Ең алдымен тазалық — денсаулық кепілі. Қала берді Президент тапсырмасына сәйкес бүкіл елде «Таза Қазақстан» акциясы ұдайы ұйымдастырылып келеді. Әлеуметтік желілердегі «тазалап жатырмыз, пәленбай тонна қоқыс шығардық» деген ақпараттар мен суреттерден көз сүрінеді. Мұндай науқаншыл әрекет Шымкентте де жоқ емес. Алайда, негізгі, орталық көшелер мен шағынаудандар таза болғанымен, көпшіліктің көзіне көп түсе бермейтін, шеткері көшелер назардан тыс қалып қоюда.

Кешегі жексенбіде шымкенттік Сәрсенбай Нұртөре есімді азамат хабарласып: «Қазір мен «Шалқар көл» көшесінде тұрмын. Келсеңіз көміліп қалған лоток пен қоқыс толы каналды көресіз», – деп мекен-жайды жіберді.
Бардық. Көрдік. 12 бағыттағы автобус қатынайды екен. Қаланың шеті дегенмен көше әуежайға жақын орналасқан. Оның үстіне сауда логистикалық орталығына баратын кең жол. Бұл көшемен шетелдік қонақтардың да аз жүрмейтіні түсінікті.

Бірден байқағанымыз, жолдың шеті қоқысқа толы, малдың сасыған өлексесі де кездеседі. Ұзақ уақыт тазаланбағандықтан болар, суағарға, яғни лотокқа топырақ толып қалған. Мемлекеттің миллиондары жұмсалған тротуардың беті жантақтан көрінбейді. Онымен адам емес төрт түліктің жүретінін шашылған тезектерден байқауға болады. Ұзын болып өскен жантақтың сабақтары бардюрден өтіп, тас жолдың шетін жапқан. «Дәл осы жерде екі рет көлік апаты орын алды, – деді Сәрсенбай Нұртөре құлап жатқан бардюрлерді нұсқап. – Жүргізуші жолдың шетіне тоқтағысы келсе керек, жантақ деп ойлап көлігін сынған бордюрге соққан. Екінші жағдайда қаттырақ жылдамдықпен келген-ау шамасы, дөңгелегі жантақтан көрінбей қалған бардюрге соғылып, салдарынан рульге ие бола алмай, қарсы бағытта келе жатқан көлікке соқтығысқан. Егер бұл аяқжол қараусыз қалса, ешкімге қажет болмаса ортақ қазынаның қыруар қаржысын желге ұшырудың қажеті қанша? «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген осы болса керек».

Шеткі аймақтардағы шикілік мұнымен шектелмейді. Бұған дейін біз Қарабастау тұрғын алабындағы Қамбарұлы көшесінде жарық күндіз де жанып, ысырапқа жол берілсе, көрші орналасқан Айсүгір көшесі түнде қараңғылық құшағында қалады. Бұл көшеде жарық бағаналары бар болғанымен жанбайды, жанса артынша өшіп қала береді. Себебі бақылау жоқ. Бұл мәселе жөнінде тұрғындармен кездесу барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбековке айтқан болатынбыз. Әкім «Шешіміз, реттеледі» деп, сол жерде тиісті орынбасарлары мен басқарма басшыларына тапсырма бергенімен, оның сөзі құрғақ уәде күйінде қалды. Соған қарағанда Ғабит Әбдімәжитұлының тапсырмаларын орынбасарлары мен басқарма басшылары жүре тыңдай ма деген ой келеді екен.
Рас, Шымкентте қазір көптеген игі істер атқарылуда. Бірақ, орталық көшелерді ғана жуып-шаюмен шектелмей, шеткі аймақтарға да жиі көңіл бөліп тұрған жөн ғой. Мұнда да өзгелермен Конституциялық құқы тең тұрғындар тұрады. Осыны ұмытпау керек. Әйтпесе, «тоқалдан туыппыз ба?» деген өкпе-реніштер көбейетіні айтпаса да түсінікті. Даудың дені алалаудан туады емес пе?!
Балқы БАЗАР.
