Мәселе

Кентаулықтар әкімдіктің ұсынысымен келіспей отыр

            Дауға апатты үй себеп болуда

Кешегі аптада редакцияға Кентау қаласындағы Жібек жолы көшесінде орналасқан 39 үйдің тұрғындары қайта-қайта хабарласумен болды. Олардың сөзіне қарағанда бес қабатты тұрғын үйде бүгінде 30-дан астам отбасы тұрып жатыр екен. Бірқатары ақтөбелік сарапшы компанияның «Үй апаттық жағдайда» деп шығарған қорытындысына байланысты баспаналарына кіруден қорқып, көшіп кеткен. Ал басқа барар жері, паналар пәтері жоқ азаматтар үй апаттық болса да қоныс аудара алмай отыр. Жаман айтпай жақсы жоқ, әкімдік мамандары үй құласа, астында адам қалып қоюы мүмкін деген уайым құшағында.

Бұл үйге қатысты даудың басталғанына 5-6 жылдың жүзі болған. Тұрғындар сонау Ақтөбеден құрал-саймансыз келген бір адамның суретке түсіріп, соған қарап шығарған қорытындысын кәсіби сараптама санатына қосқылары келмейді. «Қосымша сараптама жасату керек. Кәсіби мамандар жертөледен топырақ алып, үйдің іргетасы мен қабырғаларын жіті тексеруі тиіс емес пе? Ал ақтөбелік сарапшы жай ғана суретке түсірумен шектелді», — деген уәж айтады тұрғындар. Ал әкімдіктегілер мұнымен келіспейді. Бірақ, екі жақты ортақ келісім болмағандықтан, мәселе 5-6 жылдан бері шешімін таппай келеді. Қыс болса қыр астында. Қар жауып, аяз басталса үй тұрғындарының қиналатыны сөзсіз. Жанайқайға себеп болған үй жағдайын көзбен көру мақсатында кешегі аптада Кентау қаласына барып, екі тараппен де тілдескен едік.

«Осы үйде тұрғаныма 14 жыл болды, — дейді үй тұрғыны Мүбарак Исабаева. — Мен көшіп келгенде үйдің жағдайы қалай еді, қазір де солай. Апаттық жағдайда деп айта алмаймын, бірақ 2018 жылы әкімдік «апаттық жағдайда» деп таныды. Содан бері әкімдік тарапынан «үйді босатыңдар, шығыңдар» деп талап қоюда. Бұл үйден басқа паналар жеріміз жоқ. Негізі біз үйді апатты деп таныған сарапшының қорытындысын негізсіз деп есептейміз. Өйткені, біз сөйлескен сарапшы сараптаманы суретке түсіріп емес, арнайы құрал-саймандармен зерделеу керектігін айтады. Тендерден ең төменгі бағамен ұтып алып, асығыс-үсігіс, құрал-саймандарсыз шығарған қорытындысымен келіспейміз».

Тағы бір тұрғын Лесхан Наурызбаев та үйді апаттық жағдайда деген қорытындымен келіспейді. «Бұл үй апаттық жағдайда емес. 5-6 жылдан бері әкімдіктен келіп, көшуімізді талап еткенімен бізді олардың ұсынысы қанағаттандырмайды. Мәселен, біз 5 бөлмелі үйде төрт жан тұрып жатырмыз, ал ұсынып отырғандары — 1,5 бөлме. Бұл бізді мазақ ету ме, әлде басыну ма?».

Мәлика Садуақасованың жасы 70-те екен. «12 адам бес бөлмелі үйде тұрып жатырмыз, бізге асханасы бөлек деп бір бөлмелі ғана пәтер бермекші. «Симасаңыздар келін-баланы бөлек шығарып жіберіңіз», — дейді. Сонда олар далада қаңғырып қала ма? Үй ешқандай апаттық жағдайда емес, өткенде жер сілкінгенде қарама-қарсыдағы жаңа үйдің адамдары далаға жүгіріп шығып, көліктерінде түнегенде біздің көршілер оны сезген де жоқ. Апатты жағдайда болса сол кезде-ақ сыр беретін еді ғой», — дейді ол кісі.

Гүлжан Бәйтерекова осы үйдің ең байырғы тұрғындарының бірі. Тапжылмай отырғанына 40 жыл болыпты. «Маған да көш дейді, бірақ мен көше алмаймын. Үш бөлмелі пәтерде сегіз жан тұрамыз. Орнына ұсынылған үйді барып көрдім, көңілден шықпады. Аядай пәтерге сегіз жан қалай сыймақпыз. Сол себепті осы пәтерден жылжымаймын. Тұрғындар шымкенттік бір тәуелсіз сарапшымен сөйлескен екен, олар жерді қазып, топырақтан сынама алатындарын, желтөлені, іргетасты, қабырғаны тексеретіндерін айтыпты. Бірақ олар қызметін 9 миллион теңгеге бағалап отыр. Бұл соманы жинап беру бізге ауыр тиеді. Әкімдік болса 300 мың теңгеге сараптама жасатқан. Баға аспан мен жердей ғой. Мұндай сомаға қалай жан-жақты сараптама жасай алады?», — дейді Гүлжан апайымыз.

«Қала әкімінің орынбасары «бұл үй бұзылады деп айта алмаймыз» деген соң «онда апаттық емес екен ғой, отыра берейік» деп кері қайттық. Неге бұзылмайтынын білмедік, бәлкім бізді үйден шығарып жіберіп, кішкене жөндеу жұмыстарын жүргізіп, өзге біреулерге сатқалы отырған шығар, кім біледі? Үйдің жағдайын сараптамадан өткізген маман ғимараттың асты батпақ депті. Осы кезге дейін жертөленің батпақ болып жатқанын көрген емеспіз. Өйткені, мен симаған заттарымды жертөледе сақтаймын. Құрғақ. Оған депутатымыз да куә болған», — тұрғын Марал Сапаркүлиева.

Тұрғындар талабын тыңдағаннан кейін жергілікті атқарушы билік өкілдеріне хабарластық. Кентау қалалық тұрғын үй, коммуаналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұрбол Көкенов дауға себеп болған ғимаратқа қатысты бізге былай деді: «Бұл апаттық үй, оны дәлелдейтін маман қорытындысы бар. Біз оған ешқандай уәж айта алмаймыз. Осыған байланысты қазіргі таңда құрылыс бөлімі арқылы 47 пәтер сатып алынуда. Оларды осы үй тұрғындарына беру жоспарлануда. Бұл кісілердің талабын білеміз, 3,4,5 бөлмелі пәтерлерде 5-12 адамға дейін тұрады. Ал біз ұсынып отырған пәтерлердің барлығы бірдей — ас бөлмені қосқанда 2 бөлмелі, 45 шаршы метрден кем емес. Басқа пәтер ұсыну мүмкіндігі жоқ. Тағы бір ескеретін мәселе — пәтерлер тек заңды түрде кезекте тұрғандарға және өз атында үйі жоқ азаматтарға беріледі. Апатты деп танылған үйде тұрғанымен, тұрғын үй кезегіне тұрмаған немесе өз атына ипотекамен болса да үй алған, туысына алып берген азаматтарға пәтер беру заңға қайшы».

Екі тараптың уәжін тыңдай келе ой түйгеніміз, 3,4,5, бөлмелі үйде тұрып жатқан 7-8 жанның бір бөлмелі пәтерге көшуге құлқы болмайтыны айтпаса да түсінікті. Әкімдік тарапынан қабылданған шешім шикі болған деп ойлаймыз. Даудың жылдарға созылуының да басты себебі осы және ол әлі де жалғаса беретін секілді. Бұл мәселені әкімдік тарапынан арнайы комиссия құрып, оның құрамына үй тұрғындарын да енгізіп, қайта қарау керек. Әрине, заң талабы мұрсат берсе.

Әкімдік тарапынан ұсынылып отырған ғимаратты арнайы барып көрдік. Біз құрылыс маманы емеспіз, алайда, тұрғындар не себепті бұл үйге көшуге қарсылық танытып отырғанын түсінгендей болдық. Бұрын жатақхана болған үйдің ішкі, дәлірегі бөлмеаралық, пәтераралық қабырғалары гипсокартонмен бөлініпті. Ас үйді қоспағанда бір бөлмелі. Қазіргі кезде осы үйде тұрып жатқан тұрғындар пәтерлердің қыста жылымайтынын айтады. Бұл үйден пәтер алғандарына өкініп, мүмкіндік болса көшіп кеткілері келетінін айтады.

Кешкісін апатты деп танылған үйдің тұрғындарын қала әкімі Жандос Тасов қабылдады. Олардың уәжін тыңдаған әкім заң талабына сай тұрғындарға пәтер ұсынылатынын, оған келіспеу тұрғындардың құқы екенін айтты. Сонымен бірге үй кезегіне тұрмағандар мен атында пәтері барларға пәтер берілмейтінін де ескертті. Дейтұрғанмен пәтерлердің қазіргі жағдайы зерттеліп, соған сай ақшалай өтемақы ұсынылуы мүмкіндігін де құлаққағыс етті. Ақырында тұрғындар Ж.Тасовтың қайта сараптама жасалу керек деген ұсынысына келісіп, тарқасты. Әрине, дауға нүкте қоятын осындай ұтымды ұсыныстар емес пе?

Р.S. Біз әкімдік ғимаратынан сыртқа шығарда есік аузында: «Күйеуім дүниеден өтіп, үш баланы жалғыз асырап отырған анамын. Мына үйді әзер сатып алып едім, енді осыдан басқа барар жерім жоқ. Бірақ сіңлім менің атымнан ипотекаға үй алып еді. Әкімнің сөзінен түсінгенім, менің атымда үй бар болып есептеледі екен, енді жағдайым не болады?» – деп жылағандай болған Нәзира есімді келіншекке не айтарымызды білмедік. Заң бойынша атына үй рәсімделген бұл келіншекке пәтер тиесілі емес, сонда ол енді не істеуі керек?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *