Тыйым – халықтың ақыл-кеңес беріп, үлгі-өнеге көрсетудегі тәрбие құралдарының бірі. Ғұлама ғалым Әл-Фараби айтқан «Адамға бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөздеріне қазақтың тыйым сөздері толық мысал бола алады. «Қайық білмегенін кемеден сұрайды, халық білмегенін көнеден сұрайды» деген нақылды негізге алып, әжелерімізден естігенімізді оқырманға жеткізе білсек деген оймен қолымызға қалам алдық.
Қазақ баласын «ұят болады», «обал болады», «жаман болады» деген үш ауыз сөзбен тәрбиелеген екен. Кеңестік кезеңде өткен балалық дәуренімізде осы үш сөзді көп еститінбіз. Кісінің, үлкеннің бетіне келіп сөйлемеу керектігі санаға сіңгені шығар, «неге?» деген сұрақ қоймайтынбыз. Ал қазіргі заманның балалары, Хадуба әже айтқандай «бәрін іштен біліп туатынына» қоғамдағы қазақ тәрбиесіне кереғар дүниелер дәлел боларлықтай. Бүгінгінің баласына «ұят болады» десеңіз «не үшін?», «мен өз ойымды айтуым керек», «өз құқығымды қорғауым керек» деп қасқайып бетіңе қарап тұрады, «обал болады» мен «жаман боладыны» бұрынғының ертегісі дейді.
Күнкөрістің қамымен таңның атысы, күннің батысы жұмыста жүретін ата-ана бала тәрбиесіне жауапты екенін сезіне білгені абзал. Мектепте мұғалімнің де баланы «тәйт» деп тәрбиелеуі орынды.
Біздің айтарымыз – қоғамдағы жасы үлкендердің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі болса екен дейміз. «Тыңдамаса да айта беру керек», — дейді Хадуба әже. Естіген сөзі санасына сіңсе, есіне ертелі-кеш бір түседі екен. Ертеңгі ұрпақты ел болып тәрбиелеуге атсалысайық!
Осы тұста айта кетер бір ұсынысымыз – қаламыздағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығына балаларыңызды әкелсеңіз, көп мағлұмат алар едіңіз.
Орталықта кездескенше!
Ақмарал Леубаева,
Шымкент қаласы
әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының ғылыми қызметкері.
