ҚОЛДАН ЖАСАЛЫП ОТЫРҒАН ҚУАҢШЫЛЫҚҚА ХАЛЫҚ НАРАЗЫ БОЛЫП ШУ ШЫҒАРУДА
Билік мұны естір емес. Неге?
Редакциямызға Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылының тұрғындары хабарласты. Еккен егіндері шілденің аптап ыстығы кезінде қурап қала ма деп уайымдап отыр. Біраздан бері ауылға су келмеген екен. Мәселеге көз жеткізу үшін біз Қарасуға барып, тұрғындарын сөзге тарттық.
Бұған Түркістан кінәлі ме?
«Біздің ауыл тұрғындарының негізгі тіршілік көзі егін мен мал шаруашылығы, ауылда басқа кәсіп жоқ. Сондықтан біз үшін судың маңызы өте зор. Кейінгі кездері су жетіспей мазаны алып тұр.
Негізі бұл проблеманың туындағанына төрт-бес жыл болып қалды. Биыл су тапшылғы тіпті өршіп тұр. Суға қатысты айқай-шу көктемнен бері толастар емес. Ауыл халқы судың азабын қатты тартуда. «Арықты тазалаңдар» дегесін халықтан ақша жинап, арықтың бәрін тазаладық. Оны мен трактор жалдап тазартқызған болатынмын. Содан суға «төрт күн мына ауылға, төрт күн ана ауылға, төрт күн Түркістанға бөлеміз» деп арнайы кесте қойды.
Су Қарабұлаққа, Ақбұлақ, Ақбастау, Қызылсу, Мәртөбе ауылдарына, біздің ауылға «плотинадан» бөлінеді. Аталған ауылдарда судан проблема жоқ, ал бізге сол айтылған төрт күнде де су жарытып келмей жатыр. Әрқайсысына төрт күннен болғанда он екі күннен кейін келуі тиіс су бізге сол он екі күннен соң да жетпеуде. Мәселені айтып ауылдың әкіміне де, «Су шаруашылығы» мекемесінің аудандық бөліміне де бардық. Ешқайсынан көмек болмады. Қазір бау-бақшамыз қурап жатыр, су жоқ. Не істерімізді білмей басымыз қатты. Судың басында отырған ауылдардың қияр, жүгері, картоп өсіретін егістіктері жайқалып тұр. Ол жаққа Қарабұлақтың адамдары да барып жерді жалға алып гектарлап көкөніс егуде. Пісімшіліктің кезі, бір жағын теріп жатса, екінші жағын суғарып жатады. Олар егістіктерін екі күнде бір суғарады. Ал бізге тіпті болмағанда айына бір мәрте су жіберсе де қуанар едік. Бір арықтың бойында отырып жағдайымыз осындай.
Суды негізінен «Түркістанға жіберіп жатыр» дейді. Олай болмауы да мүмкін сияқты. Су Ордабасы ауданына, Темірланға, Отырар ауданына жеткізілетін шығар, сол жақта жүгеріні көптеп егіп жатыр деп естиміз. Жұрт бәрін де біліп отыр. Маған ауыл тұрғындары күнара келеді, «Ақша жинадың ғой, су қайда енді?!» – деп менен сұрайды.
Жағдай тіпті қиындап кетті. Мал суғаратын да су жоқ. Бұрын өрт қауіпсіздігін сақтау үшін деп те арыққа су жіберетін, қазір ол да жоғалды.

Тұрғындардың үлеске бөліп берілген жерлері бар, оған әркім шама-шарқынша түрлі дақыл егеді. Су азайғасын бақша дақылдарын егетіндер де саусақпен санарлықтай болып қалды. Шығынға баттым деп жылап-еңіреп, түнделетіп ұйықтамай жүрсе де әрекеттеніп бақшасын суғарып жүрген бірен-саран диқандар бар. Негізінен көп адам бақша егуді қойып, жеріне күздік бидай мен жоңышқа еккен. Енді сол жоңышқаны да қуратып алып отырмыз. Оның үстіне биыл көктемнен бері жаңбыр өте сирек болды. Жоңышқамыз да өспей қалды, күйіп кетуде. Су жетіспеуінен ең көп зардап шегіп отырған – біздің ауыл. Ауыл ақсақалдары, беделді азаматтар басу айтып отыр, әйтпесе халық әбден ашынды, көтеріліп кетуі мүмкін. Бұлай жалғаса берсе, арты жақсылыққа апармайды», – дейді ауыл тұрғыны, ақсақалдар ұйымының төрағасы Кәден Тіленшиев (суретте).
Алар өнім еселеп азайыпты
Тұрғындардан естіп-білгеніміз – биыл Ақсу өзенінің суы азайып тұр. Жылда таситын, кей кездері екпіні секундына 27-28 текше метрге дейін баратын су көлемі екі-үш есеге дейін кеміпті. Сол су 12 каналға кестемен бөлінеді. Қарасу ауылының тұрғындары кезегіміз енді келеді деп жүргенде осы жетіспей жатқан суды «Түркістанға жіберіліп жатыр» деп жоқ қылған көрінеді. Ілгеріде, суды осындағы ауыл шаруашылығына шашпай-төкпей бөліп беретін кезде «сброс» деп аталатын, қазір «Түркістанға кетеді» деп айтылып жүрген каналда су сирек жатады екен, оған су негізінен су көбейген жылдары жіберілетін болыпты. Енді кейінгі бес-алты жылдан бері оған су үздіксіз жіберіліп жатыр деседі. Тұрғындардың айтуынша, су жетіспеушілігінен мақсары, арпа, жоңышқа еккендердің егістігі күйіп кетті. Жұрт сатып пайда таппай-ақ, өзінің қолдағы малына азық етер дақылдарды да өсіре алмай отыр. Мысалы, осы уақытқа дейін кемінде үш мәрте орылып алынуы тиіс жоңышқа өспей қалып, бір мәрте ғана орылыпты. Өнім жылдағыдан үш-төрт есе аз. «Осы «Түркістанға айдап жатыр» дегенді тоқтатса екен, сонда біз суды кезекпен ішсек те бір амалдар едік. Соған да разы болар едік. Кезектің үзілгені бізді қатты әбіржітіп отыр. Былтыр ол жаққа су жіберуді жазда бастаған еді, биыл мамыр айынан бастады. Енді кезегімен ішетін суға да зар қып қойды. Бүгінде үйіргелік жерге де ештеңе екпейтін болдық. Бұрынғыдай өнім жоқ. Бақша суғаруға қажет суды «колонкадан» аламыз. Малды да солай, кешке бір-ақ рет суғарамыз. Әйтпесе кей көлшіктегі, жеміс өңдейтін жекеменшік зауыттан шыққан шайынды суды ішкен мал ауырады, өледі. Бізде құдық қазу да қиын, су 100 метрден ары тереңнен шығады.

Суымызға шаруаға нағыз қажет кезінде – әсіресе мамыр мен тамыз айларының аралығында тимесе екен. Басқа кезде қай жаққа болса да ала берсін. Су қоймасын салып, соған жиып алса да болар еді. Ал бізге ол мамыр мен жаз айларында ауадай қажет», – дейді тұрғындардың көпшілігі.
Біз Қарасу ауылының ортасындағы «плотинаны» барып көрдік. «Аламан» деп аталатын каналмен келетін су шлюзден бөлініп, біраз бөлігі Әсіл, Теспе ауылдарына қарай, екінші бір арна суы Қарабұлаққа қарай кетеді екен. Судың басым бөлігі «Түркістанға барады» деген орталық арнадан ағып өтуде. «Осынша судың басында отырып біз суға жарымаудамыз», – дейді К.Тіленшиев.
Біз ауыл сыртын да барып көрдік. Егістіктен біреулер бидай орып алып жатыр. Әріректегі егілген жоңышқаның бойы жатаған, пәс, сирек өскен, сусырап тұрғаны аңғарылады. Ағаштар, бірер жеміс ағаштары да су аздығынан әбіржіңкіреп қалған, осылай кете берсе қурап қалатын. Су жетіспейтіндіктен кей тұстарға ештеңе де егілмепті, оны қураған арамшөп, тікенек басқан. Арықтан су жүрмегеніне көп болғаны оның қаңсып жатқанынан көрініп тұр.
1 гектар жерден өнім алу үшін 200 мыңнан 300 мың теңгеге дейін қаржы жұмсалады екен. Тұқымдық алады, жер жыртады, өңдейді, ұрықты егеді – жалпы шығыны жетерлік. Су жеткілікті кезде 1 гектар жоңышқалықтан 200-ден аса пресс алғандар енді одан 70 – 80 престі әзер алып отыр екен. Орған-тасыған шығынын шегергенде 10 престей ғана пайда тауып отыр деген сөз.
Іргелес ауылдарда су баршылық
Естуімізше, Ақсудан төрт құбырмен тартылған су Шымкентке де жіберіледі. Яғни Ақсу өзені маңайында орналасқан ауылдарды ғана емес, Шымкент қаласын да сумен қамтамасыз етіп отыр. Осындай маңызды өзеннің суы азаюы жұртты қатты уайымдатады. Егістікке су жетіспеуі, оның дұрыс бөлінбеуі көп адамның ашу-ызасын да тудырады. Мысалы, осы Қарасудан аса қашық емес Ақбұлақ, Аққала ауылдарының егістіктері жайқалып тұр. Өйткені су жеткілікті. Төлеби ауданы басталатын тұстағы Сарқырама ауылына дейін барып, жақын маңдағы су бөлетін шлюзді де көріп қайттық. Естуімізше, оған су секундына 7,5 текше метр көлемінде ғана келіп жатыр екен. Су жеткілікті жылдары 20 текше метрден де көбірек келетін судың қазіргі көлемі осындай болып тұр.

Жалпы, «судың басында» отырған ауылдардың мүмкіндіктері жоғарырақ екені байқалады. Кей тұстағы қыр беткейлеріне дейін жасыл желек жайқалып тұр. «Сулы жер – нулы жер» демекші, нәр жеткілікті болғасын дақыл жақсы өседі. Ол жақтың адамдары да еңбекқор, мүмкіндікті пайдаланып, картоп, пияз, жүгері, қияр, қызанақ сияқты түрлі бақша дақылдарын молынан егіп алады. Тіпті бір маусымда екі мәрте өнім алатындары да бар екен. Осыны көріп-біліп, естіп отырған қарасулықтар суды әділ бөлмей жатыр деп жоғарыдағыларға өкпелі. Айтуларынша, су жетіспейтіндіктен тіпті картоп егуді де қойыпты, көпшілігі бидай мен жоңышқа егуге көшкен. Енді жоңышқасына да су жеткізе алмай пұшайман болып отыр.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, ілгеріде суды шаруашылықтарға әділ бөліп отырған «Су шаруашылығының» жергілікті бөлімінің құзіреті қазір азайған. Көмек сұрап барғандарға мардымды жәрдем бере алмайды екен. Облыстық деңгейде ашылған бір мекеменің бұйрығы жүретін көрінеді. Су шаруашылығының жергілікті бөлімі суды содан сұрап алады. Енді ол Қарасуды сумен қамтуда қауқарсыз болып отыр.
Осы орайда біз аталған мекеме басшысы Әмзе Қалмұратовпен телефон арқылы хабарластық. «Аудан әкімімен келісіліп, 20-маусымнан бастап су «сброс» арқылы Ордабасы және Отырар аудандарына алынған. Кесте бойынша 30-маусымға дейін берілді. Су 1-шілдеден бастап өзіміздің ауылдарға толықтай бағытталатын болады», – деп жауап берді ол кісі біздің қойған сұрағымызға.
Қалай болғанда да бұл мәселеге басшылар, тиісті мекемелер тереңірек мән беруі керек-ау. Өйткені су жетпеді деп шулап отырған Қарасу ауылында халық көп, оның төңірегіндегі ауылдарда да тұрғындар тығыз орналасқан. Негізгі кәсіптері – бау-бақша, егін және мал шаруашылықтары. Яғни су оларға ауадай қажет. Сондықтан су жетіспей қала берер болса, арты қолайсыз жайларға апарып соғуы да мүмкін сияқты.
Карьерлер де уайым қосып отыр
Бұл өңірдегі тағы да бір өзекті мәселе – өзен бойында карьерлер көбейген. Карьерден тонналаған тас пен құм артқан ауыр жүк көліктері күндіз-түні әр тарапқа жөңкіліп жатады екен. Тіркемесімен сықай жүк артқан олардың жолмен ары-бері өтіп жатқанын біз де көрдік.
«Қисапсыз құм мен тас қазылып алына бергесін Ақсудың арнасы тереңдеп, екі жағына қарай кеңіп те жатыр. Жұрт судың азаюына осы да әсер етіп, су қашып жатыр-ау деп те болжайды. Адам бәріне көнеді ғой, бірақ сусыз қалуға көне алмайды, көшуге мәжбүр болады. Алдымызда экологиялық апат тұр ма деп те қорқамыз. Ақбұлақтың адамдары осыны тоқтатамыз деп бір көтеріліп еді, тоқтата алмады. Кезекпен жолды жауып, жүргізбей қойып еді, олар жолды басқа жақтан ашып алды. Бұлардың бизнесі жүрсе болды, аларын алады да кетеді. Біз ғой қалатын. Өзенге, жергілікті халыққа обал.

Суға жаны ашитын адам аз. Мысалы, ана бір тұста біреу бассейн салып, қызығын көріп отыр. Бассейндері толғасын артық суды жолға қарай жая салады. Ол асфальтті бүлдіруде. Оның үстіне тас пен құм таситын жүк көліктері де жолға зиянын тигізіп жатыр. Ал оны мемлекет тағы да қыруар қаржы шығындап жамап-жасқайды. Осындай ысыраптың бәрін көріп-біліп отырып көңіліміз құлазып-ақ кетеді. Табиғатқа, елге ешкімнің жаны ашымайтын болды. Осының бәрін тәртіпке, ретке келтіруі тиіс басшылар қайда қарап отыр?» – дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Қарасу ауылының жайын білеміз деп барып жұрттан осындай әңгімелерді де естіп қайттық. Халық өте наразы, ашуға мініп отырған сияқты. Ала жаздайғы еңбегі еш кеткен соң, ертең бала-шағасын қала бағатынын айтып уайымдауда. Сол егістіктен тапқан өнімінің арқасында тіршілік етіп отырған ауыл халқының хәлі күн сайын ауырлап барады. Жергілікті билік бұл жайларға тереңдеп мән беріп, тез арада шаруаның мәселесін шешіп бермесе жағдай ушығып кетпесіне кім кепіл?! Судан шыққан шу оңай болмасы анық. Су мамандары тез арада мәселені шешсе екен дейміз.
Д. НҰРПЕЙІС.