Мәдениет және өнер

Әскер ҚҰЛДАНОВ, ҚР Мәдениет қайраткері: Театр әртістері той жағалап жүр

Әскер Төребайұлы Құлданов Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 1964 жылғы түлегі. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Достық» орденінің иегері. Саналы ғұмырын мәдениет саласына арнаған ол 1970 жылы Алматыдағы қазақ циркін ашып, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарында қызмет атқарды. Биыл жасы 83-ке келген ағамыз әліге дейін «өнер десе ішкен асын жерге қояды». Жастарға білгенін үйретуден жалыққан емес. Жуырда Әскер Төребайұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.

— Өнер адамы ретінде Оңтүстіктің мәдениет саласына көңіліңіз тола ма?

— Әрине, атқарылған жұмыс аз емес, алайда, өз-өзімізді мақтай бермей, ісімізге сыни тұрғыда қарай білуіміз де керек. Жұмыс алға басу үшін сол сыннан қорытынды шығарған абзал. Мен өз шығармаларымды көрерменге ұсынбас бұрын, сыни сұрыптаудан өткізгенді жөн көремін. Сол арқылы кемшін тұстарды жөндеуге тырысамын.

Шымкент қаласындағы қарашаңырақ Жұман Шанин атындағы және Қуыршақ театрында бас режиссер болып қызмет атқарған жылдары қаншама өнер адамдарымен қызметтес болдым. Жұмат Шаниннің інісінің ұлы Қасымхан Шаниннен бастап қаншама біртуар таланттармен бірге жұмыс істедім. Сол кездің әртістерін ірі тұлға санаймын. Ал қазіргі әртістер көңілімнен шықпайды. Әрине, оның да өз себептері бар шығар. Мәселен, қазіргі театрларда әртістердің тұрмыстық жағдайлары төмен. Дәлірек айтқанда, жалақылары аз, көпшілігінің баспанасы жоқ. Мұндай аянышты ахуалдағы театрларға мықты әртістер қайдан келсін. Қарашаңырақ саналатын Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында тәлім алған әртістердің бірде-біреуінің біздің өңірге келмеуі осы сөзіме дәлел. Қазіргі театр әртістерінің көпшілігі Шымкенттегі жоғары оқу орнын бітірген түлектер. Сырттан тәжірибелі әртіс шақыратын болсақ, оларды баспанамен және жоғары жалақымен қамтамасыз ету керек. Кеңес одағы кезінде қай өңірге барсаңыз да алдымен паналайтын пәтер беретін. Қазір режиссерге де, әртіске де үй жоқ. Үйі жоқ адамның күйі қайдан болсын? Бұл жағдай оңтүстіктің мәдениетінің кежегесін кейін тартып тұр деуге болады.

— Аға буын өкілі, мәдениет саласының жанашыры ретінде осы мәселелерді билікке айтқан кезіңіз болды ма?

— Айттым. Кезінде Түркістан облысының әкімі болған Жансейіт Түймебаевтың алдында мәселе етіп көтердім. Шымкент қаласының қазіргі әкімі Ғабит Сыздықбеков те, орынбасары Сәрсен Құранбек те өнер адамдарын қабылдады. Сол кездесулерде өнер адамдарының тұрмыстық деңгейінің төмендігін алға тарттым. Театр әртістері отбасын тарықтырмау, бала-шағасын асырау үшін амалсыздан той жағалап, асабалық жасап, ән айтып ақша тауып жүр. Түнімен тойда қызмет еткен олар ертеңіне жұмыста дел-сал, ұйқылы-ояу жүреді. Осындай жағдайда сапалы жұмыс жайында не айтуға болады? Әртіс өзі сомдайтын кейіпкердің кейпіне, яғни образға шынайы, құштарлықпен ене алмайды. Қазіргі әртістердің негізгі табыс көзі – той бизнесі, ал театр — еңбек өтілін жалғастырып, пәлен жердің әртісі деген атақты арқалап, жарнама жасау үшін ғана керек секілді. Бұл Шымкенттегі ғана емес, облыс аумағындағы барлық театр әртістеріне тән құбылыс болып қалды.

Мен осы келеңсіздіктерді тізіп тұрып әкімдерге айттым. Менен басқа да режиссерлер мен әртістер тақырыпты қоюлата түсті. Мәселені майшаммен қараймыз деп қойын дәптерлеріне түртіп алған-тұғын. Көмектесуге уәде де берген, бірақ нәтиже болмады. Айтылған сөз жаңғырық күйінде қалды.

— Облыстағы театрларға да қатысты деп қалдыңыз, олардағы ахуал нешік?

