Әлемдік брендік өнім шығарушы кәсіпорындар өз өнеркәсіптерін еліміздегі үшінші мегаполис Шымкенттен де ашуды көздеп отыр. Оған бізде мүмкіндік те көп. Бастысы жайлы орта қалыптасқан. Кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал ететін барлық талаптар бойынша көрсеткіштер күн өткен сайын жақсарып келеді. Инфрақұрылымдық жүйе заманауи үрдістерге сай дамуда. Содан да болар Шымкент қаласындағы сауда-логистикалық орталық аумағынан «Coca-Cola Kazakhstan» сусынының өндіруші кәсіпорын өз зауытын ашты. Ауқымды инвестициялық жобаның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Мегаполис басшысы бұл жобаның қала дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.
- Инвестициялық климатты жақсарту — мегаполистің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі. Біз үшін әрбір инвестициялық жоба маңызды, сондықтан әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге қашанда дайынбыз, – деді Ғ. Сыздықбеков.
Бұл жобаның жалпы құны 27 млрд теңге, жылына 283 млн литр сусын шығаруға қауқарлы. Кәсіпорын 150-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Компанияның өнім ассортиментінде газдалған және газдалмаған сусындар, салқын шай және әртүрлі көлемдегі шырындар бар.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларының арқасында жыл сайын жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбейіп келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 661,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты.
Шымкенттен бой көтеретін әрбір инвестициялық жоба мегаполистің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жақсартуға жасалған негіз болып табылады. Олай болса қаламыздан өндіріс орындарының көбірек ашылғаны, қосымша жұмыс орындарының пайда болуы шымкенттіктердің тұрмысын жақсартуға бағытталған оң қадам.