Сауран ауданындағы арнайы экономикалық аймақта жобалық құны 200 миллион АҚШ долларын құрайтын зауыт салынады. Кәсіпорын жылына 250 мың тонна синтетикалық аммиак пен 300 мың тоннаға жуық карбамид өндіретін болады. Жобаның толығымен жүзеге асуы 300 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Сөйтіп ол Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға өзіндік үлесін қосады деп күтілуде.
Бүгінде бұл жобаға байланысты нақты жұмыс басталды. «Тұран химиялық компаниясы» серіктестігі синтетикалық аммиак пен карбамид өндіретін зауыттың іргетасын қалау рәсімін өткізді. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, жобаның инвесторы Чжан Цихай, компания өкілдері, сала мамандары және өзге де қонақтар қатысты.
Жиында облыс әкімі жаңа өндірістік жобаның өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті. «Бүгін біз Түркістан облысының индустриялық дамуы үшін айрықша маңызы бар жаңа өндірістік жобаның негізін қалап, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам жасап отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі ретінде өңдеу өнеркәсібін күшейтуді, отандық өндірісті дамытуды және импортқа тәуелділікті төмендетуді айқындап келеді. Бүгінгі жоба – осы міндеттердің нақты іске асуының бір көрінісі. Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы дамыған, аграрлық әлеуеті жоғары өңір. Сондықтан біз үшін агроөнеркәсіп кешенін дамыту тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен шектелмейді. Ең басты міндеттердің бірі – өндіріс пен қайта өңдеудің толық тізбегін қалыптастыру. Бұл бағытта облыста жүйелі жұмыстар атқарылуда. Отырар ауданы мен Түркістан қаласында мақтаны жинаудан бастап, оны терең өңдеуге, жіп пен дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі мақта-тоқыма кластері қалыптасты. Ендігі кезекте агрохимия саласын дамытуға басымдық беріп отырмыз. Импортталатын тауарларға жүргізілген талдау тыңайтқышқа деген ішкі сұраныстың едәуір бөлігі импорт есебінен қамтамасыз етілетінін көрсетті. Сондықтан осы өнімді елімізде өндіру – ауыл шаруашылығы мен экономика үшін маңызды. 25 қыркүйекте Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық форумы аясында осы жобаны іске асыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Бұл – Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі. Жобаны жүзеге асырып жатқан инвесторларға алғысымды білдіремін. Іргесі берік кәсіпорынның ел экономикасына берері мол болсын! Ашылатын жаңа өндіріс орны өңіріміздің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл шаруашылығының өркендеуіне қызмет етсін!» – деді облыс басшысы.