Түркістан облысында үш театр бар. Солардың арасында тек облыс орталығындағы Түркістан театрының ғана жағдайы біршама тәуір. Қалған екеуінің бағы жанбай тұр. Жетісай театрында, тіпті, маман жоқ. Әртіссіз театр — тұл. Осы Жетісай театрында мен сонау жылдары «Алпамыс» спектаклін қойған болатынмын. Сол кезде жұмыс істеген талантты әртістердің көпшілігі, тіпті режиссері да кейін сатира, опера театрларына кетіп қалды. Олардың орнына кәсіби білімі жоқ ауыл жастарын тартып, театрдың туын жықпай, амалдап ұстап отыр. Арнайы білімі, тәжірибесі жоқ жастардан қалай жоғары кәсібилікті талап етуге болады? Соның салдарынан Жетісай театры қазір жабылудың аз-ақ алдында тұр.

Сайрам ауданындағы Өзбек театрының жағдайы да осыған ұқсас. Әйтеуір олар режиссерларды, әртістерді көрші Өзбекстаннан шақырып, жан сақтап отыр.

— Түймебаев қандай уәде беріп еді және онысын орындай алды ма?

— Театрларға жағдай жасаймыз, қарасамыз, қолдаймыз деген болатын. Орындалмай қалды. Жалпы, оңтүстік, оның ішінде Түркістан мен Шымкент қаласы қазағы қалың өңір саналады. Қазақтың мәдениетін, өнерін көрсетіп,  мінезін таныту үшін театрлардың жағдайын көтеру керек. Баяғы керемет көркемдік кеңесті қайта қалпына келтірмесе болмайды. Ол кеңестің мүшелері кез-келген туындыны көрермендерге сын елегінен өткізіп барып ұсынатын. Қазір кімнің қандай қойылым қойып жүргенінде ешкімнің шаруасы жоқ. Облыс пен қала басшыларының жаны ашымаған, олар арнайы барып көрмейтін театр өзге кімге қажет дейсіз?

Жалпы, театрлардың тағдыры жергілікті басшылардың көзқарасына, жанашырлығына тікелей тәуелді деуге болады. Мәселен, Асанбай Асқаров облысты басқарып тұрған уақытта жұмыстан кейін театрға барып, қойылым тамашалайтын болған. Ертесіне қол астындағылардан кімнің театрға барғанын тәптіштен сұрап, бармағандарға көруді тапсырады екен. Осыдан кейін театрдың қазаны қалайша қайнамасын?! Қазіргі әкімдер театрға келмейді. Бәлкім, қолдары тимейтін шығар, әлде руханиятқа жандары ашымай ма екен?

— Соңғы кезде Шымкенттегі «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығын көшіреді екен деген әңгіме бар, осы рас па?

— Бұл туралы естуім бар. Қазіргі отырған, яғни арнайы салынған ғимаратты Түркістан облысының балансына беріп, ондағыларды жалға алынған ғимаратқа көшіреді екен дегенді құлағым шалды. Дәлірегі, орталықты Түркістан сарайының жоғарғы қабатына көшіреді деді. Оның төбесінен су ағып, сарғайып тұр. Сонда бұл орталықтағы құнды дүниелерді, киіз үй, ұлттық киім және басқа да жәдігерлерді қалай сапалы күйінде сақтап қалмақ? Қазір орталық отырған ғимараттың 15-16 бөлмесі, екі үлкен залы, бірінші қабатта думан залы бар. Соны 4-5 бөлмеге сығылыстырып отырғызбақ. Мен Мәдениет басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевқа әдет-ғұрып театрын ашуды ұсындым. Ойланамыз деп еді. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, сақалынан айырылыпты» демекші, театр ашуды сұрап жүргенде еліміздегі жалғыз саналатын салт-дәстүр орталығынан айырылып қалмасақ болғаны.

Қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дәріптейтін дүниелерді шетелдік және өзге облыстардан келген қонақтар жиі тамашалайды. Мүгедек, зейнеткер, жас балалар да ұдайы бас сұғып тұрады. Орталық көшсе, олар да сол мүмкіндіктен айырылады. Зиялы қауым, қаны қазақ деп соққан әр қандасымыз ұлттық құндылықтарды дәріптеуді күшейту керек деп жүргенде орталықтың тынысын не үшін тарылтып жатқанын түсіне алмаймын. Біз жастайымыздан ата-бабамыздың ғұрпын сақтап қалу жолында тер төктік. Мұны қазіргі жастар да жалғастыруы қажет. Тілімізден, дәстүрімізден, әдет-ғұрпымыздан ажырап қалсақ, ұлтымыздың да сақталып қалуы неғайбыл. Бұған жол бермеуіміз керек.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет.

Сұхбаттасқан Ұ. БЕК.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *