Басты жаңалықтар Өмірдің өзі

Құстардың қайтуы – құпиялы құбылыс

Күздің алғашқы айы ортасынан ауды, жыл құстарының алды өздерінің қыстап шығатын жағына қарай ұшып жатыр. Қыркүйек айында көшті қарлығаш, қараторғай, бозторғай, шымшық, таушымшық, бұлбұл сияқты жәндіктермен қоректенетін құстар бастайды. Қазір, мысалы, қарлығаштардың алды алыс жол үстінде. Олар үнемі күндізгі уақытта ұшып отырады, баратын жерінің қашықтығына қарай бірі оған 35-42 күнде, енді бірі 2-3 айда жетеді.

Қарлығаштар қысқа қарай Африка, Араб түбегі, Алдыңғы Азия, Оңтүстік-шығыс Азия сияқты тропикалық, субтропикалық аумақтарға қарай ұшады. Жылы жаққа бет алғанда бірнеше күн бойы, ал теңіз үстімен өтер болса, тіпті бірнеше апта бойы тоқтамай ұша береді. Миының жарты шарлары ұзақ сапар барысында кезек тынығып отырады екен. Осылайша олар бірнеше мыңдаған шақырым жолды артқа тастайды. Ал жәндіктермен қоса өсімдіктекті азықтар таусыла келе жылы жаққа қарай тырналар жол тартады. Олар кетер алдында далада, егістік жерлерде шоғырланады да, бас-аяғы жиналып біткен соң дүр көтеріліп, оңтүстікке қарай бет алады. Әуеге көтеріліп алған соң үшбұрыш жасап ұшады. Құстарды зерттейтін мамандардың айтуынша, бұл оларға ұшуды жеңілдету үшін керек. Яғни олар алда кетіп бара жатқан құс қанатынан көтерілген желді өзінің күшін үнемдеу үшін пайдаланады. Үшбұрышты топта ұшу жылдамдығы жеке ұшудағыдан көп артықшылық береді. Ұшу барысында алдыңғылары бірте-бірте артқа қарай ығысып отырады. Тырналар тіпті қазіргідей мизам шуағы кезіндегі ауаның тігінен көтерілген жылуын да шебер пайдалана алады екен. Мұндайда олар әуелеу үшін аса күш салмайды, тік көтеріліп жатқан жылы ауа ағысымен қалықтап тым биікке дейін самғайды. Ал «тыраулау» оларға тәртіпті сақтау, адаспау, жоғалтпау, бір-біріне түрлі құбылыстардан хабар беріп, бағытты сақтап отыру үшін қызмет етеді.

Орнитологтардың байқауынша, сұр тырналардың кей топтары кейінгі жылдары үлкен өзен аңғарларында, Қаратау мен Іле Алатауының күнгей беткейлерінде қыстап қалып жүр екен. Ал денесі шағын, сымбатты ақбас тырна Орталық Африкаға, Шығыс Африкаға қарай жол тартады. Олар сапар барысында Гималай тауларының биіктігі 8 шақырымнан жоғары шыңдарынан да асып ұшады. Олар қыстауға жәндіктері, өсімдіктер мен дақылдары, суы мол кезігетін қоңыржай климатты аумақтарды таңдайды.

Үйрек, қаз, аққу, дегелек, құтан, қоқиқаз сияқты су көздері мен сулы жердің маңын мекендейтін құстар жыл құстарының бәрінің соңын ала жолға шығады. Қысқасы, қыркүйекте басталған құс қайтуы күздің соңғы айы — қарашаның ортасына дейін созылады. Еуразия құрлығының ортасында жатқан қазақтың алып даласы арқылы құстардың африка-еуразиялық, ортаазиялық және сібір-оңтүстіказиялық көшу жолдары өтеді. Олардың бірі Каспий теңізі бағытымен Африкаға қарай кетеді, екіншілері Орта Азияның, Иранның жылы аумақтарына, Қара теңіз бен Жерорта теңізінің маңайына қарай ұшады. Еуропаның, Азияның қиырына дейін барып қыстап қайтатындары да болады. Олар бір ауық азықтанып алу үшін жол бойындағы өзен, көлдерге, сулы-батпақты аумақтарға, су қоймаларына, қамысты, тоғайлы жерлерге, жазық далалар мен тау асуларына, жалпы, суы, азығы жетерлік аумақтарға аялдап, тынығып, күш жинайды.

Жалпы, әлемде құстың 10 500 түрі бар екен. Қазақстанда соның 500-ден астам түрі мекендейді. Осының ішінде тең жартысынан астамы — жыл құстары. Олар бүгінде жылы жақтарға қарай ұшып жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *