Қоғам

Құтқарушылар: мамандығы-мақтанышы

Оқыс оқиға орнына алдымен жететіндердің сапында құтқарушылар бар. Әсіресе, өрт оқиғасы орын алғанда отты тезірек сөндірумен қатар адамдарды қауіпсіз аймаққа шығарып, құтқару ісі маңыздырақ.

Осы орайда ең жауапты жұмыстардың бірі өрт сөндіру көлігінің жүргізушісіне тиесілі. Осынау жауапты жұмысты көп жылдан бері мүлтіксіз атқарып келе жатқан азаматтардың бірі – №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімнің аға жүргізуші-қызметкері азаматтық қорғау старшинасы Асылбек Саханов әріптестерінің мақтанышына айналған жан.

— Апат айтып келмейді. Өрт шығып, төтенше жағдай орын алған кездегі ең маңызды мәселенің бірі – оқиға орнына жедел жету. Бригада оқиға орнына қаншалықты жылдам жетсе, өрттің салдары соншалықты аз болатыны белгілі. Сондықтан біз әрдайым оқыс жағдайға дайын болуға, шақырту түскен кезде барынша жедел қимылдауға тырысамыз. Мұның өзі адамның мойнына үлкен жауапкершілік жүктейді, — дейді Асылбек Әзімханұлы.

Ол 1979 жылы 11 наурызда Ордабасы ауданы Алтын төбе елдімекенінде дүниеге келген. 2002-2007 жылдары Көкшетау университетінде «Өмір қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығы бойынша оқыған. 2007 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін азаматтық қорғау органында қызмет атқарады.

А.Саханов қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін және азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығына орай ҚР ІІМ ТЖК грамотасын алған. Сонымен қатар «Мінсіз қызметі үшін» медалінің ІІІ және ІІ дәрежелерімен марапатталған.

«Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы» республикалық мемлекеттік мекемесінің Тоғыс қаласындағы құтқару бөлімшесінің құтқарушысы Калмахан Хасанович Кдирбаев аталған ұжымда 2004 жылдан бері қызмет атқарады.

К.Кдирбаев осынау жылдар бойында өз қызметінде 3200 сағат су асты сүңгуірлік жұмыстарын жүргізді. Сүңгуірлік іздеу жұмыстарын жүргізу кезінде 18 адамды су астынан тауып шығарған. Құтқарушы ретінде 60-тан астам қайғылы жағдайға ұшыраған адамдарды іздестіру жұмыстарына қатысты. Сонымен бірге ол әріптестері арасында тәлімгер-ұстаз. Өз ісінің нағыз шебері кәсібилікке баулу бойынша 6-құтқарушы жасақшыны дайындаған жан.

Калмахан Кдирбаев кез келген төтенше жағдайға дайын болу үшін үнемі физикалық және психологиялық дайындықтарын жетілдіреді. Көпжылдық тәжірибесі көрсеткендей, әрбір оқиға әртүрлі сипатта болғандықтан, жылдам әрі тиімді әрекет ету — олардың басты міндеті екенін біледі.

–Су астында болу оңай емес, бірақ осы саладағы мамандар өз жұмысына үлкен құрметпен қарайды және оларды осы қауіпті қызметке деген сүйіспеншілік пен адамгершілік сезімдері алға жетелейді, -дейді Калмахан Кдирбаев.

Тоғыс қаласындағы құтқару бөлімшесінің құтқарушысы Калмахан Хасанович Кдирбаев мамандандырылған жұмыстардың І-ІІ тобының 3 сыныпты сүңгуірі және 1 сыныпты құтқарушы маман ретінде танымал. Ол бокстан спорт шеберіне үміткер.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *