Бұл өрт сөндірушілердің дер кезінде әбжілдік танытып, отты сөндіре білгендігінен болып отыр. Десе де тілсіз жау әбіржітпей қоймады. Мысалы, өткен аптада қала аумағында көлемі жағынан әжептеуір екі өрт оқиғасы тіркелді. Соның бірі Еңбекші ауданында жеке аумақта жалпы ауданы 100 шаршы метр болатын құрылыс материалдары, ағаш отын және төгілген дизель отыны жанды. Құтқарушылардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары кәсіпкерлерден өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды.
Елді елеңдеткен тағы бір өрт оқиғасы «Автонұр» базарында орын алды. Хабарлама түсісімен, оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер «Автонұр» базарына жапсарлас орналасқан, жеке кәсіпкердің меншігіндегі сауда бутиктерінің және асхананың жанып жатқанын анықтады. Өрт 8 киім дүкені мен асхананы шарпып жатқан. Өртті сөндіру үшін штаб құрылды.Үздіксіз су беру жұмыстары жүргізілді. Өрт сөндірушілердің жедел әрекеті нәтижесінде өрт көршілес тұрған Автонұр базарына таралуына жол берілмеді және іргелес жатқан кәсіпкерлердің мүлкін өрттен қорғап қалды. Өрттің алаңы 500 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ. Адамдар аман. Өрттің шығу себебі алдын ала болжам бойынша «отты абайсызда пайдалану және электр сымдарының қысқа тұйықталуынан» деп отыр мамандар. Өрт сөндіруге ТЖД, ПД, ЖМКБ, ЖАО жеке құрамынан 140-қа жуық адам, 50 бірлік техника жұмылдырылған.
Бетін аулақ қылсын дейміз, десе де мұндай жағдайда сала мамандарының даярлығы мен техниканың сақадай сай болуы маңызды рөл атқарады. Содан да болар төтеншеліктердің темірдей тәртібі ұдайы назарда, бақылауда. Жақында Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі С.Ташимбаев тыныс-тіршілігімен танысып, қажетті құрал-жабдықтардың жай-күйін білу мақсатында өрт сөндіру бөлімдерін аралап шықты. Ол сала мамандарына қызметтік тәртіп және тиісті заң талаптары бойынша түсіндірме жұмысын жүргізді. Сондай-ақ бөлімдегі тазалықты сақтауды, жеке құрамның жауынгерлік дайындығын арттыруды тапсырды. Бөлімдерді аралап, техникалық жабдықталу деңгейімен танысты.
Өзекті мәселелерді шешу жолдары бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, тапсырмалар берді.