Біле жүріңіз

Күбі пісу – нағыз салауатты өмір салты

Ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінде қорасы төрт түлік малдан, күбісі ақтан босамаған. Қазақтың сүт өнімдерінен жасалатын ұлттық тағамдарының көбісі күбіден алынады. Күбі пісу – ұлттық дәстүріміздің бірі.

Бала кезімізде ауылда әрбір үйдің ошағының басында күбі тұратын. Тыным таппай шапқылап жүрген біздерді әже-апаларымыз әлгі күбіні пісуге жегіп қоятын. «Мына күбіні жүз рет піссеңдер кәмпит беремін» деп ынталандыратын еді. Қағазға оралған мәмпәси кәмпитті алу үшін күбі пісетінбіз.

Аналарымыз кешке сауған сүтін қазанға пісіріп, қатық салып ұйытатын. Ұйыған айранды таңертең күбіге құйып, жылы сумен  араластырады. Күбіні бірқалыпты пісу керек. Бабымен пісілген күбіден май түседі. Қызықтың көкесі сол майды алған кезде болатын. Әжеміздің тарамыс саусақтарына жағылған майды жалауға таласатынбыз. Ал қазіргінің баласына май же десең аузын тістеп алатындай қашады. Қазіргі уақытта қала түгілі, ауылда күбі пісіп, май шайқайтындар шамалы. Бәрі токпен істейтін аппаратпен, сепаратормен, кір жуатын машинамен май алады.

Жалпы, еңбекке қатысты дәстүріміздің қай-қайсысына қарасақ та ата-бабаларымыздың оқымай-ақ, ғылым-біліммен айналыспай-ақ денсаулыққа  пайдалы тірліктің көзін таба білгенін байқаймыз. Мысалы, күбі пісу — қолдың, иықтың буындарына, бұлшық еттеріне өте пайдалы.

Кейде күбінің майын, құртын сағынып базардан сатып алған кезде «кім істеді екен, қолын жуып істеген шығар…» деген күмәнмен қарайтыныңыз рас қой. Ал, ас үйіңіздің бір бұрышын ғана алатын күбіні өзіңіз піссеңіз дастарханыңыз өз қолыңызбен дайындаған дәмге толар еді. Уақыт, ақша шығындап спорт залына да бармайтын едіңіз.

Бәлкім, байқап көрерсіз, оқырман!

Ақмарал ЛЕУБАЕВА,

Шымкент қаласы әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының

ғылыми қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *