Мәселе

«ҚҰРТТАҒАН СУ ІШІП ОТЫРМЫЗ…»

Жаңатілектіктердің жанайқайынан  әкім Ғабит Сыздықбековтың
хабары бар ма?

Ресми деректерде Шымкент халқының 99,5 пайызы таза сумен қамтылғаны айтылады. Алайда, мақтаулы мегаполистегі Жаңатілек көшесінің тұрғындары 25 жылдан бері таза су тапшылығын тартып, құрт араласқан жерасты суын тұтынып келеді дегенге сенесіз бе? Әрине, сенгіміз келмейді. Біздің де сенгіміз келмеген. Бірақ…

Абай ауданы Жаңатілек көшесінде 2025 жылы ауыз су жүйесінің құрылысы басталған болатын. Осынау жаңалықты ұзақ күткен жаңатілектіктер бөркін аспанға атып қуанған еді. Алайда, қуаныштары ұзаққа созылмады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, құрылыс жұмыстары басталып, қазылған жерге құбыр салынған, бірақ, ауладағы құбырда әлі күнге су жоқ. Тұрғындар шағымынан кейін оншақты абонентке су есептегіш құралын орнатқанымен, «Водоканалдың» жауапты қызметкерлері олардың талапқа сай еместігін айтып, жеке шот ашып беруден бас тартқан. Талапқа сай су есептегіш орнату үшін әрбір отбасы жеке қалтасынан 40-50 мың теңге төлеуі тиіс екен. Ал, есептегіш құрал мердігерлер есебінен қойылуы керек. Бұл жайтқа наразы болған тұрғындар қазір жан-жаққа шағымдануда. 

«Мен бұл көшеде көптен бері тұрамын, – деді Анарқұл Расулметов есімді тұрғын. – Су келеді дегенде қуанып едік. Себебі бүгінде ішіп отырған жерасты суымыздан құм мен тас араласып шығады. Ол аз болғандай, ұсақ құрттар жүр. Оны өткенде тексеріп келгендер айтты. Енді су есептегішке ақша беруіміз керек екен. Оған тұрғындардың бәрінің шамасы жетпейді».

Тұрғындарды мазалаған осы мәселе бойынша біз алдымен құрылысты жүргізген мердігер компания өкілдерімен хабарластық. Өзін бас инженер деп таныстырған азамат: «Біз жұмысымызды толық аяқтап, Энергетика және инфрақұрылымдар басқармасына өткіздік. Олар құжаттарға қол қойып, мөр басып, қабылдап алды.

(Жалғасы. Басы 1-бетте)

Су есептегіш құралдарын орнатқанымызда ЖКХ мекемесі құрылғыларды ұрлап кететінін айтып, 210 құралды қайта шешкізіп, өздерінің қоймасына қабылдап алды. Оның арнайы түсірілген бейне нұсқасы да бар», – деп өздерінің бұл істе кінәсі жоқ екенін айтты. Ал Энергетика және инфрақұрылымдар басқармасының бөлім басшысы Мұстафа Телғараев былай деді: «Менің қызметке келгеніме көп болған жоқ, бірақ бұл жағдайдан хабарым бар. Мердігердің айтып отырғаны да дұрыс. Көшеге су тарту жоспарланған уақытта қазіргі электронды су есептегіш туралы талап жоқ еді. Ол Президенттің Жолдаудағы тапсырмасынан кейін қолға алынды. Жұмыс бітіп, нысанды қабылдайтын кезде осы мәселені қайта талқыға салу керек еді. Бірақ, олай болмаған. Қазір су есептегіш құралдар қоймада тұрған шығар. Мәселені ушықтырмай шешуге болады. Ол үшін тұрғындар басқарама басшысына жазбаша арыз жазғандары жөн».

«Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» демекші, тұрғындардың қиын жағдайына жаны ашымағандықтан болар, бұл түйткілдің ертерек шешілуіне не мердігер тарапынан, не басқарма тарапынан әзірге нақты қозғалыс байқалмайды. Ауызша сөз ғана айтылуда. Екі ортада тұрғындар зардап шегіп отыр. Олар қашанғы құрты бар лас су ішулері керек? Алда шіліңгір шілде келеді. Ол кезде жағдай қазіргіден де қиындайтыны түсінікті. Жұқпалы аурулардың жаппай таралу қаупі де жоғары болмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі», – деп қадап атап айтқан болатын. Олай болса «ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін басты факторға» Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың өзі тікелей араласып, ертерек орындалуын назарға алмайынша, оң нәтиже күту қиын секілді. Жауапсыздықтың соңы ауыр зардаптарға ұласып жүрмегей!

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *