Басты жаңалықтар

САНЖАР -МЭР КЕҢЕСШІСІ

Бірқатар ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде елді елең еткізер қызық хабар жарияланды: Санжар Әбішев есімді қандасымыз Ұлыбритания астанасы Лондон қаласындағы Сент-Джеймс деп аталатын аудан мэрінің кеңесшісі болып сайланыпты. Сайлауға түрлі партиялардан 15 үміткер қатысқан, соның үшеуі – Санжар Әбішев, Марк Ангус Ширер және Тим Митчелл әрқайсысы тиісінше сайлаушылардың 974 – 1035 аралығында дауысына ие болып, жеңіске жетіп отыр екен.

Санжар қазақстандық Азат Әбішев деген кәсіпкердің ұлы деседі. Бүгінде жасы 33-те. Ұлыбританияның консервативтік партиясына мүше екен. Сайлау кезінде ол лейбористік партиядан түскен бәсекелестерінен 350 дауыс артық жинапты. Әлеуметтік желіде келтірілген деректерге сенсек, Санжар оқушы кезінен Ұлыбританияда тұрады екен. Беделді колледж бен жоғары оқу орнын бітірген, бірқатар компанияларда маркетолог болып жұмыс істеген. Осыдан он жылдай бұрын өзінің жеке маркетингтік агенттігін құрған. Оған қоса әлеуметтік жобалармен айналысатын қайырымдылық ұйымы жұмыс істейді. Кейінгі төрт жылдан бері саясатта жүр. 2024 жылы консерваторлар  партиясының Сент-Джеймс округі бойынша төрағасы болып сайланған.

Жалпы, бұл округте қызмет атқару жоғары беделді мәртебе саналады. Яғни Сент-Джеймс – Лондонның ең беделді аудандарының бірі. Ол Вестминстер графтығына қарайды. Астананың тарихи аумағында, әйгілі Вестминстер, Букингем сарайларына таяу тұста орналасқан. Король бақтары, Тауэр қорғаны, қымбат отельдер, ірі компаниялардың штаб-пәтерлері, шетел елшіліктері, үкіметтік квартал бар қымбат аудан. Әйгілі қытай Чайнатауны да осында. Бірнеше тарихи аудандармен шектеседі. Вестминстер кеңесіне Сент-Джеймстен басқа да бірнеше округ қарайды, әр округ мэріне 3 кеңесшіден сайланады. Құзірет мерзімі –  4 жыл. С.Әбішев осы Вестминстер атқарушы органының құрамына еніп отыр.

Мұндай қызметкерлерге жұмсаған уақытына өтемақы ретінде жылына шамамен 11 мың фунттай ақы төленеді екен. Егер кеңесші Комитет басқаратын немесе Кеңесте басшы қызметін атқаратын болса, оған қосымша үстеме тиесілі. Яғни мэр кеңесшісі жалақыға тәуелді емес, осындай көлемде өтемақы алады, өзінің негізгі жұмысынан немесе кәсібінен қол үзбейді. Ол жергілікті кеңестерде тұрғындар мүддесін қорғайды, түрлі бағыттар бойынша тиісті шешімдер қабылдауға тікелей қатысады. С.Әбішев сайлаушыларға автотұрақтар мен велотұрақтарды стандарттау, көше тазалығын, тәртібі мен қауіпсіздігін сақтау, жергілікті бизнесті қолдау, есірткіге қатысты қылмыстарға қарсы күресті күшейту, қолжетімді тұрғын үй бағдарламасын жандандыру, баспанасыздарды үймен қамту сияқты көптеген маңызды мәселелер бойынша уәде беріп отыр екен.

Осы тұста Ұлыбритания астанасы жайында да қысқаша айта кетейік. Лондон – үлкен қала, онда бүгінде 10 миллионнан астам адам тұрады. Төңірегіндегі елді мекендердің тұрғындарын қосқанда 15 миллионнан асады. Аумағы 1600 шаршы шақырымды алып жатыр. Өзін-өзі басқаратын 33 әкімшілік аумаққа бөлінген. Инвестицияға аса тартымды әлемдік жетекші қаржы орталығы. Онда көптеген халықаралық сауда компаниялары мен аса ірі жеке капитал иелері тіркелген. Қала тарихы бастауын біздің жыл санауымызға дейінгі 47-ші жылдан алады. Бүгінде «әлем қаласы» деуге келеді, өйткені онда барлық дерлік нәсіл өкілдері тұрады.

Кейінгі он жылдан бері қала мэрі лауазымын түбі пәкстандық азамат, лейбористік партия мүшесі Садик Аман Хан атқарып келеді. Лондон тарихында мэр болып қатарынан үш мәрте сайланған. Еңбегімен жұртқа жақса Лондонда мэрдің ұлтына қарамайды, қайта сайлануына шектеу қоймайды, жеке басында қандай да бір ауыр жағдай болып қалмаса, қызметін атқара береді. Жылдық жалақысы – 170 мың фунт-стерлинг шамасы. Біздің валютаға шағар болсақ (1ф\с=628 теңге), бұл 100 миллион теңгеден асады.

Қазақ баласының білімді, білікті, қабілетті, зерек, сауатты, қысқасы – мықты екенін Санжар бауырымыз тағы да бір дәлелдеп отыр. Ал мұндай азаматтарымыздың есімдерін біз кезінде Ресейде ірі өнеркәсіпті Кемер облысын басқарған, Президенттікке үміткер болған Аман Төлеев ағамыздан бастап ондап-жүздеп келтіре аламыз. Мысалы, АҚШ-ты Джозеф Байден басқарып тұрғанда Президенттік хаттама басшысы болған Әсел Төленованы, Ресейде мемлекеттік лауазымды қызметтер атқарған, мықты кәсіпкер, кезінде «Форбстың» «Әлемнің ең ықпалды 100 әйелі» тізімінде есімі 37-ші болып аталған Гүлжан Молдажанованы, Чехияда министр лауазымын атқарған Жәмила Стехликованы, Өзбекстанда, Қытайда, Монғолияда, Иракта, АҚШ-та, Канадада, Италияда, Германияда, Данияда, Швецияда, Австралияда, Францияда, Сауд Арабиясында, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Катарда, Оманда, Индонезияда, Конгода, әлемнің басқа да көптеген елдерінде көзге түскен мықты саясаткерлер мен менеджерлерді, бизнесмендерді атай аламыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *