Таяуда Алматыға тойға барып қайтқан едім. Билетті пойызға, купеге алғанмын. Жастары 30-дың шамасындағы екі қызбен купелес болдым. Адам жатырқамайтын ашық мінезді жандар екен. Жайдары мінездері тартып, әңгімеге қалай араласып кеткенімді өзім де аңғармай қалдым.
Екеуі де тұрмыс құрмаған екен, Алматыда жоғары оқу орындарын бітірген, жұмысқа да сол жақта орналасып қалыпты. Ауылдарына демалысқа барып қайтқан беттері екенін айтты. Батылданып кетіп, неге тұрмыс құрмай жүргендерін сұрадым. «Жігіт жоқ қой, ағай», — деп күлді бірі, «Жұмыстан қол тимейді», — деді екіншісі.
Мені бұл сөздер қатты ойландырды. Жігіт жоқ емес-ау, қазір жасы 30-дан асқан сүрбойдақтар көп. Өзіміздің де ағайындардың үш-төрт баласы «қыз жоқ», «жұмыстан қол тимейді» деп үйленбей жүргені есіме түсті. «Осындайларды таныстырып, табыстырып жіберсең ғой» деген ой санамда қылаң бергенімен еркек басыммен қыздарға олай деп айтуға ыңғайсыздандым. Әйтпесе әп-әдемі, тәрбиелі қыздар екен, бір шаңырақтың шаруасын дөңгеле тіп әкетуге шамасы келері көрініп тұрды.
Содан бері де біраз уақыт өтті. Сол екі қыз ойыма орала береді. «Жұмыс, үй» деп уақыттары өтіп жатқанын елестеттім. Тәуекел деп аяқ астынан пайда болған ойымды айтып телефон нөмірлерін неге сұрап алмадым деп өкініп қалғаным да рас. Қай қыздың сүйікті жар, аяулы ана болғысы келмейді дейсіз. Көңіліндегідей жігітпен танысып-табысуға шынында да уақыттары жоқ-ау кейбірінің. Маған үйленші деп кімге айта алады олар?
Ілгеріде ел арасында қыз бен жігітті таныстыратын жеңгелері, жеңгетайлық жасайтын адамдар болған ғой. Ал қазір бойдақтардың ісімен ешкімнің шаруасы жоқ сияқты. Осындай қыздар мен жігіттерді қалай таныстырып, табыстырсақ екен деген арман пайда болды менде. Бұл күлетін емес, ойланатын шаруа.
Жеңгетайлықты жандандыруға шақырамын, ағайын! Түрлі себеппен үйлене алмай, тұрмыс құра алмай жүрген сүрбойдақ жігіттер мен қыздарды таныстыруға әрқайсымыз шама-шарқымызша атсалысайықшы. Бұл сауапты іс қой. Мұны тіпті мемлекеттік маңызды шаруа деп те айтар едім.
А. ЕЛІБАЙ.
