Басты жаңалықтар Мәселе

ТЕРІ МЕН ЖҮННІҢ КИЕСІ ҰРЫП ЖҮРМЕСІН!

Қасиетті Құрбан айт мерекесі де келіп жетті. Бұл күндері құрбандыққа мыңдаған малдың шалынатыны мәлім. Осындайда санаға «сойылған осынша малдың терісі тағы да ысырап болады-ау» деген көңілсіз ойдың келетіні де рас. Өйткені бүгінде осыдан бірер жыл бұрынғыдай жалаңдап тері жинайтындар да, сойылған малдың терісін өткізетін жерлер де жоқ. «Сасытып-шіріткенше…» деп теріні өртеп жіберіп жатқандар бар. Өртемей қайтеді, қоқысқа тастаса, ол үшін айыппұлға шығынданып қалуы мүмкін. Бір кездері лайықты бағасы болған шикізат сөйтіп құнсызданып, қор болып жатыр.

Елімізде кеңестік кезеңдегідей жұмысы жолға қойылған тері өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Бірнешеуі бар деп есептер айтылады, бірақ олардың жұмысы тоқтап тұр немесе мүлдем мардымсыз болуы мүмкін. Әйтпесе осынша тері ысырап болмас еді ғой. Бір кездері теріні алыс-жақын шетелдерге өткізіп те табыс тапқандар болған. Мысалы, Шымкенттің әр бұрышында сондай ондаған тері қабылдау орындары бар еді. Ауылдан жеткізілген теріні алыпсатарлар соған жеткізбей, көкпар тартқандай етіп таласып алатын. Шикізаттың әжептеуір құны болды. «Тиын-тебенге» өткізілген сол терілер кейін өзімізге бағасы жүз есеге дейін қымбат, дайын киімдер болып оралып та жатты. Қазір сойылған мал терісін өткізу қиын, сұраныс жоқ. Оны жинап, шетелге өткізетін делдалдар да көрінбейді. Экспортқа шығарудың кедендік құны өткізушіге тиімсіз болып қалған немесе шет елдер Қазақстаннан тері алмайтын болған.

Кеңестік кезеңде еліміз алып КСРО империясын мал өнімдерімен молынан қамтамасыз етіп тұрғаны белгілі. Ет пен сүттен бөлек, жеңіл өнеркәсіп үшін малдың терісі мен жүнін де беріп тұрды. Мыңдаған тонналап өткізді. Елде осы тонналаған тері мен жүнді өңдейтін, одан киімнің түр-түрін тігетін кәсіпорындар көп болды. Мысалы, Шымкенттің өзінде ғана тері-галантерейлік зауыт, аяқ киім шығаратын фабрика бар еді. Қаламызда өңделген терінің Одақ түгілі, шет мемлекеттерге дейін аты шықты. Аса сапалы қаракөл терісінен тігілген пальто, бас киімдерді қолы жеткендер киетін. Сол бір кезеңдер кеңестік дәуірмен бірге келмеске кеткендей.

Бүгінде Шымкентте киім тігетін қандай кәсіпорын бар десе біз шұлық шығаратын фабриканы, оқушылар киімі мен арнайы киімдер шығаратын «Гауһар» фабрикасын ғана айта алатын шығармыз. Бірер индустриалдық аймақтарда тері өңдейтін, аяқ киім шығаратын кәсіпорындар бар екені айтылады, бірақ олардың толыққанды жұмыс істеп тұрғаны күмәнді. Осы себепті терінің бағасы түсіп тұр. Құрбан айт кезінде сойылатын мыңдаған малдың терісі тағы да ысырап бола ма деп уайымдап отырғанымыз содан. Обал емес пе?

Бүгінде мал жүнінің жайы да мүшкіл. Ешқайда өткізе алмайтын болғасын жұрт оны да өртеп құтылуда. Кей деректерге қарағанда, қазіргі күндері Қазақстанда уақ мал басы 20 миллионнан асады. Бір қойдан кемінде екі-үш келі жүн қырқылады десек, керексіздікке ұшыраған бұл шикізаттың салмағы бірнеше мыңдаған тоннаны құрайды. Ал елімізде жүн қабылдайтын орындар санаулы, тіпті мүлде жоқ есебі. Ауылдықтар жүннен киіз баспайтын, киім, кілем, алаша тоқымайтын болған. Тоқыма өнімдерін шығаратын кәсіпорындарымыз көп деп те мақтана алмаймыз. Бар болса, қайда? Біз бүгінде бастан-аяқ импортталған киімдер киеміз. Үстіңіздегі іш киім, шұлықтан бастап, сырт киім, аяқ киімге дейін бір зер салып қараңызшы, ішінде Қазақстанда шығарылғаны бар ма екен? Есесіне іргеміздегі Өзбекстан, Қырғыз елінен бастап, Ресейден, Қытайдан, тіпті Еуропа, Оңтүстік-шығыс Азия, Америка елдерінен әкелінетін киімнің сан-алуан түрі бар.

Өзімізде жүн шикізаты молынан бола тұра оны не өзіміз дұрыстап тұтына алмаймыз, не шетелге шығарып пайда да таба алмаймыз. Экспортқа шығаратынымыз мардымсыз. Жұрт жүнді өткізе алмағасын өртеп жіберіп жатқаны да содан. Бұл деген – үлкен ысырап, обал емес пе?! «Кие» деген бар ғой, одан да қорықпайтын болғанымыз ба?

Халқының саны 4 миллионға да жетпейтін Монғолияда мал басы 60 миллионнан асады. Олар осынша малды игеріп, өнімін тиімді пайдаланып, экспортқа да шығарып отыр. Тіпті біздің елге де түрлі киімдер экспорттайды екен. Ал түбітті ешкі жүнін шығарудан бұл елдің аты бүгінде әлемге танымал. Жұрт монғол кашемирін таласып алады. Ендеше бізде де малдың терісі мен жүнін ысырап қылмай, оны шикізат ретінде пайдаланатын кәсіпорындарды көптеп ашу керек қой. Тіпті болмаса шетелдерге шикізат күйінде шығаруға тиімді жағдай жасау да керек шығар. Жыл сайын мыңдаған тонна тері мен жүнді өртеп жіберіп, қарап отыра береміз бе?

Д. НҰРПЕЙІС.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *