2024-2025 оқу жылының бірінші тоқсаны да аяқталды. Артта қалған екі айда Шымкент қалалық білім басқармасында ауқымды жұмыстар атқарылды деуге болады. Әрине әттегенайлайтын тұстар да жоқ емес. Мұны «жұмыс бар жерде кемшілік болады» деп жылы жауып қоятындар бар. Дейтұрғанмен білім кемшілік болғанын кешірмейтін сала екенін де естен шығармаған абзал. Апта басында Шымкент қаласындағы №23 мектепте үлкен жиын болған-ды. Онда қаладағы 40 шақты мектептің ұстаздары жиналып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев пен қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиеваға және басқа да Елордадан келген шенділерге өздерінің «Мақсатты мектеп» жобасына қарсы екендіктерін білдірді. Олар мектептерде интернет дұрыс істемей, жұмыс бастан асып жатқанда онлайн курста оқытуды тоқтатуды талап етті. Әрине жиында бірнеше мәселе қозғалғанымен кейбір жәйттерге мән берілмей қалды деуге болады. Сондықтан сейсенбі күні Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Ақылбекқызы Шәмшиеваға барып, көпшілікті толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алуға тырыстық.
-Нұргүл Ақылбекқызы, елімізде тегін, міндетті орта білім беру талабы бойынша мектеп оқушылары 100 пайыз оқулықпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бірақ Шымкенттегі кейбір мектептерде әлі де кітап жетіспеушілігі бар?
-Сіз кеше жиында осы мәселені айтқаннан кейін мен басқармадағы оқулықпен қамтамасыз ету жөніндегі жауапты маман Насихат Байзақоваға хабарластым. Міне ол кісінің «оқулық толық жетті» деп маған жазып бергені қолымда тұр.
Ал сіз мектептерде әлі де болса оқулық жетіспеушілігі бар дегенді дәлелмен айтып отырсыз. Бұл мәселеден расында да хабарым жоқ екен. Мәселенің мәнісін анықтаймын. Маған жалған мәлімет бергендерге шара көріледі.
-Оқушыларды тасымалдау, автобуспен қамтамыз ету мәселесіне сіздің құзыретіңіз жете ме? Оны сұрап отырғаным, таңертең және кешке жолаушылар тасымалдаукөліктер аялдамаларға сирек тоқтайды. Себебі, осы уақытта аялдамада жолаушы оқушының қарасы қалын. Өзіңіз білесіз, қала әкімінің шешімімен Шымкентте оқушылар жолкіре ақысынсыз, автобуста тегін жүреді. Ал бұл автобусы бар компанияларға тиімсіз сияқты. Осыдан барып, аялдамада автоубсқа міне алмай қалып кететін оқушы көп. Сабаққа кешігу, немесе жаяу-жалпылап жету баланы қиналтуда. Осы мәселені транспорт басқармасымен бірлесіп шеше аласыздар ма?
-Автобуста орын болса, жүрегінде иманы бар адам баланы жолда қалдырмайды. Жүргізушілер «оқушылар тегін жүреді» де ойлауы мүмкін. Бірақ қоғамдық көліктерге қалалық бюджеттен субсидия бөлініп, әкімдік оқушылардың ақшасын төлеп берген.
Одан бөлек, біз өзіміздің тарапымыздан Шымкенттің қала орталығынан қашықтағы алыс орналасқан мектептерге автобус қою туралы министрлікке заңға өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс бердік. Негізі заңнама бойынша республикалық маңызы бар қалаларда қоғамдық көлік қозғалысы ұйымдастырылған болып есептеледі. Сондықтан, республикалық маңызы бар қалаларда бюджеттен оқушыларды жеткізу, тасымалдау қызметін ұйымдастыруға ақша бөлінбейді. Біз қазір осы норманы өзгертіп тасымалдау мәселесі туындаған жағдайда тасымалдау үшін бюджеттен ақша бөлуге болады деген норманы енгізуге ұсыныс бердік. Министрлік тарапынан бұл қолдау тапты. Егер сол норма заңға енсе мүмкін балалар үшін өз шағын ауданына қарай автобуспен тасымалдау қолға алынып қалар. Мысалы Астанада мемлекеттік қызметкерлерді тасымалдайтын автобустар бар, оқушыларға да солай жасауға болады.
-Жекеменшік мектептерде білім алу ақылы. Олардың ақысы да әрқилы. Айына төлемақысы 150 мыңнан басталып 350 мыңға дейін барады. Бұл бағаны кім білгілейді, әлде меншік иесі өзінің ойына келген бағаны қоя беруіне бола ма?
