Әлеумет Құқық

Бәріне еркектер кінәлі ме?

Өкінішке қарай, соңғы кездері шайқалған шаңырақ, ойран болған отбасы көбейіп барады. Бейбіт күндегі мұндай жағдайды қасіретке теңеуге болады. Әрине, бұл қасіретке себеп болар келеңсіздіктер көп. Қоғам пікіріне құлақ салсақ, ажырасуға ең алдымен ер адамдар кінәлі ұқсайды.

Рас, отбасының беріктігіне отағасы жауапты. Алайда, бір отбасының екіге бөлінуіне әйел адамның да «үлесі» аз емес. Кінә бір жақты болмайды. Атам қазақ «Жақсы әйел жаман еркектің есіктегі басын төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркектің төрдегі басын есікке сүйрейді» деген сөзді босқа айтпаса керек-ті.

Жуырда біздің ауылда үлкен жиын өтті. Сол жерде Шардара аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Шерәлі Әбдіраманов тұрғындар арасында ажырасудың көбейгенін, оған негізінен ер адамдардың кінәлі екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда еркектер әйелдерін болмашы нәрсеге бола соққыға жыға беретін көрінеді. Бұл өз кезегінде ажырасуға себеп болады екен. Мен мұнымен келіспей, ауданның бас полицейіне сұрақ қойдым, бірақ, оған толық жауап ала алмадым.

Қазір көп жағдайда ерлі-зайыптылардың ажырасуына әйелдер жағы көбірек кінәлі секілді көрінеді маған. Бір емес екі, үш күйеуге шығып, олардан тапқан балаларына алимент алып отырғандарды білеміз. Еркек басымен өз үйіне кіре алмай, жұбайынан таяқ жеп жүргендер жайында естиміз. Мұндай кезде қалай бәріне еркек кінәлі деп бір жақты айтуға болады? Әсілінде әйел жақсы болса, жаман еркекті тентіретіп жібермейді.

Әрине біздің заң да көп жағдайда әйелдер құқын қорғайды, соларға жағдай жасайды. Тіпті, ол ерінен ажырасқан жағдайда жақсы өмір сүруіне мүмкіндігі артады. Баспана алуға жолы ашылады, алимент өндіреді, тағысын тағылар. Осыны білетін әйел қит етсе ажыраспағанда не істейді? Ал әйел билеген үйде береке болмайды. Ал еркектің өзін-өзі ақтап алуға аз мүмкіндік берілген. Сол себепті заңнамаға өзгеріс енгізу қажет деп ойлаймын. Әйел мен еркек ажырасқан жағдайда егер күйеуі азғындаған, маскүнем болмаса, ұл бала ер адамның қамқорлығында қалу керек. Өйткені, әке тәрбиесін көрген ұл нағыз ер болып өседі. Ана тәрбиесінде өскен ұл отаны түгілі өзін де қорғай алмайтын нәзік, кінәмшіл, өкпешіл болып өспесіне кім кепіл? Сол себепті, ажырасқан ерлі-зайыптылардың перзенттері көбінше анасының қарауында қалуы қателік деп айтар едім.

Қанат Бегалиев,

Шардара ауданы, Қызылқұм ауылы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *