Мәселе

Түркістан: Емханаға тіркеудегі қитұрқылық


— Ало, «Өзге пікір» газетінің редакциясы болса бір мәселе жайында айтайын деп едім…

— Сізді тыңдап тұрмыз.

— Мен медицина саласында жұмыс істеймін, бірақ қай жерде екенін нақты ашып айта алмаймын. Оның себебін түсінерсіздер деп ойлаймын…

Газеттеріңіздің өткен аптадағы санында «Емханаға тіркелудің жыры неге көп?» деген тақырыппен маңызды мәселені қозғадыңыздар. Негізі осыған байланысты қазір неше түрлі құйтырқы, тіпті ұйымдасқан қылмыстық әрекеттер де орын алуда.

Мәселен, мен жұмыс істейтін медициналық мекемеде емхана таңдау акциясы кезеңінде 7 мыңға жуық адам басқа емханаға ауысып кетті. Шындығында олар өз еріктерімен ауысқан жоқ, заңсыз түрде тартып алды дегеніміз дұрыс шығар. Өйткені, сол 7 мың адамның басқа емханаға ауысып кеткенін өздері де білмеуі мүмкін. Неге десеңіз, бізге қаралуға келген адамдардың арасынан өздерінің басқа емхана қызметіне ауысып кеткенін есітіп, бір жағы таң қалып, екіншіден, реніштерін білдіріп жатқандар аз емес.

Ұйымдасқан қылмыс деп отырғаным, мұндай әрекетті әр адамның жеке электронды кілтінсіз ешкім ештеңе істей алмайды. Сонда 7 мыңға жуық адамның электронды кілтін қайдан алады? Әрине, күдік бірден азаматтарға қызмет көрсету орталықтарына, яғни ЦОН-дарға түседі. Осы орталықта қызмет ететін біреулермен келісіп, мыңдаған адамның электронды кілтін алып, өз емханаларына тартып алуы мүмкін. Басқа нұсқаны көріп тұрғаным жоқ.

Мұндай қитұрқы әрекет азаматтардың Конституциялық құқын бұзатыны анық. Сондай-ақ, қаржылық қитұрқылықтарға да жол беріледі. Мәселен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен кешенді жан басына шаққандағы норматив бойынша әр адамға ай сайын 2500 теңге ақша бөлінеді. Бұл ақша азамат қай емханада тіркеуде болса сол мекеменің есеп шотына түседі. Сонда 7 мың адамның ай сайынғы ақшасы 17 млн 500 мың теңге басқа мекемеге аударылатын болды деген сөз. Бұл адамның жеке таңдауынсыз емхана ауыстыру ғана емес, қаржы жымқыру да болып есептелмейді ма? Әлгі электронды кілттерді берген адам да бұл қаражаттан құралақан қалмайтын болса керек.

Ендігі бір мәселе – сапалы қызмет көрсетуге келіп тіреледі. Бірнеше мыңдаған адамды тартып алған жеке емхананың оларға сапалы қызмет көрсету мүмкіндігі бар ма, жоқ па? Өкінішке қарай, мұны олар есепке ала бермейді. Содан келіп ел арасында сапаға қатысты реніш көбейеді. Норматив бойынша 1 учаскедегі 1500 адамға 1 дәрігер мен 3 медбике қызмет көрсетеді. Ал 7 мың адам, яғни 4 учаскенің адамы азайған соң амалсыз 4 дәрігер мен 12 медбикені қысқартуға тура келеді. Бұл оңай шаруа емес, әркімнің бала-шағасы, несие қарызы, басқа да мәселелері бар.

Енді не істеуге болады? Әлгі дәрігерлер мен медбикелер жұмыссыз қалмас үшін адамдарды өздеріне тартып алған емханалар оларды жалақысын кемітпей жұмысқа алуы тиіс. Басқа амал жоқ.

Негізі бұл мәселені тиісті құзырлы органдар арнайы тексеруге алып, мән-жайды анықтап, оған қатысы барлардың барлығын жазаға тартып, жауапкершілікке тартпайынша бұл қитұрқылықтың тоқтамасы анық. Мұның салдары ұлт саулығына кері әсер етері анық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *