Шымкентте Төреқұл Жолтабаров есімді азамат (суретте) тұрады. Бұрын бір мекемеде бірге жұмыс істегенбіз. Ақкөңіл, жұртқа пайдам тисін деп тұратын жан. Кездеспегенімізге оншақты жыл болған осы Төкеңмен таяуда ұшырасып қалып, жағдай сұрастық. Ол кісі бізді таңқалдырып, ойландырып қойған бір жаңалығын айтты. Мүмкін қажет еткендерге пайдасы тиер деген ниетпен Төкеңнің әңгімесін оқырман назарына қаз-қалпында ұсынуды ұйғардық.
Инсульт пен инфарктті қатарынан алған
«Менің жағдайымды білесің ғой, кезінде өзіңе денсаулығым сыр беріп жүргенін айтқанмын. Тым мазамды алған кездері мүмкіндік тигенде дәрігерге қаралып, емделетінмін. Бірақ анау-мынау дәрі-дәрмек, «укол» уақытша ғана әсер бере ме деймін. Бірде ауырып, бірде сауығып жүргенге адам бара-бара үйреніп те кетеді. Кейде оған тіпті мән де бермейсің. Бірақ сол дұрыс болмайды екен. Ауру атаулы сөйтіп жинақтала келе бірде болмаса бірде шалып жығады екен. Менде сондай болды, 2019 жылы ойда-жоқта бірден ауырып, инсульт алып қалдым. Оң жақтан соғыпты. Денемнің бір жақ жартысы жансызданып қалды. Әйтеуір тілім аман, жағдайымды айтып жұртпен түсінісе аламын. Құдай бір сақтаған екен, дәрігерлер инсультпен қатар инфаркт алғанымды да айтты. Содан екі жыл төсекке таңылып қалдым. Абырой болғанда, тысқа сүйретіліп болса да өзім шыға аламын. Басқа кезде төсекте жатамын да қоямын. Дәрігерлер тиісті ем-домын жасады. Арасында емші-тәуіптерге де көріндім. Бірақ солардан маған аса бір тиімді көмек бола қоймаған да сияқты. Маған негізінен есекпен емделгеннің шипасы көбірек тиді», — дейді Т.Жолтабаров.
«Есектің шипасы…». Мұндай сөзге, әрине, таңқаласың. Аурудың азабын өз басынан өткерген адамның бұл тұжырымы ойландырып та қойды.
Төкеңнің жасы қазір 70-ті алқымдап тұр. Ол бұрын милицияда еңбек еткен, көлік жүргізген, басқа да жұмыстар істеген. Ұзын бойлы, ірі жігіт болғаны қазіргі тұлғасынан да аңғарылады. Тек дерт жанына батқаннан азыңқырап қалғаны, қимылы сәл баяулағаны болмаса, ойы орнында, сөзі ширақ. Өзі айтпаса, осыдан біраз бұрын инсульт пен инфарктті қатар алған дегенге сенбестей. Өйткені мұндай дертке ұшырағандардың аман қалғанының өзі төсекке таңылатынын жұрт біледі. Біз де таңқалдық, әрі ақкөңіл ағаның қауіпті дерттен аман қалғанына қуандық.
«Қиналған адамға жаны ашитын, қолынан келсе көмегін аямайтын жандар ел шінде баршылық. Жұрт жағдайымды сұрайды, естіген-білген емші, дәрігер туралы, мұндайда қолдануға болатын ем-дом түрлерін айтады. Бір кісілер ат сатып алып, үнемі мініп жүр деген кеңес берді. Жылқы түлігі қымбат тұрады ғой, оған қарау керек, жағдайын жасау керек. Ойлана келе есек сатып алуды шештім. Біз жақта қазір бұл жануарлар баршылық. Содан бір кісінің есегін 25 мың теңгеге сатып алдым. Жуас екен. Ақырындап үстіне мініп алып біраз уақыт ары-бері жүремін. Бірте-бірте аяқ-қолыма жан кіре бастағандай болды. Ақырында есекке қажетті жүген, ер-тоқымды да өзім жасай алатын халге жеттім. Мініп алып тепеңдетіп біраз жүріп келемін де, үйге таяу тұсқа арқандап қоямын. Жем-шөп сұрамайды. Мұны көрген көрші-қолаң да асынан артылғанын есегіме әкеп беретін болды. Ол бірте-бірте жүні жылтырап, семіріп алды. Менің де жағдайым жақсара түсті», — дейді Төкең.
Демек, бұл – иппотерапия, яғни атпен жүріп оңалуға ұқсас әрекет десек болады. Есектің тепеңдеген жүрісі тірек-қимыл мүшелеріне өзіндік массаж ретінде әсер етіп, қан айналымын қалпына келтірген, ағзаның жансызданған жүйкелерін тірілткен болар. Ол кісінің бастан өткергені мүмкін қажет еткен біреулерге сабақ болар, пайдасын тигізер деген ойдамыз.