-Ақша саясатына біз араласа алмаймыз. Жекеменшік мектептерде екі түрлі кіріс көзі бар. Біріншісі – мемлекеттік тапсырыс алып отырса, ол мемлекеттік стандартта белгіленген пәндер тізбесін қамтамасыз етуге міндетті. Екіншісі – қосымша үйірме, басқада жұмыстар істейтін болса, онда ол ата-анамен келісім арқылы жүзеге асады . «Неге 350 мың?» деп айта алмаймыз. Мүмкін ол тағамын түрлендіріп, артығымен беріп жатқан болар. Жалпы бағаны реттейтін монополияға қарсы комитет.
— «Мақсатты мектеп» жобасына енген мектептерде ұстаздарды сабақ үстінде онлайн сабаққа қатыс деп мәжбүрлеу фактілері айтылып жүр. Бұл қаншалықты дұрыс?
— Ол дұрыс емес, оны мен анықтадым. Біздің қызметкерлердің тарапынан болған түсініспеушілік. Арасында бірі «Өрлеудің» қызметкері, екі дауыс жазбасын жібергендер біздің мамандар болып шықты. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ескерту жасадым. «Өйте сал, бүйте сал, сабаққа қатысқан бола сал» деген дұрыс емес.
— Президенттің «Жайлы мектеп» бастамасы «мектептерде бір ғана спорт зал болғандықтан денешынықтыру сабақтары дұрыс өтілмейді» дегенді жою үшін қолға алынуда Алайда осындай талап қойылып жатқанда бір спорт залы да жоқ жекеменшік мектептердің көбейуін қалай түсіндіресіз?
— Сапаны бақылау департаментін басқарып отырған кезімде, спорт залы, асханасы жоқ бір-екі мектепке мен де лицензия бергенмін. Себебі қазір қалай екенін білмеймін, сол кездегі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, лицензия алған уақытта жекеменшік мектептің асханасы, спорт залы болмағанымен, қолында қасындағы бір мекемемен «балаларды тамақтандырамын», «спорт залды пайдалануға беремін» деген келісім шарты болса, біз лицензия беруге міндетті болдық. Сол кезде сондай талап болды.
Қазір ол мектепте жоғарыдағы талаптар болмаған жағдайда ата-аналар шағым түсірсе білім саласын бақылау департаменті тексереді, кемшілікті жоюға нұсқама береді. Кемшілік жойылмаған жағдайда лицензияны уақытша тоқтата тұру, одан кейін лицензияны қайтару мәселесі көтеріледі.
-«Жайлы мектептердің» қаржыландырылуы қалай болып жатыр?
-Бізде әлі ешқандай мектеп ашылған жоқ. Бұйырса Шымкентте 2 тоқсанда осы бағдарламамен екі мектеп ашылады деп күтіп отырымыз. Бұл жерде қаржыландыру «Самұрық» корпарациясы тарапынан болатындықтан, ал корпарация құрылысты жүргізіп отырған мердігерлерге ақша аударуды кешіктіріп жатқандықтан пайдалануға беру ісі кешеуілдеді. Оның да себебі бар. «Е құрылыс» ақпараттық жүйесі бар, мердігер әр күнгі жұмысын соған салып отыруы керек екен. Сонда ақша автоматты түрде төленеді. Ал компаниялар ақпаратты толтырмаған.
-Бәрі дамыған заманда шатырынан су ағып , ағаш терезелердің саңлауына саусақ сиып кететін мектептер бар. Мысалы, Шымкентте №99 мектептің қазіргі жағдайы сондай. Мұндай мектептерге күрделі жөндеу жүргізіле ме?
-№99 мектеп 2025 жылға күрделі жөндеу жоспарына енгізіліп отыр. Бізде жалпы өткен жылы осындай 26 мектеп болған, оның 4 мектебін биыл күрделі жөндеуден өткіздік. 22 қалып еді, оған тағы 2 мектеп қосылып, бүгінгі таңда күрделі жөндеуді қажет ететін Шымкентте 24 мектеп бар. . Соның бесеуін 2025 жылдың жоспарына қойып отырмыз.
-Оқушы қыздар арасындағы ерте жүктілік пен суицидке ұшырау оқиғалары да алаңдатпай тұрмайды…
-Суицид өте күрделі мәселеге айналып отыр. Менің қолымдағы биылғы жылдың 9 айындағы нәтиже бойынша бүгінге дейін суицидке оқталуы, аяқталуы бар, барлығы 35 факт тіркелді. Өкінішке қарай, оның бесеуі қайғылы жағдаймен аяқталды.
Ерте жүктілік туралы бізде ешқандай ақпарат жоқ. Соған қарамастан ондай жағдайды болдырмау үшін мектеп оқушылары арасында тәрибелік жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.
-Оқушының мертігуі, суицидке баруы сияқты үйінде болған жағдайға мектеп басшылығы, сынып жетекшісі мен психологтар жазаға тартылып жатады. Осы жерде ата-ананың жауапкершілігі деген мәселеге кім назар аударуы керек? Көбіне ата-ана жауапқа тартылғанда 80 мың теңге көлеміндегі айыппұлмен құтылады екен. Осы бойынша министрлікке, үкіметке мәселе көтердіңіздер ме?
-Бұл туралы біз айтып жүрміз. Министрлік тарапынан да бастама көтеріліп жатыр. Бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігін арттыру, тек айыппұл төлетіп қана қоймай қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін де қарау керек шығр. Өйткені ата-ана ретінде басты міндетті орындау керек.
Бала негізгі тәрбиені үйден алады. Бала 6 сағат қана мектепте, басқа уақытта ата-ананың бақылауында болу керек қой.
-Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында Еңбек адамы туралы айтты. Жолдауда айтылған мәселені жүзеге асыру болса керек, биыл Түркістан облысында «Қазақстанның еңбегі сіңген ұстазы» атағына қарапайым мұғалімді ұсынды. Ол Асанада, Президенттің өз қолынан марапат алып, мерейі үстем болды.
Ал Шымкентте бұл марапат мектеп директорына берілді. Сонда Шымкентте ол атаққа лайықты қарапайым ұстаз, қатардағы мұғалім табылмады ма дегенді айтушыларға не уәж айтасыз?
-Таңдау көп болды. Лайықты ұстаз жетеді. Біз бір жағынан директорларды да ынталандыру мақсатын көздедік. Бірақ бірінші кезде бізде басты шешуші рол мектеп басшысында. Ол жұмысты қалай ұйымдастырады, өзіне қалай, ұжымға қалай талап қояды жұмыс соған қарай өрбиді.
Бүгінде мектеп директоры, оның орынбасары болудан қашатындар көп. Мен келгелі екі ер азамат директорлықтан өз еркімен кетті. Біз ер азаматтарымызды қызметтен жібергіміз келмейді. Себебін сұрасақ, олар жұмыс көп, жүрегіміз шыдамайды дейді. Ал, директоры марапатталған №23 мектеп қаладағы үздік мектептің бірі. Бір ата-анадан немесе ұжымнан шағым естіген жоқпын. Сол себепті директорларға да серпіліс болсын деп есептедік.
-Жуырда бір жиында қоғам белсендісінің бірі білім саласындағы жемқорлық туралы айтты. 2024 жылы жемқорлықпен, сыбайластықпен ұсталып жауапқа тартылған басшы немесе мұғалім бар ма?
-Ондай факті жоқ. Мен сол жерде де айттым. Ол кісі «неге жауапқа тартылмайды?» дейді. Ешкім ұсталмаса, кінәлі екендігі дәлелденбесе кімді жауапқа тарту керек? «Анау айтып еді» деп ешкімді жауапқа тарта алмайсыз. Онымен айналысатын құзырлы орындар бар. 2024 жылы Шымкентте білім саласына жауапты бірде бір басшы немесе мұғалім жемқорлыққа ілінген жоқ. Бірақ есепшілер арасында кездесіп жатыр. Олар кінәсі дәлелденсе жауап береді.
-3 сыныптың әдебиет пәні оқулығының 68 бетінде Ертай Ашықбаев деген ақынның «Ғаламтор туралы» деген өлеңі бар. Онда: «Ұстамаймын кітап та, Керек емес дәптер де. Тыңдамаймын анамды, Тыңдамаймын ағамды. Тәртібімде ісім жоқ, Түзетпеймін бағамды» деген жолдар бар. Мұнымен балаға қандай тәрбие, білім береміз, соны оқулықтан алып тастауға болмай ма?
-Ондайды білмейді екенмін. Маған ешкім келіп айтқан емес. Танысып көрейін. Негізі бұл жерде мұғалім: «Міне көрдіңдер ме балалар, сендер ғаламторға кіріп кетсеңдер осындай болады» деп айту үшін жасалған болар.
Негізі жақсы ой тастадыңыз. Алдағы уақытта әріптестермен, директорлармен кездескенде бұл мәселені көтереміз. Егер мұғалімдер сондай, мәтіні дұрыс емес, басқа ой тастауы мүмкін материалдар көрсе міндетті түрде ескертуі керек. Министрілкке ұсыныспен шықсақ болады.
-Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет.
Сұхбаттасқан Ұ. БЕК.