Басты жаңалықтар Құқық Шымкент

Шымкент жемқорлардан тазарып жатыр ма…

әлде олардың қатары көбейген ба?

  

Жемқорлық – біздің қоғамның өзегіне еніп, әбден орнығып алған дерт. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері шарықтап «дамып» кеткені соншалық, бүгінде оны түбегейлі жеңе алатынына жұрт сенбейді. Мысалы, кезінде Мәжіліс депутаты болған, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Руслан Берденовтің аузынан шыққан «Шымкент – жемқорлықты тоқтатқан Қазақстандағы алғашқы қала», «Шымкентте мемлекеттік сатып алулар мен құрылыс саласында сыбайлас жемқорлық 100 пайыз жойылды» деген сөздерге күле қарағандар көп болды. Тірлігін пара алып, пара беріп бітіріп, қолайы келген тұстан мемлекет мүлкін жымқырып үйреніп қалған жұрттың санасында «пара бермесең ісің бітпейді», «көрсеткен қызметің үшін ақы алмасаң, ақымақсың», «бал ұстаған бармағын жалайды» деген сияқты ұғымдар берік ұялап қалған. Қоғам осыған бейімделіп кеткен.

 Үш басшы ұсталды

Жемқорлықты жоюға бағытталған жұмыстардың нәтижесі ме, әлде жемқор жайлаған қоғамдағы келеңсіз көрініс пе, әйтеуір соңғы бірер аптаның ішінде Шымкентте бірнеше лауазымды тұлғаның ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Осыдан кейін «Шымкентте жемқорлық жойылмаған екен» деген сөздер айтыла бастады. Мысалы, жуырда Шымкенттегі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовтің уақытша оқшаулау абақтысына қамалғаны жайында белгілі болды.

Жарияланып жатқан деректерге қарағанда, А.Әбдешовке «бөтеннің мүлкін заңсыз иеленген» деген күдік келтірілуде. Тергеу жүргізілуде. А.Әбдешов кезінде Оңтүстік Қазақстан облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасында жауапты қызметтер атқарған. 2017 жылдан бастап Жамбыл облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы, Тараз қаласының бас сәулетшісі болған. Оған қылмыс жасады деген күдік сол Жамбыл облысындағы қызметіне қатысты тағылып отыр деседі.

Таяуда Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар алаңында болған кезекті брифинг кезінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбекке осы мәселе бойынша сұрақ қойылған болатын. «Аталған жағдай оның Шымкенттегі қызметіне байланысты емес екенін атап өткіміз келеді. Мәселе бұған дейінгі атқарған қызметіне байланысты. Құзырлы органдар оның өткен кезеңдегі қызметіне назар аударып, соған қатысты сұрақтар туып отыр», — деген еді әкім орынбасары.

Енді Шымкент әкімдігі тұрғын үй басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің қамауға алынғаны туралы айтылып жатыр. Н.Жүнісбековтің бұл лауазымға тағайындалғанына алты ай ғана болған еді. ҰҚК қызметкерлері оны Астанада жүрген жерінен ұстап, уақытша оқшаулау абақтысына қамапты. Оған лауазымдық құзіретін асыра пайдаланған деген күдік келтірілуде екен. Бұл аздай, қаладағы Тұран аудандық полиция басқармасының бастығы істі болғаны туралы сөз тарады. Оған қарамағындағы оперативтік бөлім қызметкерімен бірге пара алды деген күдік келтірілуде. Полицейлер бір қылмыстық істі өзгертуге әрекет жасап, сол үшін пара алған деседі. Полиция бастығы мен қызметкерін ҰҚК өкілдері ұстаған. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу басталып кетті. Мұның барлығы, әрине, мегаполис әкімі Ғабит Сыздықбековтың беделіне нұқсан келтіріп, рейтингіне кері әсер ететіні түсінікті. Тіпті, әлеуметтік желіде «қала әкімі отставкаға кетсін» деген талап посттар жиілей бастады. Керісінше, қазіргі әкімнің іскерлігін сөз етіп, әлі де біраз уақыт жұмыс істеуіне мүмкіндік беру қажеттігін айтып жатқандар да аз емес. Осылайша халықтың көзқарасы екіге жарылған секілді. Қалай болғанда да жемқорларды құрықтаған сайын олардың қатары азаюдың орнына көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Өйткені, жемқоры көп елдің болашағы бұлыңғыр.

              Озық елдер бұл дертті қалай жеңген?

Міне, бас-аяғы оншақты күннің ішінде ғана Шымкентте осындай оқиғалар орын алды. Бұл жайлар әсіресе қоғамға жаны ашитын, қоғамдағы әділет пен тазалық жолында күресіп жүрген азаматтарға терең ой салып отыр. Жемқорлық қайтсек жойылады деген сұрақ оларды бірінші кезекте қатты толғандырады. Солардың бірі – Шымкент қаласындағы демократиялық күштер коалициясының жетекшісі, «Демократиялық институттарды дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Жарқынбек Сейтінбет былай дейді: «Ілгеріде мемлекеттік басқару тақырыбы бойынша арнайы сапармен бірқатар Еуропа елдерінде болғаным бар. Сонда шенеуніктерден соңғы 20 жылда ешкімнің де жемқорлық қылмыспен ұсталмағаны туралы естіген едік. Себебін сұраймыз. Бізде, мысалы, жемқорлықты тоқтату үшін ату жазасын ендіру керек деп айтып жүргендер бар ғой. Ал Еуропада өлім жазасын әлдеқашан алып тастаған, сонда да жемқорлық жоқ. Неге? Өйткені оларда шын мәніндегі демократия салтанат құрған. Адам санасы өзгерген. Адалдық, жауапкершілік бағаланады. Басшы қызметтерге халық сайлайды, басшылар халыққа есеп береді. «Менің бастығым – халық» дейді. Төрт жылда бір мәрте өтетін сайлауда қызметке тұратын адамның адалдығына, тазалығына, жауапкершілігіне үлкен мән беріледі. Егер сайланған адам бірдеңе бүлдірер болса, халық оны қызметінен алып тастайды. Бұған сайлаушылардың 10 пайызының дауыс беруі жеткілікті. Яғни олар халық бақылауына тәуелді. Партия атына кір келтіруден, халықтың сенімімнен айырылып қалудан қорқады. Міне, ашықтықтың, демократияның, таза сайлаудың құдіреті. Демократия мәдениеті, сайлау мәдениеті деген осы. Бізде де солай болса, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ сияқты дамимыз.

Жалпы, бізде де жемқорлыққа қарсы күрес жүріп жатыр ғой. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қызметке келгеннен «командам таза болуы керек» деп жемқорлыққа қарсы күрес жариялады. Дегенмен адамның бәрі бірдей емес, тендер жүріп, ақша көп айналатын жерлерде кейбіреу бірдеңені жымқыра салсам ешкім білмей қалады деп ойлайды. Қолы таза емес, рухы әлсіз адамға бәрібір, ол партия атына кір келтірдім, халықтың сенімінен айырылдым деп өкінбейді. Сондықтан бізде бірінші кезекте демократия, сайлау мәдениеттері дамуы керек. Қызметке адал адамдар алынуы тиіс, басшылық қоғамға жаны ашитын адамдармен жақындасып, кеңесе отырып жұмыс жүргізуі керек. Демократия, сайлау мәдениеті артып, адам санасы оң бағытқа өзгерсе, жемқорлық сонда ғана жойылады».

Қоғам жанашыры осылай дейді. Иә, қоғам дертінен айығуы үшін әсіресе қызмет сеніп тапсырылған әрбір адамның адалдығы, тазалығы, жауапкершілігі керек-ақ қой. Ал адалдықты бойға сіңіруді балабақшадан бастайтын ұлттық идеология керек.

Д. НҰРПЕЙІС.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *