Біздің анықтама:
Байтеміров Сәбитхан Тұрғанұлы 1973 жылы қазіргі Түркістан облысы Төлеби ауданының «Бірінші Мамыр» ауылында өмірге келген. 1996 жылы Ақтөбе Мемлекеттік медицина институтын емдеу ісі бойынша бітірген. 29 жылдан бері хирургия, оның соңғы 13 жылында трансплантология саласында қызмет атқаруда. Қазір Шымкенттегі №1 клиникалық аурухананың трансплантология бөлімін басқарады.
Таяуда Шымкенттегі №1 клиникалық аурухананың трансплантология бөлімінің меңгерушісі Сәбитхан Байтеміров (суретте) үздіктер қатарынан көрінді. Орайы келгенде осы жағымды жаңалықты жалпақ жұртқа жеткізуге әрі трансплантологияға қатысты жұртшылықтың көкейіндегі көп сауалға жауап алуға асықтық. Сонымен…
– Сәбитхан Тұрғанұлы, Шымкентте осы уақытқа дейін қанша трансплантациялық операция жасалды? Жалпы, трансплантологияның біздің елдегі қазіргі жайы, беталысы қандай?
– Шымкентте трансплантология тәжірибеге 2013-жылдан бастап енгізілген болатын. Ол кезде біздің орталық басшысы профессор Мәди Биғалиев еді, корпусымыз сол кісінің еңбегімен салынды. М.Биғалиев біздегі трансплантологияның дамуына жол ашып берген жан. Содан бері мұнда бүйрек алмастырудың 234 және бауыр алмастырудың 32 операциясы жасалды. Трансплантология бойынша қазір Шымкент орталығы Алматы мен Астанадан кейінгі үшінші орында.
Біздің ауруханада негізінен бүйрек пен бауыр алмастырылады. Соңғы бір-екі жылда облыстық клиникалық ауруханада да ағза алмастыру операциялары жасалуда. Онда бүйрек трансплантациясы жолға қойылды. Жақында тұңғыш рет бауыр трансплантациясы жасалды. Оны Алматыдан тәжірибе алмасу ісі ретінде А.Сызғанов атындағы ғылыми-хирургиялық орталық мамандары келіп жасады.
Трансплантология қазір Қазақстанның басқа қалаларында біртіндеп жолға қойылуда. Дерті асқынған адамның көп ретте ұзақ жолға шыдамайтыны анық, сондықтан трансплантология бөлімдерінің әр облыс орталығында болуы қажеттілік. Өкінішке қарай, ағза алмастыру ісі елімізде әлі де дамымай отыр. Бізде «келісім презумпциясы» қағидасы толықтай қабылданбаған. Парламентте қаралуда. Ағза мүшесін трансплантацияға пайдалану үшін марқұм болған адамның кемінде екі туысынан рұқсат алу керек екені заңда жазылған. Ал іс жүзінде екі адам мәйіттік донорлыққа келісім бергенімен басқа он туысы әртүрлі себеппен үзілді-кесілді қарсылығын білдіреді. Мұндайда мәйіттен донорлық ағза алуға болмайды.

«Келісім презумпциясы» қағидасы жолға қойылмаған
– Осы процедураның тәртібі туралы толығырақ білсек. Бізде қалай, шетелдерде ол қалай жүргізіледі?
– Ауыр науқасқа «ми өлімі» диагнозы қойылған жағдайда туысқандарына оның ары қарай өмір сүру мүмкіндігі жоқтығы туралы хабар беріледі. Осыдан кейін туысының мәйіттік донор болуына рұқсат беру-бермеуі сұралады. Олар қарсы болса ешқандай процедура жүргізілмейді, науқас қайтыс болғасын денесі мәйітханаға жіберіледі.
2013-жылдан бері Шымкентте мәйіттік донорға келісім берген екі-ақ жағдай тіркелген. Айналып келгенде, мәйіттік донорға туысқандары рұқсат бермегесін қажетті органды ешкім де ала алмайды. Ал келесі бір палатада бүйрек доноры табылса әрі қарай өмір сүру мүмкіндігі туатын өрімдей жас күн санап жатады. Осылайша оны құтқаруға мүмкіндік бола тұра, мәйіттік донар табылмағандықтан өкінішті жағдайларға тірелетініміз рас.
Былтыр облыстық ауруханада бір мәйіттік донорға келісім берілді. Бұл өңірдегі әлгі екі жағдаймен қосқанда 12 жыл ішіндегі үшінші оқиға. Салыстырмалы түрде, медицинасы дамыған шет мемлекеттерде қолданыстағы «келісім презумпциясы» бойынша қайтыс болған адамның туысқандарынан рұқсат сұралмайды. Алдымен оның ағза мүшелерінің операцияға алуға қарсы көрсетпелері бар-жоқтығы тексеріледі. Оның АҚТЖ (ВИЧ) инфекциясы және басқа да әртүрлі вирустық аурулары болмауы керек. Трансплантацияға қажетті ағзаларының бәрі сау болса, ол автоматты түрде мәйіттік донор болып есептеледі. Бізде де осындай заң қабылдануы қажет. Бұл тек трансплантологияның ғана емес, медицинаның басқа салаларының да дамуына жол ашады, мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Заң бұзушылықтар болмауы үшін трансплантация жасау тапсырылған маман өз ісін заңды әрі адал атқаруы керек. Дәрігерлер, прокуратура, құжат дайындайтын мекемелердің мамандары, бәрі де өз жұмысын заңды түрде істесе, одан қорқатын ештеңе жоқ. Әзірге бізде трансплантологияға қарсылар көп. Өлген адамның бір ағзасы өмір үшін күресіп жатқан екінші бір адамды ажалдан арашалап қалуға септігі тисе несі жаман?! Трансплантологияны біз қазір дамытпасақ, медицинасы артта қалған ел боламыз.
– «Тірі донор», «мәйіттік донор» деген ұғымдардың ара жігін ажыратып кетсеңіз…
– Науқасқа туыстық қатынасы, генетикалық қатысы бар адамдар тірі донор бола алады. Яғни ол заңмен рұқсат етілген. Дегенмен тірі донор жиі табыла бермейді, табылғанымен де тексеру анализдері кезінде қан тобы немесе тағы да басқа сәйкессіздіктері, қарсы көрсетілімдері анықталса, олар донор бола алмайды. Сосын науқасқа мәйіттік донорды пайдалану жолы ғана қалады.
Ал «мәйіттік донор» деген – кез келген қайтыс болған адам. Арнайы компьютерлік томографиямен, электрлі энцефалографиямен тексергенде мидан ешқандай тіршілік белгісі сезілмесе оған «ми өлімі» деген диагноз қойылады. Ауыр бас-ми жарақатын алған, жол-көлік апатына түскен, биіктен құлаған, кейбір тұрмыстық ауыр бас-ми жарақатына ұшыраған, көкпар кезінде аттан құлаған, тағы да басқа сондай ауыр халдегі науқастарға емдеудің соңғы сатысында «ми өлімі» диагнозы қойылады. Олардың жүрегі кардиотоникалық препараттардың күшімен ғана соғып тұрады, тыныс алуы жасанды тыныс алу аппаратымен болады. «Ми өлімі» диагнозы қойылған адамның тірі қалуы тарихта болмаған. Ал ми өлімінен биологиялық өлімге дейінгі аз ғана аралықта ол «мәйіттік донор» боп есептеледі. Олардың жарамды, қажетті органдарын алып, басқа мұқтаж адамдарға трансплантация жасауға болады. Еуропада, Америкада, Азияда, барлық елдерде – бүкіл әлемдік практикада, соның ішінде мұсылман елдерінде де осы тәжірибе қолданылады. Бұған дін тұрғысынан ешқандай тыйым жоқ. Мысалы, Иран, Мысыр, Пәкістан сияқты мұсылман елдерінде мәйіттік донор кең дамыған.
Мәйіттік донордың көп артықшылықтары бар. Егер тірі донорлармен бір орталықта жасалатын болса, ол трансплантологияның дамуына үлкен мүмкіндік береді. Жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе сияқты өмірлік маңызды органдарды, қан тамырын, басқа да ұлпаларды, тіндерді алмастыру операциялары арқылы аса мұқтаж адамдарға көмектесуге болады. Онкологиялық операциялар жасауға жаңа мүмкіндіктер туады. Мысалы, бауырдың ісігі үлкен аортаға қарай өсіп кеткен жағдайлар болады. Оны аортасымен бірге алып тастау операциясын жасау мүмкін емес. Мәйіттік трансплантация дамыған кезде ісікті аортамен қосып алып тастайды да, оның орнына мәйіттік донордан алынған аз ғана бөлігін тігіп беруге болады.
Жалпы, бауыр трансплантациясы – орган алмастырудың ішіндегі ең күрделісі. Әрбір операция бір-бірін қайталамайды, өзіне ғана тән жеке ерекшелігі болады. Операция ұзақтығы соған байланысты. Он сағаттан жиырма сағатқа дейін, тіпті одан да ұзаққа созылуы мүмкін. Егер мәйіттік донордан салынар болса, медициналық көрсетпелер бойынша науқасқа солай қажет боп тұрса, онда бауыр бүтін күйінде салынады. Ал кей жағдайда «мәйіттік донордан» алынған бауырды екіге бөліп, екі мұқтаж адамға салады.
Негізі сыртынан тұтастай көрінгенімен бауыр оң жақ және сол жақ бөліктерден тұрады. Ортасынан жарған кезде екеуінің де өт түтіктері, қан тамырлары – бәрі оңға және солға қарай екіге бөлінеді. Бауыр арнайы тексеруден өткеннен кейін ортадан осылай екіге бөлінеді де, екі пациентке салынады. Тіпті кейде ол үш пациентке де салынуы мүмкін. Бауырдың латеральды секторын бөліп алады да, оны бес жасқа дейінгі науқас балаларға салуға болады. Әлемдегі медицинасы дамыған елдерде бауырды осылайша үш адамға бөліп салып жатқан трансплантологтар бар.

Бір бүйрекпен де толыққанды өмір сүре алады
– Туысына бір бүйрегін немесе бауырының бір бөлігін берген адамдарға оның қандай да бір зияны бола ма? Олар ары қарай қалай өмір сүреді?
– Бүгінде трансплантацияны қажет ететін науқастар өте көп. Кей науқастар өздерінің тірі доноры болмағандықтан күту парағында ұзақ уақыт кезекте тұруға мәжбүр. Себебі донор жетіспейді. Донор абсолютті дені сау адам болуы керек. Бүйрегін трансплантация арқылы туысына берген адам бір бүйрекпен ары қарай 80-90 жасқа дейін де толыққанды өмір сүре алады. Бірақ күтініп жүруі керек. Бір бүйрек өзінің массасын шамалы өсіріп, екі бүйректің жұмысын атқарады, донорда бүйрек жетіспеушілігі болмайды.
Тірі донордан трансплантация жасаған кезде бауырдың да жартысы алынады. Ол бауыр қайтадан өседі, толықтай қалпына келеді. Бауырдың сондай қасиеті бар. Туысына донорлық еткен адамдар дәрігердің бақылауында болады, олар дәрігер берген кеңестерді есте ұстап, тиісті дәрежеде өзін күтіп жүреді.
– Трансплантация бойынша науқастар тіркеуге қалай алынады? Статистика қандай?
– Елімізде трансплантация жөнінде республикалық үйлестіру орталығы бар, Қазақстандағы бүкіл трансплантациялық қызметті сол орталық реттеп отырады. Орталықтағы электрондық базада тірі донор және мәйіттік донор бойынша күту парағы бар. Науқастар соған тіркеуге алынады, кезегі жеткенде операция жасатады. Мысалы, Таразда мәйіттік донор пайда болса, жүрекке, бауырға, бүйрекке кімнің кезегі келіп тұрғанын аталған орталықтағы компьютердің өзі анықтайды. Мәселен, бүйрек екеу, екеуі де трансплантацияға жарамды болса, оның біреуі Астанаға, біреуі Алматыға жіберіледі. Бауырын Шымкентке жіберуі мүмкін, немесе керісінше, бауыры Алматыға, бүйрегі Шымкентке жіберіледі. Кезекте тұрған адамдарға сөйтіп салынып беріледі.
Елімізде бүгінде бүйрек алмастыруға мұқтаждар көп. Созылмалы бүйрек жетіспеушілігінің терминальды стадиясындағы науқастарға трансплантация жасалады. Жылдар өте келе бұған дейін қолданылып келген дәрі-дәрмектер, гемодиализ, жасанды бүйрек жәрдемдесе алмайды, сол себепті орган алмастыру қажет. Диализде жүргенде ағза бәрібір де толық тазармайды, ал трансплантациядан кейін адамның өмір сапасы жақсарады. Бұрынғы көп проблемалары өздігінен жойылады. Бүйрекке бір күнде екі ота жасаған кезіміз болған. Мәйіттік донордың екі бүйрегін де бізде қалдырды, оны біз екі пациентке салып бердік. Бүйрегі алмасқандар бүгінде қалыпты өмір сүруде.
Қазір елімізде күту парағында бүйрек бойынша 3500-ден астам адам кезекте тұр. Бауыр кезегіндегілердің саны 800-ден асады. Жалпы, еліміздегі ағза мүшесін алмастыруға кезекте тұрғандардың толық статистикасын айту қиын. Өйткені кей науқас қайтыс боп кетеді, кезекке жыл сайын жаңадан науқастар қосылады. Толық статистика жыл соңында ғана белгілі болады.
Мысалы, Шымкентте 900-ден астам адам диализге барады. Олардың бәрі бүйрек трансплантациясын қажет ететін науқастар. Олардың ішінде операцияны көтере алмайтын, қарсы көрсетпелі адамдар да бар. Оларға трансплантацияны тірі донордан жасауға болмайды, операцияны мәйіттік донордан ғана жасау керек.
Бауыр трансплантациясына 50-60 дәрігер қатысады
– Науқасқа «ағза алмастыру қажет» деген шешім қалай шығарылады, оны кім жасайды?
– Бүйрегі ауыратын науқастар бүйрек маманы – нефрологтың, бауырда проблемасы бар науқастар гепатологтың қадағалауымен ұзақ жылдар бойы емделеді, бақылауда болады. Оларға ем көмектеспей жатқан кезде арнайы көпсалалы комиссия жиылып, кеңеседі. Комиссияға емдеуші дәрігерлер, трансплантологтар, тағы да басқа қажетті мамандар қатысады, мәселе сол жерде шешіледі. «Бұрынғы алып жүрген емдері көмектеспейді, енді тек трансплантацияға бару керек» деген шешім жасалып, комиссия қорытындысы республикалық үйлестіру орталығының базасына жіберіледі. Ондағылар оны күту парақшасына кезекке қояды. Сол кезек бойынша операцияны күтеді.
– Жалпы, трансплантологияның донор мәселесінен басқа шешілмей жатқан тағы қандай негізгі проблемалары бар?
– Трансплантологияда қызметтің қай түрі болсын бағасы қымбат. Өте қымбат дәрі-дәрмектер керек. Операцияға арнайы медициналық заттар бір-ақ рет қолданылады. Одан басқа күрделі құрал-жабдықтар бар, олар ескіреді, оларды жаңалау керек. Операциялар тек трансплантологтарды ғана емес, анестезиолог, эндоскопист, ультрадыбыстық зерттеу маманы сияқты көп мамандарды қамтиды. Мысалы, бауыр трансплантациясына 50-60-қа дейін дәрігер қатысады. 6 трансплантолог операция жасайды, 4 анестезиолог наркоз береді. Өте көп мөлшерде дәрі-дәрмек қолданылып, қан, қан препараттары құйылып, ағзаны тазалап тұратын аппараттар қосылады. Зертхана жұмыс істейді, мамандар әртүрлі тиісті талдама жасайды. Ультрадыбыстық зерттеушілер трансплантация жасалынған органды операция кезінде өз құрылғысымен тексереді. Операциядан кейінгі уақытта эндоскопистер, тағы да басқа мамандар керек. Пациенттің жүрегі нашар болуы мүмкін, сондықтан операцияға кардиолог, аритмолог сияқты мамандар да шақырылады. Эндоваскулярлық хирург деген маман бар, операцияға ол да қатысады. Бір операцияның өзіне осынша маман жұмылдырылады. Операциядан кейінгі бір аптаның ішінде жағдайы тұрақсыздануы мүмкін болғандықтан пациенттің жанында дәрігерлер кезекпен отырып қадағалайды. Дәрігерлердің осындай үлкен командасын ұстап отыру, оларды медицинасы дамыған шетелдерге жіберіп, үнемі тәжірибесін, білімін арттырып отыру көп қаржыны қажет етеді. Трансплантология – жыл сайын жаңарып, дамып отыратын өте күрделі ғылым. Бүгінгі жаңалық келесі жылғы конференцияда ескірген боп қалады. Жаңа тәсілдер шығып жатыр. Үнемі жаңарып отырған осындай жайлардан біз қалып қоймауымыз керек.
– Операцияның өзі қанша тұрады? Оның ақысын кім төлейді?
– Операцияның бәрі тегін. Порталмен келеді, жолдамамен, МӘМС арқылы төленеді. Бізде осы кезге дейін ақылы операция болған емес. Ақылы операция тек шетелдіктерге жасалған. Алғашында біз практикаға ендіру үшін мамандар шақырдық, Оңтүстік Кореядан, Белоруссиядан келді. Олар ақылы шеберлік сыныбын өткізді. Ақысын денсаулық сақтау басқармасы төледі. Бүгінде біз шетелден маман шақырмаймыз, операцияларды өзіміз жасаймыз.
– Бізде трансплантологтар жеткілікті ме?
– Жеткіліксіз. Науқастарға толық қызмет көрсету үшін саланы дамыту, трансплантологтар санын, оған арналған қаржыны да көбейту керек. Шешімін күткен мәселелер жетерлік.
– Шымкенттегі медициналық оқу орындары трансплантолог дәрігерлерді даярлай ала ма?
– Трансплантология бойынша тек шетелдерде немесе өзіміздің А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми орталықта білім алуға болады.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет.
Сұхбаттасқан Д. ОРАЗ.