Ұлтымыздың балаға деген ерекше мейірімі, ұрпағы үшін жанын аямайтын жанкешті ықыласы – тектілігін терең танытатын қасиеттерінің қаймағы десе де болар. Келіннің құрсағындағы шарананы білген күннен бастап апа-әжелердің қуанышы «Құрсақ шашу» дейтін ырымның өзін тойға айналдырады. Қазақтың алтын құрсақ аналарының ниеті қандай тамаша!
Біздің айтпағымыз – сәбиін тоғыз ай он күн көтерген жас ананың толғағы келгендегі жасалатын жөн-жоралғылар. Айы-күні жеткен жас келін ененің бақылауында болады. Толғағы піскен кезде келіннің екі беті алаулап, ұшып-қонып жүреді. Сол сәттен қарбалас басталады. Үйдегі сандық, кебеженің аузы ашылып, түйіншектелген орамалдың бәрі шешіледі. Құлын, бұзаудың ноқтасын босатып еркіне жібереді. Енелердің тағы бір әрекеті – қазанға ет салып, ас қайнатады. Бұл дәстүр «Қазан жарыс» деп аталады.
Қазан жарыстың мақсаты – жас ананың толғағын тезірек пісіру. «Қара қазан бұрын ба, қара қатын бұрын ба?» дейтін бұрынғы әжелеріміз. Қазандағы ас бұрын піссе, толғатқан анаға ұсынып, әлдендіреді, ал кейін піссе, сорпасын беріп босанған әйелді терлетеді. Сондай-ақ көпбалалы әжелер толғағы қысқан келінді көйлегінің етегімен қағатын болған. Бұл ырым-жоралғыларды жасаудағы әжелердің ниеті – жас келіннің толғағы жеңіл болып, аман-есен қол-аяғын бауырына алса екен дейді.
Үйіңізде аяғы ауыр келін болса, ескерерсіз деп Хадуба әженің айтқандарын хатқа түсірдік.
Сіздің алып-қосарыңыз болса, мархабат, оқырман!
Ақмарал Леубаева,
Шымкент қаласы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының аға ғылыми қызметкері.
