Тыйым
– халықтың тәлім- тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие
құралдарының бірі. Ғұлама ғалым Әл-Фараби айтқандай «Адамға бірінші білім емес, тәрбие
берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» дегеніне қазақтың тыйым сөздері толық мысал бола алады.
«Қайық білмегенін кемеден сұрайды, халық білмегенін көнеден сұрайды» деген нақылды негізге алып, әжелерімізден естігенімізді оқырманға жеткізе білсек деген оймен қолымызға қалам алдық.
Қазақ баласын үш ауыз сөзбен тәрбиелеген екен: «Ұят болады», «Обал болады», «Жаман болады»
Кеңес дәуірінің кезеңінде өткен балалық дәуренімізде осы үш сөзді көп еститінбіз. Кісінің, үлкеннің бетіне келіп сөйлемеу керектігі санаға сіңгені шығар, «неге?» деген сұрақ қоймайтынбыз. Заңды білмейтін балалықтың бізге берген байлығы түзу тәрбие болған екен.
Қазіргі заманның балалары «бәрін іштен біліп туатынына» қоғамдағы қазақ тәрбиесіне кереғар дүниелер дәлел боларлықтай. Бүгінгінің баласына «ұят болады» десеңіз «не үшін, мен өз ойымды айтуым керек қой», «өз құқығымды қорғауым керек» деп қасқайып бетіңе қарап тұрады. «Обал болады» мен «жаман болады» дегенді «бұрынғының ертегісі» дейді.
Күнкөрістің қамымен таңның атысы мен күннің батысы жұмыста жүретін ата -ана бала тәрбиесіне жауапты екенін сезіне білгені абзал. Мектепте мұғалімнің де баланы «тәйт» деп тәрбиелеуі орынды.
Біздің айтарымыз, қоғамдағы жасы үлкендердің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі болса екен дейміз. Тыңдамаса да айта беру керек. Естіген сөзі санасына сіңсе, есіне ертелі-кеш бір түседі екен. Ертеңгі ұрпақты ел болып тәрбиелеуге атсалысайық.
Осы тұста айта кетер бір ұсынысымыз Шымкент қаласындағы Әдет — ғұрып және салт дәстүр орталығына балаларыңызды әкелсеңіз, көп мағлұмат алар едіңіз.
Ақмарал Леубаева, ақын, композитор.
Әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері