Инвестжоба
Иә-иә, еліміз түгілі, Орта Азиядағы ең ірі жылыжай кешені Шымкенттен салынбақшы. Оны жүзеге асыратын инвестор да табылып отыр.
Бұл қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен түркиялық компания «Alarko Holding»-тің президенті Йылдыз Умит Нури арасындағы келісімнің негізінде қол жетіп отырған инвестициялық жоба. «Бозарық» индустриялық аймағында бой көтеретін қызанақ өсіретін ірі жылыжай кешенінің құрылыс алаңына капсула салу рәсімі де өтті. Инвестициялық жобаның құны 650 миллион АҚШ долларын құрап, жылыжайдың жалпы аумағы үшін 650 гектар жер бөлініп отыр.
Бұл жылыжай кешені жылына 155 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы болмақ. «Жобаның бірінші кезеңі пайдалануға берілгеннен кейін 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, толық іске қосылғанда 5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылатын болады» дейді мамандар. Өндірілген ауылшаруашылық өнімдері негізінен Шымкент қаласының тұрғындарына ұсынылмақ. Алайда инвестор өндірілген өнім еліміздің өзге аймақтары мен шет мемлекеттерге де жөнелтуге жететіндей болады дейді. Осылайша азық-түлікпен қамту нарығында отандық өнімге деген сұраныс арта түспек. Отандық өнімнің тиімділігі көп-ақ. Сапасы, бағасы, сақталу стандарттары көңілге қонымды болмақ.
Орайы келгенде қала әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және өсімдік шаруашылығында суды үнемдейтін озық технологияларды енгізіп, дамыту тапсырмасын іске асыру барысында бұл жобаның рөлі зор екенін атап өтті. Әкімдік ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге қашан да дайын.
– Бұл жобаны жүзеге асыру мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және бағаның тұрақталуына ықпал етеді, — деді қала әкімі ғабит Сыздықбеков.
Компания құрылыс уақытын қысқарту мақсатында Шымкентте жылыжай салуға арналған конструкцияларды шығаратын зауыт ашуды көздеп отыр. Сонымен қатар, жоба аясында халықаралық стандарт бойынша ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын мамандандырылған академия ашу жоспарлануда. Ауқымды жобаны жүзеге асыру жылыжай шаруашылығын дамытуға ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаңа өндірістерді енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.