Шымкент

Шымкент: Базар сыртқа көшеді

Бұл қала әкімінің шешімі. Уақыт өткен сайын қарқынды дамып келе жатқан Шымкент қаласының орталықтарында қалып кеткен базарлар, ретсіз сауда орындары баршылық. Ол еліміздің үшінші мегаполисіне айналған шаһардың көркіне лайықсыз сипат беретіні де рас. Оның үстіне көпқабатты тұрғын үйлер салынып, айналасы көріктендіріліп жатқан аумақтардағы мұндай сауда нысандары тұрғындар үшін түрлі ыңғайсыздық та тудырады. Қауіпсіздік шараларын да сақтау тұрғысынан талапқа сай келмеуде.

Сондай сауда орындарының бірі – Абай ауданына қарасты аумақта орналасқан, жұртшылық «тақтай базар» атап кеткен құрылыс заттары сатылатын базар.

Жалпы, базарларды қала сыртына көшіру жұмыстары қаланың бас жоспарына сай кезең-кезеңімен қолға алынып отыр. Сол жоспарға сай биыл «Тақтай базар» қала сыртына көшірілуі қажет. Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының мамандары қала басшысының тапсырмасына сай, бұл базарда сауда істейтін кәсіпкерлерге қала сыртынан арнайы жер телімін ұсынып отыр. Бадам бағыты бойындағы 75 га жер телімінде құрылыс жұмыстары жүргізілді де. Осыған орай, құм, шағал тас, өзге де құрылыс заттарын саудалайтын базарлар сол аумаққа көшіріліп жатыр. Кешегі аптада базарды көшіру жұмыстарының барысымен Абай ауданының әкімі Б.Парманов арнайы барып, танысып шықты.

Айта кету керек, Сырым батыр көшесінде орналасқан ағаш базары аумағында 10-нан астам сауда нүктесі бар. 2-3 гектар аумақта 5 кәсіпкер ағаш сатумен айналысып келген. Қазіргі таңда аталған ағаш базарын Бозарық шағынауданында орналасқан 5,3 гектар жер теліміне, жаңа базарға көшіру жұмыстары жүргізілуде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *