Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері білім беру мекемелерінде үнемі түсіндіру дәрістерін, ашық сабақтар, өрт қауіпсіздігі бойынша викториналар, сондай-ақ өрт туындаған жағдайда эвакуациялау бойынша жаттығулар өткізіп отырады. Бала жастан бүлдіршіндердің қоршаған ортаның қауіпсіздігін сақтау, оқыс жағдай бола қалғанда тез арада қандай әрекет істеу керектігіне машықтанып өскені абзал.
Осындай мақсатпен өрт сөндірушілер жақында Шымкенттегі «Жанар» (№44) бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілерімен кездесу өткізіп қайтты. Өрт қауіпсіздігі бойынша кезекті Интерактивті сабақ өткізген мамандар балаларға қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін түсіндірді. Отты абайлап қолдану дағдыларын үйретті. Бұдан бөлек, Шымкент қаласында білім беру саласының қызметкерлеріне де тәжірибелік сабақтар өту ісі қолға алынған. Онда мұғалімдер мен тәрбиешілер өрт қауіпсіздігін сақтау, оқыс оқиға орын алған жағдайда балаларды қауіпсіз жерге тез арада шығару, алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеру қажеттігі түсіндірілуде.
Төтеншеліктер жақында С.Ерубаев атындағы №24 IT мектеп-гимназия базасында Шымкент қаласындағы өзге де білім мекемелерінің басшыларымен, орынбасарларымен және төтенше жағдайдың алдын алу ісіне жауапты мамандарымен кезекті сабақтар өткізді. Сабақ барысында тыңдаушыларға «Жер сілкінісі уақытындағы қауіпсіздік», «Су айдындарындағы қауіпсіздік», «Өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелері», «Алғашқы медициналық көмек» және «Төтенше жағдайларда халықты моральдық-психологиялық даярлаудың негізгі бағыттары» тақырыптарында дәріс оқылды. Дәрісті Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің психолог маманы, Азаматтық қорғаныс басқармасының офицерлері, Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері, Апаттар медициналық орталығы және Жедел құтқару жасағының мамандары өткізді.
Бұл оқу курсы барысында білім беру ұйымдарының қызметкерлері жер сілкінісі уақытындағы қауіпсіздік, өрттегі және судағы қауіпсіздік бойынша білімдерін жаңартты.
Естеріңізге сала кетейік, биыл сәуір айынан бастап Департамент Білім басқармасына қарасты ұйымдарының мыңға жуық қызметкерлерін арнайы курстан өткізіп оқытты. Аталған оқу курсынан өткен қызметкерлер өз жұмыс орындары бойынша ашық сабақтармен тәрбие сағаттары барысында балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға арналған бірлескен іс-шаралар кешенін орындайды.