Әлдекімдерге ұнамауы мүмкін,
бірақ біз мақтанудан алдымызға жан салмайтынымыз рас. Бұл турасында белгілі
математик Асқар Жұмаділдаев нысанаға дөп тигізе былай деп айтқаны бар-тын: «Біз немен мақтанамыз?! Қазір
сұрасаң: «Ойбай,
Шыңғысхан қазақ екен, ойбай, Адам ата қазақ екен, ойбай, Иса пайғамбар қазақ
екен» дейді.
Бұл нені білдіреді?! Бұл біздің ұлттың әлі дамып жетіспегендігін білдіреді.
Бала деңгейінде екенін білдіреді. Бұл – провинциализм. Өйткені, бүгін
мақтанатын ештеңесі жоқ, сондықтан өткенімен мақтанады. Сіз өткенмен
мақтанбаңыз. Сіз бүгінмен мақтаныңыз. Ал бір сәт Шыңғысхан қазақ
болды делік, одан не өзгереді, өзен теріс аға ма?..».
Рас, біздің бүгінгі жетістігімізбен кеуде қағар сәттер аз болғанымен, өткенімізде мақтанып айтар оқиғалар мен мақтан тұтар тұлғалар жетерлік, тарихымыз бай. Бірақ біз соларды да дұрыс сөйлетіп, лайықты бағалай алмай жүрген секілдіміз. Осындайда бір кісілердің «тарих дегеніміз — билікте отырғандардың жылнамашылары жазған бәлдір-батпақ» дегені кейде рас па деген ой келеді. Әбіш Кекілбаев қазақтың үш биі — Төле, Қазыбек, Әйтеке Ордабасыда бас қосты деген кезде оған қарсы уәж айтар қаламгер табылмаған екен. Бірақ түрлі зерттеулерден кейін Ордабасыға Әйтекенің орнына Ақсауыт би келгенін Әбіштің өзі де мойындаған. Сол секілді кейбіреулер Төленің әкесі Әлібек 40-50 жас шамасындағы Қазыбекке би жауапкершілігін ұсынарда Төле 13 жаста болғанын жазып жүр. Ол ол ма, белгілі қаламгер Ғафу Қайырбеков Ташкентке келгенде алатақиялы ағайындар қолын кеудесіне қойып күтіп алып, Төлебидің басына апарса керек. Сонда олардың: «Бұл жерде Төле емес Қарлығаш би жатыр» деген сөзіне сеніп (бәлкім еріп), «қазақта Төле би деген тұлға болмаған, ол қолдан жасалған аңыз адам» деген мағынада республикалық газетте мақала жазғанын қалай түсінуге болады? Сол кезде Шойбек Орынбай секілді санаулы ғана адам бұл нұсқамен келіспей, өз дерек-дәйектерін алға тартпағанда бұл күнде Төле биді «тарих моласына» көміп тастамасымызға кім кепіл? Мұндай сорақылықтарды санай берсеңіз бүгуге саусақ жетпейтіні сөзсіз.
Әрине, өткеніміздің бай екенін мақтанып айтқанға не жетсін. Бірақ, бұрмалауға жол беруге болмайды. Кейінгі ұрпаққа ақиқат ақпар, оң жол көрсетілуі тиіс. Бәлкім «бұрын жазу-сызу болмады, қазіргі мәліметтердің бәрі ауыз әдебиетінің нұсқалары» деп ақталармыз. Бірақ сонау тас дәуірі емес, осыдан үш-төрт ғасыр бұрынғы оқиғаларды да дұрыс зерттеп, ақиқатын ашып бере алмай келе жатқан жоқпыз ба? Бір ғана мысал: әліге дейін атақты үш биіміздің туған жылдарын, кім кімнен үлкен немесе кіші екенін нақтылай алмай келеміз. Осы тақырып аясында белгілі қаламгер, тарихшы Шойбек Орынбай былай дейді: «Біз қазақ тарихындағы үш биіміз туралы әліге дейін нақты мағлұматтарды айта алмай жүрміз. Мысалы, Әйтекені үш бидің ішіндегі жасы кішісі дейді. Бұл дұрыс емес. Негізі Әйтеке би Төле биден 12 жас үлкен болса, Қазыбек би екі жас кіші. Дей тұрғанмен үлкен ұлдың баласы деп жиындарда сөзді бірінші болып Төле биге беріп отырған. Кей деректерде Төле би 93 жаста дүние салды делінеді. Қытай деректеріне қолымыз жете бастағанының арқасында Төле би қайтыс болған деген уақытта оның тірі жүргені белгілі болуда. Демек, Қытай дерегіне сүйеніп, Төле бабамызды 98, 99 жасында дүние салды деп топшылағанымыз дұрыс. Ал енді кей деректерде, тіпті мемлекеттік мекемелердің өзінде бабаларымыздың туған және қайтыс болған жылдары әртүрлі жазылып жүр. Мәселен, бір жерде Төле бабамыз 1657 жылы туылып, 1756 жылы қайтыс болған десе, енді бір жерде 1663 жылы дүние есігін ашып, 1756 жылы бақилық болғаны жазулы. Сол секілді Әйтеке биге қатысты да туған, қайтыс болған жылдары 1644-1700, 1689-1766 деп екі түрлі жазылып жүр. Бұл дұрыс емес. Біз осы кезге дейін дерек-дәйектерді жыр-дастандардан алып келдік. Қожаберген жыраудың «Елім ай» деген жыр-дастанында «Жоңғар шапқыншылығы кезінде Төле би қоныс аударып кетті, Әйтеке би бір жыл бұрын өлді» деген жолдар бар. Демек, Әйтеке би дүние салғанда Төле би тірі болған. Бұлардың жасы үлкені де, өмірден бірінші өткені де Әйтеке би. Жалпы, Әйтеке би 1651, Төле би 1663, Қазыбек би 1665 жылы дүниеге келді деген нұсқа дұрыс деп ойлаймын.
Әрине, мұндай қателікке жол берудің түрлі себептері болуы мүмкін, бірақ, тарих қателікті кешірмейтінін ешқашан да ұмытпауымыз керек. Тарихты бұрмалаған, әдейі өзгерткен адам жауапсыз қалмауы тиіс. Әсіресе, арнайы бақылаудың жоқтығынан бүгінде әркім өз білгенінше тарих құрастырып, бабасынан батыр, атасынан абыз жасап, кітап етіп шығару етек алды. Ақылдастар алқасының сүзгісінен өту, белгілі тарихшы, ғалымдардың рецензиясын алу секілді міндеттер өткен шақтың еншісінде қалып қойды.
Әз Тәукенің тұсында Төле, Қазыбек, Әйтеке хан кеңесіне кірген екен. Әр жүзден 12 би, бас-аяғы 36 би бас қосып, ақылдасып, 7 жарғыны дайындаған. Жарғы жаңадан жазылған жоқ, ол Шыңғыс ханның заманында елге қызмет еткен. Тәуке хан оны қазақтың болмыс-бітіміне, тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне лайықтап қайта жасатқан. Кейінгі ұрпаққа біз мұның барлығын анық және толық жеткізуіміз керек. Әркім өзінің ата-бабасын дәріптеп, ойына келгенін қағазға түсіріп, жасанды тарих жасауға жол беруге болмайды. Бұл тарихқа деген қиянат болмақ».
Иә, тарих дегеніміз математика ғылымы секілді нақты емес, бірақ, бұрмалаушылықты, білімсіздікті, қиянатты да кешірмейді. Байқасаңыздар, басқа емес, үш жүздің атақты билерінің өмірбаянының өзінде ала-құлалық бар. Ендеше басқа тұлғалар жайында не айтуға болады? Кейінгі ұрпақ алдында ұятқа қалмауымыз үшін тарихшылар тынымсыз жұмыс істеп, бұл мәліметтерді қазірден бір жүйеге келтіру аса маңызды. «Шымшық сойса да қасап сойсын» демекші, тарих тақырыбына әркімнің орта жолдан араласып, тарих бетін шимай-шатпаққа толтыруға жол беруге болмайды. Бұл үлкен жауапкершілік.
Ұлықбек ҮМБЕТ.