Қаланың жаңа әкімшілік орталығы саналатын Қаратау ауданының әкімі қызметінен босатылды. Оған түркі болған не жағдай?
12-сәуір күні Шымкенттің «Тұран» шағын ауданында қайғылы жағдай орын алды. Онда су жиналып қалған сырты қоршалмаған шұңқырға түсіп кеткен бастауыш сынып оқушысы мерт болды. «Осы төтенше оқиғаға орай Қаратау ауданының әкімі қызметінен босатылды» деді Шымкент қаласы әкімінің ресми өкілі, әкім орынбасары Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
«Өте қайғылы жағдай. Бәріміз де жауапкершілікті сезініп отырмыз. Оқиғаға байланысты зерделеу жүргіздік. Біріншіден, сол кездегі кәріз жүйесінің 2019-жылы қолға алынып салынғандығын, оның әу баста дұрыс жобаланбағандығын анықтадық. Яғни кәріз суы сол жердегі жолдың жанындағы кәріз жинақтау жүйесіне келіп құйылады. Кәріз суын жинақтау жүйесі барлығы 20 текше метрге есептелінген. Қалдық сулардың көлемі сағатына 60 текше метрді құрайды Сол жердегі насостар сағатына 100 текше метрді келесі 500 текше метрлік жүйеге айдауы керек. Бұл жүйелер дұрыс болмағаны себепті, осы алаңқайда кәріз суының асып төгілуіне байланысты су жинақталатын болған. Аумақтың өзі ойпаң жерде болғандықтан оған жауын-шашын, қар сулары да жиналып, су деңгейі ұлғайып отырған.
2024 жылы сол жердегі жол жұмысын жүргізіп жатқан «Ақжол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жолдың бойынан траншея қазған, өткізу үшін көпір салмақ болған, бірақ жұмыстарды аяқтамай қалдырған. «Ақжол» ЖШС-не бұған байланысты хат жолданған. Кәріз жүйесінің жұмысын жүргізген «Азия РС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де Энергетика басқармасы тарапынан кемшіліктерді жою туралы бірнеше мәрте хат жолданған. Жалпы, ол жердегі жол жұмысы 89 пайызға аяқталған. Бұл мердігердің өз жұмысын уақтылы аяқтамағаны себепті қаңтар айында іс сотқа жолданған.
Қазіргі таңда адам шығынына байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Бұған аталған екі серіктестіктің жауапты қызметкерлері де тартылатын болады деп есептейміз. Біз де өз тарапымыздан кеткен қателікті мойындаймыз. Бұған байланысты баласынан айырылған отбасына, туыстарына қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамыз. Қала әкімі бүгінгі таңда шешім қабылдады. Аудан көлемінде жіберген қателіктері үшін бүгін Қаратау ауданының әкімі жұмыстан босатылды. Энергетика басқармасының басшысына өзінің қызметтік міндетін дұрыс атқармағаны үшін қатаң сөгіс жарияланды. Ал қала әкімінің орынбасарына сөгіс жарияланды», — деді Сәрсен Абайұлы.
С.Құранбек аталған жолға параллельді бағытта диаметрі 1 метрлік құбыр жүргізіліп жатқанын, кәріз жүйесінің жұмысы алдағы уақытта аяқталатынын атап өтті. «Тұран» шағын ауданынан келетін кәріз суының барлығы сол «мыңдық» құбырға барып құйылатын болады. Негізі жұмыс 2023 жылдың аяғында басталған.
«Жобалық-сметалық құжаттарын рәсімдеу, оны конкурсқа салу, конкурста жеңімпазды анықтау – барлығы біраз уақытты талап ететінін ескеретін болсақ, біз бұл тұрғыда өз тарапымыздан қажетті жұмыстарды атқарғанымызды айтқымыз келеді, — деді Сәрсен Абайұлы. — Осы жұмысты біз бір жарым-екі айдың ішінде аяқтаймыз, ол жердегі кәріз жүйесінің проблемасын толықтай шешетін боламыз. Сондай-ақ жауын суларына байланысты да жұмыстарды атқару үстіндеміз. Ол тұсқа келетін жауын суын да біз толықтай жолдың келесі бетіне өткізіп, әрі қарай түсіретін боламыз. Бұл жұмыстар атқарылу үстінде, конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Ал аты аталған «Азия РС» және «Ақ жол» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу амалдары жүргізілетін болады. Жауаптыларды анықтап, кімнің қандай жауапкершілігі бар екеніне қатысты іс сотқа жолданатын болады».
Қала әкімінің орынбасары осылай деді. Ол бұдан басқа да бірқатар мәселелер жөнінде баяндады, БАҚ өкілдерінің қойған бірқатар сауалдарына жауап берді.
Д. ОРАЗ.