Әлеумет

«ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҒЫН АЛЫП БЕРЕМІН…»

деген – алаяқтың  әрекеті

Әлеуметтік желілерде және онлайн-хабарландыру платформаларында ең төменгі жеткіліктілік шегінен (ТЖШ) асатын зейнетақы жинақтарын кез келген азаматқа алып беруге делдалдық қызмет көрсетеміз деген ұсыныстар әлі де кеңінен таралуда. Бұл – алаяқтық әрекет.

Мұндай қызметтер үшін олар алдын ала төлем жасауды талап етеді, яғни оны көрсетілген қызметтің ақысы ретінде негізсіз сұрайды.

БЖЗҚ ескертеді: біржолғы зейнетақы төлемдері делдалсыз және комиссиясыз жүргізіледі. Күмәнді схемаларға қатысуға келісу арқылы сіз тек қаражатыңыздан айырылып қана қоймайсыз, сонымен қатар жеке деректеріңіздің қауіпсіздігіне де қатер төндіресіз. Мұндай мәліметтер кейіннен өзге де алаяқтық әрекеттерде пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ, зейнетақы жинақтарын ҚР Әлеуметтік Кодексінде көзделген жағдайларда ғана алуға болатынын ескертеміз. Атап айтсақ, ол — зейнет жасы, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2 топ мүгедектігінің белгіленуі, ҚР аумағынан тыс ТТЖ кету, мұрагерлік.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу ақысын төлеу мақсатына заңмен бекітілген талаптарды орындаған жағдайда, мына санаттағы азаматтар құқылы: ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинағы бар салымшылар; зейнетақысы жоғалтқан табысының (бұрын алынған жалақысының) кемінде 40 пайызын құрайтын зейнеткерлер – олар шотта қалған жинағының 50 пайызына дейін пайдалана алады; еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер (жинағының 100 пайызына дейін); зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан салымшылар (жинағының 100 пайызына дейін).

Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге немесе емделуге мақсатты пайдалану тек уәкілетті операторлар – екінші деңгейдегі банктер арқылы ғана жүзеге асырылады. Бұл үшін делдалдық қызметтер қажет емес және ақы да алынбайды. Күмәнді әрекетке қатысуға келісе отырып, сіз ақшаңызды жоғалту қауіпін тудырып қана қоймай, болашақта басқа алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін жеке деректеріңіздің сақталуына да қауіп төндіресіз.

БЖЗҚ өз салымшылары мен алушыларына мұндай ұсыныстарды елемеуге, тек ресми көздерден ақпарат алуға және құқықтық тұрғыдан қорғалған салада ғана әрекет етуге кеңес береді.

Бизах Бекбердиев,

БЖЗҚ АҚ Шымкент қаласы филиалының бас маманы.

—————-

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *