сиыр, 2 ат, 3 қой, басқа да тауарларды Жамбыл қаласына алып барып сатқандағы анықталады. 1941 жылы 14 қаңтарда облыстық коллегиялық сотының судьясы Баймухамедов оны 5 жылға бас бостандығынан айырады.
Изаттуллаев Парпийге қатысты қылмыстық істе Қарабұлақ қышлағының НКВД уәкілі Мадусманов Усерқул 1941 жылы 24 желтоқсанда қой терісін өңдеп сатумен айналысқан П.Иззатуллаевты тұтқындайды. Істі аудан прокурорына өткізеді. Еш жерде жұмыс істемейтін П.Изаттулаевті 5 метр қара сатинді 14 рубльге сатып тұрған жерінде ұстаған. Одан бөлек 4 дана қой терісі, 16 метр маталар, қамыстармен қатар 120 сомдық мүлік тәркіленеді. Аудан сотының судьясы Махамбетовтің үкімімен П.Иззатуллаев 5 жылға бас бостандығынан айырылады.
Манкент селосының тұрғыны Ишанов Махмудтың қылмыстық ісінде олАқ Су селосында орналасқан ресторанға 70 кило етті үш мәрте әкеліп, әр килосын 16 рубльден сатқандығы анықталған. 1940 жылы 5 августта 3 қара малды Қарабұлақ базарынан сатып алған. Оларды сойып, ресторанға өткізіп отырған. Бірақ бұл ет саудасын ресторан директоры Коричев білмейтін болып шығады. Ол анықтама беруден бас тартады. М.Ишанов тағылған айыптарды мойындамайды. 13 сентябрде Ишанов облыстық сотқа кассациялық шағым түсіреді. Шағымы қанағаттандырылмайды. Сайрам ауданы халық сотының 5 жылға бас бостандығынан айыру үкімін облыстық сот өз күшінде қалдырады.
Сайрам селосының тұрғыны Мадиев Имамсаид «Красный Пресня» колхозынан 1942 жылы 13 сентябрде 8 мың рубльге жылқылар алып, оларды Ташкент қаласына алып барып, 16 мың рубльге сатқан. Онымен Халиқходжаев Акрам, Моминов Қарымщиқ бірге әрекет жасаған. НКВД-ның аудандағы жедел уәкілі Бердалиев оларды ұстап, тергейді. И. Мадиевтен тағы 5 пұт ұн табылады. Әр пұтын 1600 рубльден сатқан. Сондай-ақ, 1 қой, 2 пұт жүгері, 1 пұт ноқат және одеялдар, свитерлер, құлақшындар, т.б. тәркіленген.
1943 жылы 23 январьда Сайрам ауданы «Базар Қақпа» ауыл кеңесінде өткен ашық сот мәжілісінде куәгерлер Тұрсынбаева, Ахметовтер және адво-кат Ягатованың қатысуымен сот процесі өтеді. Адвокат Ягатов Мадиевті ақтауды сұрады. Сот төрағасы Бөлекбаевтың ұйғарымы бойынша И.Мадиев-ті 5 жылға бас бостандығынан айырады. Мал-мүлкінің жартысы тәркіленеді. Одан басқа 2,5 жыл сайлау құқынан айырады.
ТОМА-дағы «Сайрам ауданы прокуратурасының материалдары» атты №168қорда да 107 бапқа қатысты істер кездеседі. Айталық, 1936 жылы 27 жастағы Нажметов Абдукарим мен 33 жастағы Абдуллаев Абдуманапқа қатысты іс қозғалған. Олар Манкентте тұтқындалған. Нажметовтен — 1078 рубль, Абдуллаевтан 909 рубль табылған. Еш жерде жұмыс істемейтін екеуі Ташкентке барып, әртүрлі тауарлар әкеліп Сайрам, Манкентте үстеме бағамен сатқан. «Алыпсатарлық» бабы бойынша қылмыстарын мойындамаған. «Ташкенттен тауарларды өзіміздің қажеттілігіміз үшін алдық» деп түсініктеме берген. Куәгерлердің айтуынша, олар Ташкентке бірнеше мәрте барып-келіп сауда жасап жүрген екен. ОГПУ-дің арызымен прокуратура қозғаған істері сотқа жеткен. 1987 рубльдері кәмпескеленіп, мемлекеттік банкке өткізілген. Екеуі де 2 жылды арқалап кеткен. Бұл істі НКВД уәкілі Ктыченко деген жүргізіп, анықтама берген.
Шымкент қаласының тұрғыны Курбанов Салман 1942 жылы Ташкенттен аяқ-киім — махсы, етік, сөмкелерді әкеліп, қымбат бағаға сатқан, куәлердің, жәбірленушілердің арызы бойынша Сайрам аудандық халық соты оны 10 жыл бас бостандығынан айырған.
Президент Қ.Тоқаев 2020 жылы 24 қарашадағы қаулысымен «…заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын толық аяқтауды» тапсыруына байланысты үш жылға таяу уақыттан бері жергілікті жерлердегі ақтау комиссиялары жұмыс істеп келеді. 107-бап бойынша құғын-сүргін көргендер ақталмапты. Сайрам ауданы бойынша құрбандар баршылық. Олар «қылмыстарына» сәйкес жазасын лагерьлерде өтеп шықты. Бірақ олардың «алыпсатарлық» қылмыстары «антисоветтік элементтер» ретінде қабылданып, саяси қуғын-сүргіннің әділетсіз азабын көрді.
Архивтегі құжаттарды оқи отырып, алыпсатарлық «қылмыстарды» халыққа жасаған қылмыс деуге келмейтіндігіне көз жеткізуге болады.
Бахадыр Айтай,
ОҚМПУ-дің аға оқытушысы, т.ғ.к. Саяси құғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі.