Жуырда Шардарада ауданының Жаушықұм ауылында жыл басынан бері екінші отбасында үшем дүниеге келді.
Дүниеге үшем әкелу көп ананың арманы екені анық. Ал Орынкүл Нұрабаева осы үшемді өмірге әкелу арқылы 11 сәбидің анасы атанғанда қызыға қарағандар көп болыпты. Дегенмен, көп баланы өсіріп-жетілдіру оңай емес. Бүгінде өмірлік жолдасы Серік Ешмұратовпен екеуінің тәрбиесінде 8 бала бар. Үлкен екі қызы тұрмыс құрса, бір ұлы Ташкент қаласында жұмыс істеп жүр. Үйдегі сегіздің төртеуі санаулы күндерден кейін мектепке барады. Орынкүлдің өзі жұмыссыз. Серік ұл-қыздарын асырау үшін жалданып қой бағады.
Серік пен Орынкүлдің отбасы Өзбекстаннан көшіп келген соң Алатау батыр ауылына қоныстанған. Кейін Жаушықұм ауылынан 2 бөлмелі ескі үйді сатып алып, шамалары келгенше жөндеген. «Біз алған баспана Жаушықұм ауылының негізі қаланғанда Үкіметтің құрылысшыларға арнап салған үйі екен. Бір аулада қабырғалас төрт пәтер орналасқан. Мен Шардара қаласында жер телімінің кезегіне тұрдым. Бірақ оны жуық арада ала алмайтын секілдімін», – дейді отағасы Серік мырза.
Шардара қаласының әкімі Олжас Айдосов 11 баланы дүниеге әкеліп, асырап отырған Серік Ешмұратовтың отбасына қолқабыс жасап, жер телімін кезексіз алуға жәрдемдессе үлкен сауап іс болар еді деп ойлаймыз. Әрине, бәрі де заң аясында. Өйткені, бүгінде олар 2 бөлмелі аядай ескі үйде 10 адам қысылып-қымтырылып тұрып жатыр. Әр балаға тиісті жағдай жасалуы керектігін ескерсек, Серік Ешмұратовтың отбасындағы сәбилер жуық арада ондай мүмкіндікке қол жеткізе алмасы анық. «Қатар келген үш сәби бізге Алланың берген үлкен сыйы, – дейді Орынкүл Нұрабаева. – 3 миллион теңгенің сертификатын табыстаған аудан әкімі Арман Қарсыбаев мырзаға, үш сәбиге қоларба сыйлаған Ислам Әбішев ағамызға, балаларға қажетті заттарды алып беріп, үшемдердің денсаулығын бақылауға алған аурухана қызметкерлеріне алғысым шексіз. Әрине, ешкімге міндетіміз жоқ қой, дегенмен шиеттей бала-шағамен екі бөлмеде қысылып отыру айтарлықтай қиындық тудырады екен. Сол үшін Үкімет тарапынан берілетін тиесілі көмекті алсақ дейміз. Мектепке баратын 4 баланың киімі мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарын алудың өзі ауыр болуда. Ең керегі баспана. Баспана жайлы болмай, сапалы ұрпақ тәрбиелеу өте қиын».
Көпбалалы отбасының жағдайына байланысты Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Ерболат Құдайбергеновке хабарласқанымызда, ол кісі О.Нұрабаеваны шақырып, АӘК алу үшін құжат дайындау қажеттігін ескерткенін айтты. Сондай-ақ, демеушілер тартып, мектеп жасындағы үш қызын киіндірмек ниетте екен.
Иә, дүниеге үшем алып келіп, 11 баланың ата-анасы болып отырған отбасыға қандай көмек көрсетілсе де артықтық етпейді. О.Нұрабаеваның өзі айтқандай, перзенттері үшін ешкімге масыл болып, міндет артқысы жоқ. Бірақ бүгінгідей қымбатшылық заманда әр баланың ішіп-жемі мен киіміне жұмсалатын шығынды есептесек, қыруар қаражат қажет екені түсінікті. Сол үшін он бала туып, асырап отырған отбасыға Үкімет баспана сыйласа да артық етпейді. Елімізде мұндай отбасылар көп емес қой, есесіне демографияның оңалуына оң септігі болар еді. Әлемдік спорттық додалардан жүлделі оралған спортшыларға да пәтер, мол ақша беріліп жатыр емес пе? Батыр аналардың еңбегі ол спортшылардан артық болмаса, бір мысқал да кем емес. Демеушілер тарапынан көлік сыйланып жатса да жарасымды. Өкінішке қарай, мемлекетімізде он бала туған батыр аналарға мұндай қамқорлық жасалмай отыр. Еліміздің демографиясына өлшеусіз үлес қосып отырған отбасылар мемлекеттің ерекше қамқорлығына алынуы тиіс деп ойлаймыз. Сонда ғана дені сау, сапалы ұрпақ тәрбиелеу мүмкіндігі артады.
Балқы БАЗАР.
