Шымкент

ШЫМКЕНТТІҢ 17 «БАУЫРЫ» БАР

Шымкенттің жылдан-жылға жасарып-жайнап келе жатқаны көңіл қуантады. Қаламыздың туристік тартымдылығы да артып, аты әлемге танылып келеді. Осы орайда Шымкенттің шетелдерде 17 «бауырласы» барын да біле жүрейік.

Әр елдің қалалары ұлттар арасындағы өзара түсіністікті, мәдени ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасып тұру мақсатында өзара достық қарым-қатынас орнатады. Бұған байланысты «Бауырлас қалалар» деген халықаралық ұғым қалыптасқан. Біздің Шымкенттің әлемдегі осындай «бауырлары» – Ош, Ходжент, Измир, Эскишехир, Балыкесир, Адана, Ванадзор, Фейсалабад, Байинь, Сиань, Паттайя, Могилев, Пловдив, Гроссето, Генуя, Ахарне және Стивенэйдж қалалары.

Әрқайсысының өзіндік тарихы бар бұл қалаларды қысқаша таныстыра кетсек:

Ош – Қырғыз елінің оңтүстігіндегі қала, осы аттас облыс орталығы. Қырғыз елінің оңтүстік астанасы саналады. Негізі қаланғанына үш мың жылдай болған. «Ұлы Жібек жолының» бойында орналасқан. Маңайындағы  әйгілі Сүлеймен тауы Біріккен Ұлттардың білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (UNESCO — ЮНЕСКО) Әлемдік мұралар тізіміне алынған. Бұл қалада бүгінде 244 мың адам тұрады.

Ходжент. Бұл қала біздің жыл санауымызға дейінгі VI-V ғасырлардан бері бар деп айтылады. Кезінде әйгілі Александр Македонскийдің әскері басып алып, біраз уақыт «Александрия Эската», яғни «Ең шеткі Александрия» деп те аталған. Бүгінде Тәжікстанның Соғды облысының орталығы, елдегі үлкендігі жөнінен екінші қала. Тұрғындар саны – 164 мың адам.

Ал Түркияның төрт қаласы бірдей Шымкентпен бауырласқан. Ондағы Измир қаласының тарихы үш мың жылдан асады. Ежелгі Грекияның, Рим империясының мәдени орталығы болған, Смирна деп аталған. «Илиада», «Одиссея» эпикалық жырларының авторы, әйгілі грек ақыны Гомердің туған жері. 1425 жылы Осман империясының құрамына алынған. Бүгінде қала халқының саны 2 миллион 830 мыңға жетіп отыр. Қалада Түркия Республикасының негізін қалаған әйгілі мемлекет қайраткері Кемал Ататүріктің мұражайы бар. Эскишехир қаласының «жасы» біздің заманымызға дейінгі мыңыншы жылдықтан саналады. Осман империясының алғашқы астаналарының бірі болған. Су жағалауы мен ортасындағы саялы жерлерінің молдығына  байланысты оны кейде «Түркияның Венециясы» деп те атайды. Қалада қазір 620 мыңдай тұрғын бар. Балыкесир қаласының жасы да біздің жыл санауымызға дейінгі ерте замандардан бастау алады. Өзі аттас провинция орталығы. Бұл провинциядан  Мәрмәр және Эгей теңіздеріне шығуға болады. Қала климаты өте жайлы, тартымды аумақта орналасқан. Онда қазір 380 мыңдай адам тұрады. Адана қаласының негізі біздің дәуірімізге дейінгі 6 мыңыншы жылдықта қаланған екен. Қазіргі Түркияның үлкен қалаларының бірі. Адананың бүгінде 2 миллионнан аса тұрғыны бар.

Арменияның Ванадзор қаласы аумағында да ежелден елді мекен болған деп айтылады. Бүгінде ол елдегі үшінші қала дәрежесінде, Лорий облысының орталығы. Онда қазір 80 мыңдай адам тұрады. Пәкстанның Пенджаб провинциясындағы Фейсалабад қаласының негізін Үндістанның құрамындағы кезінде елді отарлаған ағылшындар ХIX ғасырда қалаған. Пенджабтың губернаторы Джеймс Лайяллдың есімі берілген. Бұрынғы Лайяллпур атауы 1977 жылы Сауд Арабиясы королінің құрметіне Фейсалабад деп өзгертілген. Қазір бұл қаланың тұрғындар саны – 4 миллионнан асады.

Қытайдың Байинь қаласы да біздің жыл санауымызға дейінгі замандарда пайда болған екен. Төңірегінен ежелден жез өндірілетін болғандықтан «Байинь», яғни «Ақ күміс» деп аталыпты. Бүгінде оны «Түрлі-түсті металдар қаласы» деп те атайды. Бұл қалада қазір 1 миллион 800 мыңдай адам тұрады. Ал Сиань қаласы Қытайда ежелгі дүниеден бері өмір сүрген 13 патшалықтың астанасы болыпты. Оның негізі қаланғанына да кемінде 30 ғасырдан асып отыр деген деректер бар. 1974 жылы жарақты жауынгерлердің, аттар мен арбалардың, музыканттардың, тағы басқа да адамдардың 8 мыңнан астам көмілген мүсіндері – «Террокотты армияның» табылған қаласы. Ол кейін ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне ендірілген. Қаланың қазіргі тұрғындарының саны 8 миллион адамға жуықтайды.

Таиландтың Паттайя қаласының аты да бүгінде әлемге мәшһүр. Ол – курортты қала. Жыл сайын дүние жүзінен миллиондаған адам барып демалысын өткізеді. Бұл қала халқының саны қазір 120 мың адамның шамасында. Белоруссияның Могилев қаласының негізі 1267 жылы қаланған. Жаугершілікті көп көрген қала. Екінші Дүниежүзілік соғыста, 1941 жылдың жазы мен 1944 жылдың жазы аралығында 3 жыл бойы неміс-фашист әскерлерінің қолында болған. Қорғаныс шайқастары, партизандық қозғалыс, жаудан азат ету кездерінде алапат ұрыс қимылдарын бастан кешкен, жауынгерлік тарихы бар қала. Бүгінде Могилевте 400 мыңға жуық адам тұрады.

Болгарияның Пловдив қаласы Еуропадағы «ең қарт» қалалардың бірі, тарихы біздің дәуірімізге дейінгі ерте замандардан бастау алады. Бүгінде ол Болгарияның ел астанасы Софиядан кейінгі екінші қаласы саналады, тұрғындар саны – 341 мың адам. Италияның Гроссето қаласы да Ежелгі Рим дәуірлерінен бері бар деп айтылады. Бұл қалада қазір 83 мың адам тұрады.

Бұл елдің Генуя қаласының аты да жұртқа ежелгі дүние тарихынан таныс. Ертедегі Грек, Рим империяларының құрамында болған. Бүгінде ондағы халық саны 585 мың адамды құрайды. Әйгілі жиһанкез Христофор Колумб, атақты музыкант Никколо Паганини осы қалада туған. Генуяны «Джинсы Отаны» деп те атайды. Себебі осы аталған шалбар тігілетін берік мата Генуяда ерте кезден шығарылады.

Ал Грекияның Ахарне қаласының тарихы 1835 жылдан бастау алады. Ол ел астанасы Афинадан 11 шақырым қашықта, тау етегінде орналасқан. Мұнда қазір 100 мың адам тұрады, соның 30 мыңнан астамы кезінде Қазақстаннан көшіп барған «кеңестік» гректер. Ахарне қаласында «Қазақстан» деп аталатын көше бар. Ұлыбританияның Стивенейдж қаласының негізін ежелгі Рим легионерлері қалаған екен. Қала халқының қазіргі саны – 85 мың адам.

Міне, біздің Шымкенттің ұлан-байтақ Еуразия кеңістігінде осындай тарихы бай «бауырлары» бар. Қаламыздың өз тарихы да қомақты екені мәлім. Біле жүрейік.

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *