Басты жаңалықтар

Сайрамда биогаз зауыты бой көтереді

Мемлекет басшысы өңір мен аймақ басшыларына инвестиция тартуды қатаң тапсыруда. Әкімдердің жұмысы осы тапсырманың орындалуымен бағаланатынын да баса айтты. Себебі тартылған әрбір инвестиция — жаңа жұмыс орны, қазынаға қосымша қаражат.

Сайрам ауданында жаңа инвестициялық жоба қолға алынды. «Sairam biogas and fertilizers factory» ЖШС өңірде интеграцияланған тыңайтқыштар өндірісін қолға алып, биогаз зауытын іске қосуға ниет білдірді. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек компанияның бас директоры Алмаз Туленовпен кездесіп, жобаны іске асыру мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады.

Қ.Қайыпбек өңірде инвестициялық жобаларды қолдауға ерекше мән берілетінін атап өтті. Бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, экологиялық таза энергия өндірісін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін айтып, тиімді жобаларға қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кездесу барысында инвесторлар жобаның негізгі бағыттары мен оны жүзеге асыру кезеңдерін таныстырды. Сонымен қатар жобаны инженерлік инфрақұрылыммен қамту мәселелерін көтерді. Компания аталған жобаға 25 млрд теңге көлемінде инвестиция салуға дайын екенін жеткізді.

Жобаны Түркістан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылдық округінде іске асыру жоспарланған. Кәсіпорынның жалпы аумағы 17,29 гектарды құрайды. 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жылына 4,95 мВТ электр энергиясын өндіруді көздеген жобаны 2027-2029 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске асыру көзделген. Бүгінде инвестициялық жоба Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген.

Кездесу қорытындысында тараптар жобаны тиімді іске асыру бағытында өзара ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *