Мәселе

Партада отырып, порносайт тамашалаған ба?

Бүгінде білім саласында саналы адамның санасына сыймайтын түсініксіз жәйттер орын алуда. Ұстаздар бір-бірімен соттасып, оқушылар арасында қатыгездік үдеп барады. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың салдарынан миллиардтар жымқырылып жатыр. Енді, міне, партада отырып, порносайттарға кірген оқиғалар анықталуда.

Оқушылардың сабақ уақытысында рұқсат етілмеген сайттарға кіргені жайында жергілікті прокуратура анықтаған. Нақтырақ айтқанда, Жетісай ауданының прокуратурасы мектептерді тексеру барысында 31 білім ұясында оқушылардың рұқсат етілмеген сайттарға кіргені белгілі болған. Бұл жөнінде Түркістан облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мәлімдеді. «Білім беру ұйымдарында рұқсат етілмеген сайттарға бұғат қойылмаған. Оқушылар сабақ уақытында балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратқа, рұқсат етілмеген сайттарға кірген. Сабақ барысында оқушылар мұғалімдердің бақылауында болмаған, яғни мұғалімдер өздерінің лауазымдық міндеттерін орындамаған». Осылай деген департамент басшылығы тарапынан заңнама талаптарын бұзған 31 мектептің әрқайсысына 15 АЕК көлемінде (31 мектепке 1 716 780 теңге) айыппұл салынатыны жайында әкімшілік хаттама толтырылған.

Кез-келген ата-ана перзентін мектепке білім алсын деп жібереді. Ал олардың сабақ оқудың орнына порносайтқа кіріп жүргенін естіген ата-ана не ойлайды? Осыдан кейін мұғалімдерге, мектеп ұжымына қалай сенім артып, балаларының тағдырын тапсырады? «Бәлкім мұғалімдердің өздері де осы сайттың тұрақты көрермені болар» деген күдікті ой да қылаң беретіні талассыз. Қалай болғанда да мына жағдай еріксіз жаға ұстататыны шындық.

Прокуратураның мәлімдемесі кездейсоқ немесе дәлел-дәйексіз айтылмайтыны белгілі. Солай болса да өте ауыр айыптау тағылған мектеп басшыларының да пікірін білмек оймен тізімде аты көрсетілген білім ұяларының бірнешеуіне хабарласып көрдік. Әрине, мектеп басшысының прокуратураға қарсы уәж айтуы – жалаң қолмен арыстанға қарсы шығумен бірдей емес пе қазіргі заманда. Сол себепті прокуратураның толтырған хаттамасымен келіспеуге амалдары жоқ. Дегенмен, ашық айқасқа шықпаса да жасырын, яғни аты-жөнін көрсетпеуімізді өтініп, мәселенің мән-жайын баяндап бергендер де болды. Солардың бірі былай деді: «Прокуратура өкілдері келді, тексерді. Біздің мектеп ғаламторға қосылмаған. Бұл жөнінде білім бөліміне оқу жылы басталғалы бірнеше рет өтінім хат бергенбіз, прокуратура қызметкерін де хабардар еттік. Тиісті құжаттарды көрсеттік. Ол түсінген сыңай танытқан болатын. Алайда, акттағы айыптау басқаша болды. Ереже бойынша тексеру қорытындысы туралы акт сол жерде толтырылу керек, бірақ олар актіні бірнеше күннен кейін ғана берді. Осылайша ойламаған жерден «қара тізімге» еніп қалдық. Біз тексерген адамға хабарласып, неге бұлай болғанын сұрағанымызда ол кісіден «онда сіз айыппұлды төлемей-ақ қойыңыз» деген күтпеген жауап естідік». Осылай деген «жасырын директор» актіде көрсетілген айыпқа келіспесе де «тыныштық керек» деген оймен қол қойып бере салғанын жасырмады.

Осындай уәжді біз тағы бір мектептің басшысынан естідік. Ол да жоғарыдағы әріптесінің сөзін қайталады. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды демекші, бір емес, екі директордың тексеру қорытындысымен келіскісі келмейтінін айтқанына қарағанда шынында да тексеруші тарапынан бір шикілік орын алған болар деген күдік-күмәнді ой келеді екен. Әлгі директорлардың айтуынша, ғаламтор мегаполис — Шымкенттің көптеген елді-мекендерінің өзінде нашар болып жатқанда ауыл мектептері оқушыларының сабақ үстінде рұқсат етілмеген сайттарға кіріп, «қызық тамашалауы» қаншалықты ақылға қонымды?

Әрине, Жетісай ауданындағы мектептердің барлығында интернет желісі нашар деп біржақты баға беру әбестік болар. «Қара тізімге» енген мектептердің кейбіріне қатысты айыптау жөнсіз болған да шығар, бірақ, жалпы алғанда осындай мәселенің бары ойдан құрастырылмағаны, мәліметтердің аспаннан алынбағаны анық. Тіпті, бір мектепте осы тектес жайсыз жайттың тіркелгені алаңдатарлық мәселе. Жаман әдет жұққыш келетінін ескерсек, мұның жұқпалы аурудай белең алмасына кім кепіл? Сол үшін барлық мектептердің басшылығынан бастап, бүкіл мұғалімдері бұл істе мұқият болып, қадағалауды күшейтпесе болмайды. Кінәлілер жауапсыз қалмауы тиіс. Бұл мәселеге байланысты Жетісай аудандық білім бөлімінің бас маманы Асқар Тәтиев: «Ауданда ғаламторға қосылмаған мектеп жоқ. Егер мектепте ғаламтор жоқ болса, директорлар актіге қол қоймауы керек еді», — дейді.

Ия директордың қол қоймау керектігі түсінікті жайт. Бірақ қарапайым директор прокуратура өкілінің айыптауына қарсы шыға ала ма? Бұл өзекті мәселе. Ал кемшілікке жол берген мектепте оқушы қай күні, қай пән кезінде ғаламтордан рұқсат етілмеген сайтқа кіргенін анықтау қиындық тудырмаса керек. Сол арқылы сабақ барысында оқушыларды бақылауында ұстай алмаған, яғни өздерінің лауазымдық міндеттерін орындамаған мұғалімдерге шара көрсе болады. Өз міндетіне ұқыпты қарамаған мұғалімге мектептен орын жоқ. Өйткені, алдындағы әрбір бала – бір-бір тағдырдың иесі, ал тағдырмен ойнауға болмайды.

Ұлықбек Үмбет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *