Басты жаңалықтар Мәселе

Ел түспеген көшелерге жол түсіру қаншалықты дұрыс?

Халық қоныстанамын дегенше асфальтты шөп баспай ма?

Шымкент көркейіп те, кеңге қанат жайып та келеді. Көркейгенін қалада салынып жатқан зәулім ғиамараттар дәлелдесе, кеңге қанат жайғанын шаһардың шеткі аймақтарындағы адам қоныстана қоймаған жерлерге де асфальт жол төсеп, бос көшелерді самаладай жарқыратып қойғанынан байқауға болады.

Мегаполис бүгінде солтүстік бағытқа қарай дамып, «Тұран», »Нұртас», «Шымсити», «Асар», «Бозарық» секілді шағынауд андарына тіршілік те, құрылыс та қайнап жатыр. Ал оңтүстік бөлігі, яғни «Қарабастау», «Жалын», «Жұлдыз» тұрғын алаптарында, керісінше, халықтың қоныстануы баяу. Жылына шамамен жаңадан 5-6 үй салынса салынады, болмаса ол да жоқ. Соған қарамастан бұл жақта үй түспеген көшелерге жаппай асфальт төсеп, жарық тартып тастады. Көше шамдары бос көшелерде де түні бойы жарқырап тұрады.

Жалпы, елсіз жерге, дәлірегі,  әлі ел қоныстанбаған көшелерге асфальт төсеп, жарық тарту қаншалықты дұрыс? Рас, Үкіметтің Қаулысына сәйкес, тұрғын үй салу үшін тұрғындарға учаске берілмес бұрын инфрақұлымдық жүйемен қамтылуы тиіс. Бұл – жаңадан қоныстанатын халық қиналмас үшін қабылданған құжат. Алайда, біз айтып отырған мәселенің өзегі басқада. «Қарабастау», «Жалын» тұрғын алаптарындағы жер учаскелері халыққа осыдан бірнеше жылдар бұрын берілген. Содан бері саусақпен санарлық қана үйлер салынғаны болмаса, ол учаскелердің басым бөлігі әлі бос жатыр. Жуық арада жаппай үйлер салынады деп те айту қиын. Ал, адам тұрмайтын жерге инфрақұрылым тарту және оны күтіп ұстау мүлдем тиімсіз, әрі қымбатқа түседі. Енді негізгі сұрақ: бос жатқан асфальт жолға келесі жылы-ақ жантақ өсіп, жарықшамдар сынып, газ құбыры, су жүйелері жарамсызданып қалмай ма? Бұған нақты жауап беру қиын, әрине. Есесіне, әлгі учаскелерге жылдамдатып үй салынып, тұрғындар жаппай қоныстанады деген үміттен гөрі пайдаланусыз жатқан асфальт жол жылдам тозып, жарамсызданатын болды деген қауіп басым.

Мұны бір деңіз. Екіншіден, халық тығыз қоныстанған, жолы нашар аймақтар тұрғанда, елсіз жердің инфрақұрылымына қаржы бөлу әлеуметтік наразылық тудыруы мүмкін. Нақты экономикалық немесе стратегиялық мақсаттағы жол болса оны ертерек салған дұрыс. Ал егер ешқандай перспективасы жоқ, жай ғана бос жатқан жер болса – бұл қаржыны тиімсіз жұмсау болып табылады. Оның үстіне елсіз жерде самаладай жарқырап тұрған жарықшамдарға жұмсалған электр энергиясының ақшасын төлеу – құмға сіңген судың кейпін кешпей ме? Адам тұрмайтын бір ғана бөлменің жарығын сөндіріп жүрудің өзі отбасы бюджетін үнемдейтін болса, үйлері жоқ көшелерге босқа жарық беру қала қазынасы үшін қаншалықты шығын екенін есептей беріңіз. Оның үстіне Шымкент өзін өзі толықтай электр энергиясымен қамтамасыз ете алмайды. Бүгінде шаһар өзін электр энергиясымен негізінен Қазақстанның ішкі бірыңғай энергетикалық жүйесі есебінен қамтамасыз етеді. Қаланың күнделікті тұтыну қуаты орташа есеппен 390-420 МВт шамасында. Қалаға келетін электр қуаты бірнеше негізгі ішкі және сыртқы энергия көздерінен бөлінеді. Қала тұтынып отырған қуаттың үлкен бөлігі елдің басқа өңірлеріндегі ірі станциялардан KEGOC ұлттық электр торабы арқылы жеткізіледі. Олай болса, сырттан келетін электр энергиясын бекерге шашу, елсіз жерге жол салып, оған «жантақ өсіру» қаншалықты дұрыс?

Біз осы сауалды Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахметке қойдық. «Адамдар қоныстану үшін алдымен инфрақұрылым тарту керек деген Үкіметтің тапсырмасы бар, – дедіМарлан Халдиханұлы. – Осы мақсатта асфальт төседік. Жол салмасақ тағы болмайды. Өйткені, жер учаскелерінің берілгеніне қаншама жылдар өтсе де адамдар үй салып, қоныстанбай жатыр. Жол түсіп, газ, су тартылды, көше жарықтандырылды, енді жаңа үйлер салынады деген сенім бар. Жарықты қоспасқа да амал жоқ. Өйткені, көшеге бір отбасы қоныстанса да оған жарық керек болады. Ал барлық көшенің жарықшамдарын өшіріп-қосу бір орталықтан басқарылады. Сол себепті бір көшеге жарық беру үшін барлық көшенің шамдарын жағуға тура келеді. Дегенмен, сіз айтқан мәселелер бойынша мән-жайды зерделеп көреміз».

Иә, тұрғындар ұзақ уақыттан бері қоныстанбаған көшеге адамдарды келтіру үшін жол салып, су, газ, жарық жүргіздік деген уәж қаншалықты ақылға қонымды? Үй салғысы келген адам қашан жол түседі, жарық жүргізіледі деп сарыла күтіп отыра бермейді. Керісінше, баспанамызды тұрғыза берсек, жол да түсіп, газ, су келіп қалар деген үмітпен бастайды. Жә, бұл бүгін таласып-тартысып, талқылайтын дүние емес, ертеңгі жағдайдың қалай қалыптасарын уақыттың өзі анықтап береді. Ендеше, ақырын күтелік.

Ұлықбек ҮМБЕТ. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *