Жақында жұмыстан қайтып бара жатып ұлым оқитын мектепке соққан едім. Директорын, бірқатар мұғалімдерін танимын, кей-кейде жолым түсе қалса сәлемдесіп, жағдай сұрасатыным бар.
Директор неге мұңайды?
Бірден байқағаным – мектеп басшысының көңіл-күйі пәс көрінді. Себебін сұрадым. «9-сыныптағы бір оқушымыз проблема тудырып отыр. Үйіне қонбағанына бірталай күн болған. Бүгін шақырып алып, анасына ертіп жіберсем, жарты жолда тағы да басқа жаққа кетіп қалыпты. Дүкеннен сауда жасағанын да білдік. Енді сол уайым болып отыр. Бірдеңені бүлдіріп немесе бірдеңеге ұшырап қалса, басымызға дау тудырады ғой», – дейді мұңайып. «Үйіне не себепті бармай жүр екен, біле алдыңыздар ма?» – дедім. «Иә, білдік. Үйден қашуға себеп болардай да нәрсе емес, негізі. Осыдан бір жыл бұрын болған оқиғаны сылтау етіп жүргенге ұқсайды. Шашы өсіп кеткен соң әкесі қысқарту керегін ескерткен екен, екеуі соған бола сөзге келісіп қалған. «Бас менікі, шашты қысқартам ба, қысқартпаймын ба өзім білем», — депті бала әкесіне. Өз ұлының мынадай сөзіне әкенің реакциясы қандай болуы мүмкін? Араларында анық не болғанын білмейміз, мүмкін әкесі сөзін тыңдата алмаған соң тілдеді ме, нұқып жіберді ме – ол жағын айтпайды. «Үйге барғым келмейді», – дейді бар болғаны. Түсініксіз. Әкесі ренжітсе, одан бері бір жыл өтті, содан бері үйінде тұрып келді ғой. Сондықтан айтқанына сенер-сенбесімізді де білмейміз. Өзі смартфонға әбден үйір боп алған. Мүмкін соның теріс әсері тиіп жатыр ма, білмедік. Енді, амал жоқ, полицияға жүгініп, арнайы есепке алдырамын ба деп отырмын. Әкелер кеңесін шақырып, мән-жайды анықтасақ, ақылдассақ деген де ой бар», – дейді мектеп директоры.
Мектеп басшысының жұмысын оңай көреміз ғой, ұжымды дұрыс басқарып отырса бәрі де қалыпта болады деп ойлаймыз. Бақсақ, бір ғана баланың теріс ісі оны кәдімгідей әбіржітіп қояды екен. Егер сол бала бірдеңеге ұрынып қалса, бірдеңе бүлдірсе, шынында да бірінші соққы мектеп басшысына барып тиетіні рас қой. «Қайда қараған, не бітіріп жүрген?!» деп күстаналаймыз. Ал мәселе оқушыда немесе оның отбасында болса ше?
«Мейіріммен, махаббатпен тәрбиелеу керек»
Осы жай бізді ойландырды. Бас қосқан жерде ортаға салып, біраз пікірлер естідік. «Балалар тәрбиені көшеден алып жүр, телефонның қолжетімділігі де қосымша сор болды, бұл соның әсері», «мұғалімде бедел жоқ, бәрі содан, бұрынғы мұғалімдер сабап жатса да бетіне келмейтінбіз», «мүмкін ол баланың үйінде тәрбие жоқ, әкесі ме, шешесі ме нашар адам шығар», «кейінгі кезде кей психологтар мен коучтар «бала құқы», «жеке өз шекарасы» деген бірдеңелерді айтып, балалардың миын улап жүр, соларға тыйым салу керек!» деген сияқты пікірлер айтылды. Осылардың қай-қайсында болса да белгілі бір деңгейде шындық жатқандай көрінді бізге. Ал қаладағы «Білімді ұрпақ» мектебінің ұлттық құндылық үйірмесінің жетекшісі Гүлмира Сұлтанның (суретте) айтқандары бізді ойландырып қойды. Біз оны оқырман назарына қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік.

«Ол баланың басынан қандай жайдың өтіп жатқаны белгісіз болғандықтан бірдеңе деу қиын. Дегенмен, ата-аналар біле жүруі тиіс бір жайт жөнінде айта кетсем деймін. Мүмкін біреулерге пайдасы тиер.
Негізі жасөспірімдік кезеңде баланың мінез-құлқында өзгерістер пайда бола бастайды ғой. Сондықтан оны біржақты кінәлауға да болмайды. Ата-аналар үшін ең қиын кез осы. Бала өзінің есейгенін білдіріп, түрлі мінез шығара бастайды. Ал ата-ана үшін ол әлі бала, бұрынғыдай алдағанға көне сап, жұмсағанда құстай ұшып кете берсе дейді. Дәл осы кезде ата-ана мен бала арасында түсініспеушіліктер пайда болатыны бар. Біз көбіне өзіміздікін ғана дұрыс көреміз. Кейде балаға қысым көрсеткенімізді де аңдамай қаламыз. Мысалы, тіршілік күйбеңінің түрлі түйткілдерінен қажыған кей ата-ана: «Осы саған не жетпейді?! Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда. Сендей кезімізде біз…» деп ақыл айтып, тіпті ұрсып, жазалауы да мүмкін. Негізі қанша қиын болса да тап осы кезеңде балаға дос боп сырласу маңызды. Езіп ақыл айтқаннан немесе ұрысқаннан пайда жоқ. Олай етсеңіз, бала айтқаныңызға сырттай көнген секілді көрінгенімен іштей қарсылық туындап, сенімсіздік пайда болады. Сосын ол сырттағы адамдарды жақын тартып, дос тұта бастайды. Ал ол адам қандай екенін біз білмейміз. Жанашыр, дос боп көрініп, баланың аңғалдығын өз мақсатына пайдаланып кетуі де мүмкін.
Уақыт өте келе қанша ұрысса да, қандай болса да өмірде өз ата-анасынан жақын жан болмайтынын баланың өзі түсінгенше өмірінде өкінішті жағдайлар орын алып кетуі мүмкін. Сондықтан «Он бес жастан кейін баламен досыңдай сырлас» деген сөзді есте ұстаған абзал болмақ.
Сейілбек Мырзабайдың «Балалықтан – даналыққа» деген кітабында «Егер балада бірдеңе дұрыс болмаса, онда ата-ана жақтан жел соғып тұр, ата-анада бірдеңе дұрыс емес» деген ой айтылады. «Инстаграмға» қызығады деген сияқты баланы біржақты кінәлай беруге де болмайды. Оған жайлы жағдай жасау керек. Оны тыңдай білу керек. Мысалы, өз проблемасын айтып келе жатса, тыңдағымыз келмейтіні бар. «Осы сендерге не жетпейді? Біз баяғыда…» деп пәлсапа қуып кетеміз. Ол мүмкін басқа нәрсе айтайын деп тұрған шығар, соны тыңдаған дұрыс. Стивен Ковидің «Жасампаз жанның жеті дағдысы» деген кітабы бар, сол кітапта да осыны – баланы эмпатиямен тыңдай білмейтінімізді айтады. Балаға мейіріммен, махаббатпен қарау керек. Біздің ата-аналар осындай кітаптарды оқып тұрса да болар еді. Ата-ана отбасын құруға ғана емес, өмірге келген баланың жан-жақты өсіп-жетілуіне де терең мән бере жүргені дұрыс. Физикалық қана емес, эмоциялық, психологиялық, әлеуметтік, рухани өзгерістерін байқап, біліп, түсініп жүрген жөн. Бізде осы жағы кемшін соғып жатады. «Бізді әке-шешеміз былай тәрбиелеген…» деп басын ауыртпай, сауаттылықпен тәрбие бере білуіміз керек.
Өзімнің әжем: «Баланы тым бос та жібермеу керек, оған аса қатал болмау да керек» деп айтып отыратын. Бала тәрбиесінде осындай тәсіл қолданып, керек кезде еркелетіп, қажетінде қатаңдық көрсетіп отырған дұрыс. Ата-ана алдымен өзін дұрыс тәрбиелесе, бала соған қарап өседі. Қанша мінсізбін дегенмен өз ата-анасының кемшіліктерін бала біледі. Сөзімізді өткізе алмай жатсақ, онда кемшілікті өзімізден іздеуіміз керек. Олардың алдында өзіндік беделіміз болуы тиіс.
Балаға 5-12 жас аралығында құндылық берген маңызды. Ертегі, аңыз, жыр, қисса, дастан оқып беріп өсіру керек. Дастархан басында сондай құндылықтар туралы әңгіме айтылғаны дұрыс. Тіпті болмаса ата-бабаларының ішіндегі мықты адамдардың өмірбаянын айтып беру керек. Сонда бала соған еліктеп өседі, балада мен де соған ұқсап өсуім керек деген идеал пайда болады. Егер 5-12 жас аралығында осындай құндылықтар құйылмайтын болса, кейінгі айтылғанның бәрін ол жүре тыңдайтын болады, мән бермейді.
Балаға үйде жайлы жағдай жасауға мән беру керек, онымен лажынша сырлас болуға тырысқан жөн. Әрине, жөн-жосықсыз жеке шаруасына араласып, тым қадағалай берген де балаға жағымсыз әсер етерін естен шығармаған жөн. Ата-ана алдымен өзінің мінез-құлқына, баламен арадағы қатынасына мән бергені дұрыс», – дейді балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп жүрген ұстаз.
Әрине, біз үйінен қашып жүрген баланың әрекетіне нақты не себеп болып отырғанын білмейміз. Оның басқа себебі бар болуы да мүмкін. Енді ол жағын ұстаздар мен тиісті мамандар анықтай жатар. Қалай болғанда да көп нәрсенің үйдегі тәрбиеге байланысты екені даусыз. Сондықтан мектеп мұғалімінің бұл айтқандары әрбір ата-анаға ой салса екен дейміз. Бала тәрбиесінде ең алдымен өзіміз мұқият, мығым болайықшы.
