немесе «Адал достар» қауіпті болып барады
Қазақ жеті қазынаның қатарында атаған, адамның адал досы деп бағаланған – иттер қазір қалада нағыз қауіп иесі болып барады. Нақтырақ айтқанда, қаңғыбас иттерден келер қауіп көбейіп тұр.
Бүгінде қала басшылығы көп жыл бұрын жекешелендіріліп кеткен нысандарды мемлекетке қайтару ісіне жең түре кіріскен. Мұнысы тұрғындар тарапынан қолдау табуда. Дейтұрғанмен осындай оң бастамаларға көлеңкесін түсіріп, дүйім жұртты әттеген-айлататын жәйттер де жоқ емес. Соның бірі — қаңғыбас ит пен мысықтың мәселесі. Ит аулаушылар бұралқы иттерді аулап, арнайы орынға жинап жатқан да болар, бірақ ол жұмыс миллионнан аса тұрғыны бар мегаполис деңгейіне сай болмай тұр.
Кеш батқанда немесе таңертең Шымкенттің көшелерімен емін-еркін жүру қиын. Иесі бары бар, қаңғыбастары бар, топталып жүретін иттер көшеге толып кетті. Әрине, қаңғыбас иттер өздігінен пайда болмайды. Кезінде олардың да иесі болғаны анық. Күшіктегеннен кейін керек емес күйге еніп, қаңғыбасқа айналады. Жалпы, ит асыраудың өзіндік ережесі мен тәртібі бар. Бірінші — иттің ұясы болу керек. Одан соң итті бақылаусыз қалдыруға болмайды. Ал көшеде серуендетер болса, басқаларға қауіп төндірмес үшін тұмсығын тұмшалап, жіппен ертіп жүру керек. Алайда, бұл талап өз деңгейінде сақтала бермейді.
Қазір қаланың орталығында болсын, шеткі аймақтарда болсын көше кезген қаңғыбас иттердің қауіп төндіріп жүргенін айтып, шағымданушылар көп. Әсіресе, оқушылардың сабаққа баратын және қайтатын таңертеңгі, кешкі қараңғы уақыттарда өте қауіпті. Миллионды қала болғасын бірлі-жарым ит тістеу оқиғалары болып жатқан шығар, алайда, өміріне қауіп төндірерлік жағдайда таланған адам жайлы ақпарат жоқ. Бірақ мұны қауіп жоқ деп бейқамдыққа салынуға болмайды. Қанша жерден итті жеті қазынаға қосып, адамның досы дегенімізбен, иттің аты – ит. Ит иттігін жасайды. Қыс мезгілінде иттер тамақ таппай ашығады, ал аш ит ашушаң келеді. Адамға шабуылдауы да мүмкін. Сол себепті, иттерден келер қауіп пен олардан тарайтын аурулар күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Қарабастау тұрғын алабында тұратын Қайрат Аққошқаров бұл мәселеге қатысты былай дейді: «Біз жақта ит көп. Жуырда аш иттер қораға түсіп, бір көршіміздің малын жеп кетіпті. Олар келесіде адамға шабуылдаса не болмақ?! Ит аулайтындар әр шақырғанда 10-15-ін алып кетеді. Қайдан шығатыны белгісіз, сонда да қаңғыбас ит таусылмайды. Кеше ғана бір ит адамды тістеді. Дәрігерге өздері апарды. Ит аулайтындар итті он күн бақылауда ұстау керектігін айтыпты. Иесі барды ұстауға болады, ал иесіз итке кім бақылау жасайды? Содан соң жануарларды қорғау ұйымының талабы бойынша қазір итті атуға болмайды, тек ұйықтататын дәрі егіп, алып кету керек. Ол үшін иттің қасына жақын бармаса болмайды. Жабайы иттер қасына адамды жақындатпайтыны белгілі. Олар 50-100 метрден қашып жүреді. Өткенде біз жаққа келген ит аулаушылар бір итті үш рет атып ұйықтата алмады. Себебі дәрінің қуаты әлсіз. Ескірген дәрі ме кім білсін?».
Халықаралық заң талаптары жануарларды жәбірлеуге, себепсіз өлтіруге жол бермейді. Дұрыс, тірі жанның кез-келгеніне зәбір көрсету – қылмыс, әрі күнә. Алайда, оларға зәбір көрсетпейік деп тым бақылаусыз қалдырып, адам өміріне қауіп төндірерліктей жағдайға жеткізу де жөн емес. Өйткені, жануарлардың өмірі мен қауіпсіздігінен адам өмірі мен қауіпсіздігі қымбат. Тіпті, екі жаратылыстың өмірін салыстыруға да келмейді. Сол себепті, жануарларды қорғау ұйымының талабынан шыға алмай жүргенде өз өмірімізге қауіп төндіріп алмайық. Ит аулау жұмысын барынша жандандырып, қаламызды қауіпсіз шаһарға айналдыру өте маңызды.
Ұлықбек ҮМБЕТ.