Шымкент

 Су айдындарында абай болыңыздар!

Күннің ыстығында салқын самал, жанға жайлы шомылу аймақтарын іздеп кететін шымкенттіктер аз емес. Десе де мұндай саяхаттар кезінде су айдындарындағы қауіпсіздікке мән бермейтін, сақтық шараларын сақтамайтындар да жетерік. Төтенше жағдайлар саласының мамандары қауыпсіздікті қатаң сақтауды ескертеді.

Төтенше, оқыс оқиғаларды болдырмау үшін сала мамандары тұрғындар арасында үгіт-насихат, ескерту шараларын ұдайы жүргізуде. Жақында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Жастар ресурстық орталығының ерікті жастарын қатыстыра отырып, жазғы шомылу маусымы аясында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша, қала тұрғындары мен қонақтарына түсіндірме жұмыстарын тағы да жүргізді.

Нәтижесінде 1450 тұрғын үй, 27 тұрғын алап аумағындағы жұртшылық ескерту шараларымен қамтылды. Шомылуға рұқсат етілген Бадам су қоймасының «Рахат-Бадам» демалыс орны, Тоғыс су қоймасының «Холодильник» демалыс орны, Қошқар-ата өзенінің бастауы, Дендросаябақтың және «Жайлаукөл» саябағының жасанды көлдері аумағындағы демалушыларға да ескерту жасалды. Қала аумағындағы шомылуға тыйым салынған 13 орынға да арнайы барған мамандар ондағы тұрғындарға 1200 үнпарақ таратып, қатаң ескерту жасады.

Айтпақшы, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының ұйымдастыруымен KILT.FILM киностудиясы «Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелері» туралы қысқаметражды фильм әзірлеген. Төтенше жағдайдың алдын алу шаралары барысындағы бұл да бір игі істердің санатындағы шара болып отыр. Аталған фильм жер сілкінісі кезінде тұрғындарды дұрыс іс-әрекет ету дағдыларына үйретеді. Яғни, орын алуы мүмкін жойқын жер сілкінісі кезінде санитарлық және қайтарымсыз шығындардың санын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Шымкентте төтенше оқиғалардың алдын алу бойынша ілкімді тірліктен көп-ақ. Сала мамандары күні-түні оқыс оқиғаны болдырмау шараларымен айналысуда. Нәтижесінде, мегаполисте тыныштық пен қауіпсіз өмір сүру салты қалыптасқан. Бұл орайда Шымкентте өрт сөндіру, құтқару спорты бойынша республикалық турнир өтіп жатқанын да тілге тиек еткіміз бар. Осындай іс-шаралар сала мамандарын ширатып, оқыс оқиғаға әркез дайын болу режиімін қалыптастырады.

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қолдауымен өтіп жатқан турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен бағын сынау үшін құтқарушылар жиналды. Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлермен қатар, әйелдер құрамасы да бақ сынап жатыр. Командалар арасындағы бұл бәскеге Қазақстан Республикасының кубогы сарапқа салынуда. VII турнирге 300-ге жуық спортшы қатысуда. Жарыс төрт дисциплина бойынша, атап айтқанда, шабуыл сатысымен көтерілу, кедергілері бар 100 метрлік жолақтан өту, 4х100 м өрт эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю түрлерінен өтуде.

Ж.Шалабаева.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *