Шымкент

Қысқа қайырғанда…

Маса мен шегірткеге у шашу жалғасуда. Шымкент қаласы аумағындағы 1 262 гектарда шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жүргізілді. Жоспарға сәйкес залалсыздандыру жұмыстары Тұран ауданында – 314, Әл-Фараби ауданында –280, Қаратау ауданында –228, Еңбекші ауданында – 140, Абай ауданында 300 гектар егістік алқапта атқарылады.

Ал масаларға қарсы дезинсекция жұмыстары маусым-қыркүйек  аралығына жоспарланғанына қарамастан, биылдыққа үшінші рет 12 саябақта, 37 өзен-каналда, 45 гүлзар, аллеяда залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.

ххх

Жаңа аялдамалар орнатылуда. Қала бойынша 1886 аялдама орны бар. Оның ішінде павильондармен қамтамасыз етілгені – 1338, ескі үлгідегі аялдама саны – 500, ал жаңа үлгідегі аялдама – 838. Қала аумағын толық аялдама павильондарымен қамтамасыз ету үшін қажетті аймақтарға 398 аялдама орнату және 500 ескі аялдаманы жаңарту жоспарланып отыр. Жоспарға сәйкес биыл 898 жаңа аялдама павильонын  орнату жұмыстары жүргізіледі. Қаланың орталығында орналасқан 200 аялдамаға атауы жазылуда.

ххх

Көше жарығы жануда. Шымкентте 4500-ге жуық көше бар. Ал соның ішіндегі орталық 747 көшенің 522-сі жарықтандырылған. Биыл аудан әкімдіктерінің ұсынысымен қажетті 1048 көшеге жарықшамдарын орнату жұмыстары жоспарланған. Шағын аудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелерін жарықтандыруға басымдық берілуде.

Бүгінде Әл-Фараби және Тұран аудандары аумағындағы 60 көшеге бағаналар орнатылды.

Ххх

«ШымкентСитиде» 10 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда 3412 пәтерден тұратын  көпқабатты 55 тұрғын үй орналасқан. Ауыз су, электр энергиясы және табиғи газ мәселелері толығымен шешілген. Алайда, 2017 жылдан бері қолданысқа берілген кейбір көшелердегі бағдаршамдар мен жарық шамдарының ақаулықтары жергілікті тұрғындардың наразылығын тудыруда. Қауіпсіздік шараларының қамтылмауына байланысты мұнда жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен.

Осыған байланысты қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен «ШымкентСити» шағын ауданының  басты жеті көшесінің алтауы толық жарықтандырылды. Жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қиылыстарда зияткерлік көлік жүйесіне (ITS) қосылатын 12 бағдаршам нысанын орнату жоспарлануда. ITS жүйесіне қосылу көлік кептелістерін болдырмайды, өйткені Өтегенов көшесі ашылғаннан кейін көліктер «Асар», «Асар-2» және «Ақжайық» шағынаудандарына «Шымкентсити» көшелерімен өтетін болады. Қазіргі уақытта «ШымкентСитиде» аула аумақтарын жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар 2024 жылдың шілде айының соңына дейін аяқталады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *