Uncategorized

Түркістанда шегіртке шенеуніктердің өтірігін шығаруда

Шыны керек, шегіртке жыры жыл сайын қайталанғанымен, «аузымыз күйетін» түріміз жоқ. Құрғақ уәдеге құмар шенеуніктер «күресіп жатырмыз» дегеннен танбайды, шырылдауық шегіртке тайраңдауын тоқтатпайды. Биыл шегірткеден келер шығынның көп болуын болжаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды кабинеттен шығып, аудандарды аралап жүріп жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді. Шала жұмыстың салдарына жолыққанда «сапасыз жұмыс істейтін сендер, сөз есітетін біз боламыз!» деп ескерту бергенін де ел естіді. Бірақ, шегірткенің шегінетін түрі байқалмайды. Керісінше ауыларалық деңгейден, ауданаралық дәрежеге көтерілді. Сонау наурыз айынан бері шенеуніктердің шегірткемен күресі нақты нәтиже берер емес.

Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев сәуір айында журналистерге берген сұхбатында: «2024 жылға 3 препарат берілген, қазір екінші препаратты сеуіп жатырмыз, әлі үшінші препаратымыз бар. Біздің ендігі жоспарымыз — 5 мамырға дейін Келес ауданы бойынша дәрілеу жұмыстарын аяқтау. Қай жерде, қандай да бір қателік болып жатса, оны дер кезінде түзету үшін күн сайын кешке штаб отырысын өткізудеміз», – деп айтқаны ел есінде. Алайда, уақыт маусым айының ортасына ойысса да шенеуніктер шегірткені жеңе алмай келеді.

Мәселе не себепті мұншалықты күрделі күйге түсті? Осы сауалды алға тартып, Келес ауданы әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Мадияр Әшірбаевпен хабарластық. «Мемлекеттік тапсырыста жеңімпаз атанған мердігер шегірткені жылдам жоямыз деген болатын. Алайда, дәрілеу сапасы нашарлау болған секілді. Шегіртке Келеске Сарыағаштан, Сарыағашқа Арыстың Қожатоғайынан келеді. Әлімтау мен Қожатоғайдың арасы жақын. Ал Әлімтау мен біздің Бозайдың қойы қоралас деуге болады. Одан әрі Шардараның Жаушықұм өңіріне өтеді. Бұл шегіртке деген жүрген жерін тақырлап, тек алға жүреді. Былтыр қажетті жұмыстардың барлығын атқарып, шегірткенің шабуылынан аман қалған едік. Биыл Арыста, әлде Сарыағашта алдын алу жұмыстары нашар болды ма, бізге сол жақтан келіп жатыр ғой. 1 шегіртке 33 тұқым шашады десек, мұның салдары келесі жылы қалай болады, бұл өз алдына күрделі мәселе.

Шегірткенің қаншалықты деңгейде көбеюі мүмкін екенін алдын ала анықтайтын болжам орталығы бар, ал дәрілеумен басқа мекеме айналысады. Басқаша айтқанда, дәрілеу жұмыстарына ақша бөлетін де, дәрілейтін де біз емес. Біз тек жергілікті шаруалардың қамы үшін жүгіріп жүрміз. Солай болса да сын садағына ілігетіндер — әкімдік пен бөлімдер», — дейді бөлім басшысы.

Оқырманның есінде болса газетіміздің сәуір айындағы 16 санында «Шегіртке жағадан алғанда… шіркей етектен тартып мазалауда» деген тақырыппен мақала жазғанбыз. Онда Шардара ауданы әкімі ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Әлімқұлдың «Әзірге ауданға шегірткеден келер қауіп жоқ. Дегенмен, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Жалпы шегіртке 8 мың гектарға жайылуы мүмкін деген болжам бар. Ал онымен күрес 3 гектардан асқанда басталады. Әзір біздегі көрсеткіш оған жеткен жоқ. Жеткен жағдайда бастауға дайынбыз», – деген уәжі берілген еді. Бірақ, бүгінде шардаралық шаруаларды шегірткенің шырылдатып жатқаны белгілі. Сонда бөлім басшысы бізге жалған айтты ма, әлде шегірткемен күресуге шамасы келмей қалды ма? Бұл сұраққа жауап табу үшін Шардара ауданы әкімінің орынбасары Сержан Ілиясовқа хабарластық. «Жаушықұмдағы шегірткенің ошағын көктемде дәрілегенбіз. Қазір шегірткелер Арыс қаласының Қожатоғай мен Байтоғай ауылдарынан ұшып келіп жатыр. Дәрілеу жұмыстары жүргізілуде, 23 рет ұшақ ұшырдық. Күндіз шегіртке ұшып-қонып жүретіндіктен, дәрілеуді кешкі сағат 22-лерде бастаудамыз. Достық, Сүткент, Алатау батыр ауылдық округтерінде шегірткелер Сырдариядан өтіп жатыр», – деді С.Ілиясов.

Сұрау салған лауазым иелерінің жауаптарынан ұққанымыз, шырылдауық шегіртке Арыс өңірінен шығып, жан-жаққа тарап жатқан секілді. Сонда арыстықтар көктемгі жұмыстарды жүргізбеген бе, әлде оларға да басқа жақтан келіп жатыр ма? «Жасыратыны жоқ, алғашқы дәрілеу жұмыстары кезінде дәрінің сапасы нашарлау болды, – деп бастады әңгімесін Арыс қалалық аумақтық инспекцияның басшысы Мұратхан Шаханов. – Содан соң «Accent 200» деген препаратты алдырдық. Бұл жақсы шықты. «Дозасын» да көбейттік, қазір шегірткелер қырылып жатыр. 50-60 адам мен арнайы техникалыр тынбай жұмыс істеуде. Биылғы көктемнің жаңбырлы болуынан шөп қалың және биік болып өсті. Сол себепті сепкен дәріміз шөптердің түбіне дейін жетпей қалып жатты.

Шегірткенің өмір сүру мерзімі ұзақ емес. Олар әрі кеткенде маусымның жиырмаларына дейін «шеру тартады». Дәрілеуден аман қалғандары шілдеде өздері-ақ өліп қалады».

Жыл сайын шегірткемен күреске қыруар қаржы бөлінеді. Солай болса да шегірткеден біржолата құтыла алмай келеміз. Шардара, Келес және Сарыағаш аудандары Өзбекстанмен шекаралас. Алайда, Өзбекстанда шаруалар шегірткеден зардап шекпейді екен. Қалайша? Қит етсе Қытайға шапқылай бергенше неге көрші Өзбекстанның тәжірибесін үйренбеске? Белгілі әлеуметтік желі белсендісі Өмір Шыныбекұлы осы тақырып аясында былай деп жазыпты: «Шегірткемен шынымен күрестіңіздер ме, күрессеңіздер қалай күрестіңіздер? 2024 жылы Түркістан облысы «Шегірткемен күреске 8,1 млрд теңге бөлініпті» деп сәуір айында естіп едік. Шегірткемен күресуге бөлінетін қаражат тиісті орындарға өткен жылы аударылуы керек екенін ұғыну үшін, аса бір терең ой иесі болудың қажеті шамалы. Өзін өзі сыйлайтын мемлекеттерде күз-қыс айлары сор шаю мен топырақтың құнарын арттыру, топырақ қабаттарындағы түрлі зиянкестердің личинкаларын жою секілді түрлі агротехникалық шараларға арналады. Өзге жақтан келуі мүмкін зиянкестерден қорғану жұмыстары да қыс айларында жүргізілуі тиіс. Наурыз айында жер егіс салуға толық дайын тұруы керек. Ал қаржы кеш бөлінсе, одан нәтиже шамалы. Ол ақшаның қай құрдымға құйылатынын біз білмейміз (Тек шамалай аламыз). Маңдай соры бес елі салық төлеуші. Ал қарызға белшеден батып жататын диқан туралы бірдеңе айтудың өзі артық».

Иә, бүгінгі ахуал осы. Арыстағы аумақтық инспекция басшысы айтқандай, шегірткенің мұншалықты қаптауына дәрінің сапасы да әсер етіп жатқан болуы мүмкін. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өзі дәрілеушілерге: «Дәрілердің сапасы нашар ма, әлде су шашып жүрсіңдер ме, неге жұмыстарыңның нәтижесі жоқ», – деп ескерту жасаған екен.  Ө.Шыныбекұлының жазбасында айтылған 8,1 миллиард теңге өз орнымен жұмсалған болса, нәтиже болмауы мүмкін емес. «Соған қарағанда бір пысықайлар дәріге суды көп қосып жіберген жоқ па» деген күдіктің қылаң беруі де ақиқат. Соншама қыруар қаржы бөлініп, жұмыстың сапасы сын көтермей жатқанда облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасарының Астанаға ауысып кеткені қалай болды? Олар шаруаның көз жасына қаламыз деп қорықпайды ма екен? Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын деген осы шығар, бәлкім?!

Балқы БАЗАР

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *