Әрбір Жылқы жылында Қазақстанда болған маңызды оқиғалар туралы біле жүргеннің артықтығы жоқ.
1930 — Жылқы жылында КСРО-ның Ресей құрамындағы Қазақ автономиялы республикасында елді отырықшылыққа үйрету, ұжымдастыру басталды. Бұл науқандар көп жағдайда мәжбүрлейтін зорлықпен, асыра сілтеушілікпен жүргізілгендіктен, қарулы көтерілістер орын алды, олар күшпен басылды. Сол, 1930 жылдары 40 миллионнан да көп болған малдың кейінгі 1931 – 1933 жылдардағы алапат ашаршылықтан соң 4 миллиондайы ғана қалды. Бұл нәубет кезінде халықтың тең жартысынан астамы қырылып, жер ауып кеткені мәлім.
1942 — Жылқы жылында мыңдаған қазақ баласы Екінші Дүниежүзілік соғыстың Мәскеу, Сталинград бағытындағы алапат шайқастарының бел ортасында жүрді, ерліктің есепсіз үлгілерін көрсетті. Біреуін ғана айтып өтер болсақ, Қазақстанда жасақталған 81-ші атты әскер дивизиясы Сталинград түбінде қоршауға алынған фельдмаршал Паулюстің армиясын құтқару мақсатында жасалған негізгі шабуылына тосқауыл жасап, тарихта аты қалды.
1954 — Жылқы жылында Қазақстанда тың және тыңайған жерді игеру науқаны басталды. Солақай саясаттың салдарынан елімізге басқа республикалардан жүздеген мың адам қоныс аударды. Қазақстан КСРО-ға жылына миллиондаған тонна астық беріп, бүкіл елді асырады. Бір жағынан бұл елімізде қазақ мектептерінің көптеп жабылуына, ана тіліміздің аясы тарылуына себеп болды. Қазақстандағы әр үш адамның біреуі ғана қазақ, оның жартысы өз тілінен жерінген мәңгүртке айналып жатты.
1966 — Жылқы жылында КСРО-да 8-ші бесжылдық басталды. Осы жылы колхоздарда еңбекақыны тарифке шағып, ақшалай беру тәртібі енгізілді. Қазақстан бесжылдық жоспардың орындалуына молынан үлес қосты.
1978 — Жылқы жылында Қазақ КСР-інің соңғы Конституциясы қабылданды.
1990 — Жылқы жылында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды.
2002 — Жылқы жылында Түркістан қаласында Дүние жүзі қазақтарының Екінші Құрылтайы өтті.
2014 — Жылқы жылында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанды Қазақ Елі деп атауды ұсынды. Одан бергі 11 жылда еліміз халқының жалпы саны 20 миллион 300 мың адамнан асты, оның 14 миллионнан астамы, яғни 71,3 пайызы – өзіміздің қаракөздер. Демек, Қазақ Елі атанар шақтар да алыс емес. Ел аман, жұрт тыныш болсын, Құдай сондай күндерге жеткізсін!
