Басың ауырып, балтырың сыздағанда ең бірінші аузыңа да, есіңе де Құдай түседі. Жаныңа шипа болар ем іздейсің. Бір шыбын жаның үшін дәрігер де, тәуіп пен бақсы-балгер де қалмайды. Олардың ішінде бірі науқасыңа шипа сыйласа, бірінің құдірет күші жетпей жатады. Дей тұрғанмен үміт жібін үзбеген жөн. «Іздеген жетер мұратқа» деген ізгі ниет тегін айтылмаса керек.
Созақ өңірінің арғы-бергі тарихында талай адамдардың дертіне шипа болып, тамырын дөп басып, сынған аяқ-қолын жымын білдірмей салып, аяғынан тұрғызған әулие санатындағы азаматтар көп болған. Ал енді бүгінгі әңгіме арқауы ел ішінде «Хожун емші» деген лақап есіммен белгілі болған Шайментегі Рәтбекті сегіз қырлы азамат десе де болады. Олай дейтінім, Рәтбектің бесік, ер-тұрман, ағаш кереует, шкаф, кітап сөресі сияқты ағаштан түрлі үй тұрмысына қажетті заттарды істейтін шеберлігі бар еді. Одан кейін сурет салғаны керемет. Көбіне имандылық, табиғат, адамгершілік тақырыбында үлкен тақтаға салады. Талай суреттерін сыйлыққа беріп жіберген. Өзі медреседе оқыған, жоғары діни білімі бар.
1970 жылы Раң ата ауылында туылған Рәтбек Шайзадаұлы 2 жыл әскер қатарында болып, елге оралған соң, өз ауылында имам болып он жыл қызмет атқарған. Үлкен аталарының тәуіптік қасиеттері бар екен, сол әруақты кісілерден дарыды ма екен, осы жолға біртіндеп келе бастайды. Рәтбек адамдардан қан алуды меңгеріпті. Білімін жетілдіру үшін Алматыда алты ай оқып, қан алудың түрлі әдіс-тәсілдерін үйренеді. Нәтижесінде мануальды терапия сертификатын алып, Созақ ауылындағы дәрігер Сүлейменов Әбдіразақтың ауруханасындағы бір бөлмеде емшілік жұмысын жүргізуде. Жоғары қан қысымы бар, басы ауыратын немесе екі қолы көтертпей қалатын, аяқ-қолы, жауырыны, сүйектері, белі ауыратын кісілерді емдейді.
Рәтбек соңғы бес-алты жыл көлемінде қан қысымы бар кісілерді маңдайдан шертпе жасау арқылы, бас ауру, бас сақинасы, түрлі ағзалары суықтаған науқастарды емдеп келеді. Алдымен тамыр ұстап, науқастың ауруының диагнозын анықтайды. Сосын барып бастан, мұрынның алдынан, тілдің астынан, тамырдан қан алады. Жүрек, бауыр, грыжа, бел ауруларын емдеу, сүлік салу, арамен емдеу әдістерін қолданады. «Алматы», «Алтын қарғалы» сауықтыру орталықтарында он жылдай қызмет еткен. Тәжірибесі мол. Соңғы жылдары алтын инемен емдеу тәсілдерін үйреніп, аудан көлеміндегі науқас жандарға шипасын тигізіп жүрген жайы бар. Оған ем алған науқастардың пікірі дәлел. «Мен басым ауырып, қан қысымым жоғарылап, желкемде май бөрткендер шығып, мазам қашқанда Рәтбек балама емделуге бардым. Басымнан, жауырынымнан, белімнен қан алды. Нәтижесінде басымның ауырғаны басылып, жеңілдеп, көзім шарадай ашылып, ауруымнан жазылдым. Денем жеңілдеп қалды», – дейді Созақ ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер ұстаз Естанұлы Елтай ақсақал.
— Алғашында құрдастарым әзілдеп «Хожун емші» деп еді, содан жұрттың көбісі солай атайды. Оған еш ренжімеймін. Ең бастысы халыққа шамамның келгенінше адалынан қызмет етудемін, басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Бірақ халқымызда «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген игі сөз бар. Сол себепті де біз негізінен аурудың алдын алуға жұмыс істейміз. Ал ауырып келгендерге қан алу, уқалау, шөп дәрілермен емдеу сияқты қарапайым тәсілдерді қолданамыз. Қасымда бір-екі көмекшім бар. Оларға да қолымнан келгенше білетінімді үйретіп жатырмын. Қазір маған көрінуге келетін науқас адамдар саны күннен күнге артып келеді. Алдағы уақытта аудан орталығынан жеке сауықтыру орталығын ашу жоспарымда бар. Қаладан да ашуға болады, бірақ ауданда қалып, өз ауылым мен аудан, ауыл халқына қызмет еткім келеді. Ұл-қыздарымды да халық емшілігіне үйретіп жатырмын. Ертең мемлекет тарапынан қосымша жоғары медициналық білім алып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Өзім халық емшілігі орталығындағы сынақтар мен емтихандардан өтіп, арнайы курстарда білімімді жетілдіріп келемін, – дейді Рәтбек інім бізбен әңгімесінде.
Емі науқас жандардың дертіне дауа болып, көптің алғысын арқалап жатса Рәтбек үшін одан артық бақыт бар ма? Денсаулық сыр берсе, қалған дүниенің ешқандай да маңызы болмай қалады. Құдай ауыртпасын! Ауырған жандарға жақсы дәрігерлер мен емшілердің жанға қуат берер шипасы мен дәреметтері тие берсін!
Мақсат Қарғабай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.